Елбасының Жарлығына сәйкес мемлекеттік қызмет органдарының ашықтығын, халық алдында есептігін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте кәсіби мемлекет құруда мемлекеттік қызметшінің мінсіз қызметімен қатар, жариялылығы да қоғам үшін маңызды саналады.
Осыған байланысты межелі уақытта бұқара халыққа есеп берген Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев көпшілікті министрлік тарапынан атқарылған ауқымды жұмыстармен таныс етті. Есеп беру аясында өткен жылғы жұмыс қорытындыларын және алдағы жұмыс жоспарларын баяндаған министр елдегі экономикалық дамудың мән-жайына кеңірек тоқталды.
Осы ретте қалыптасып отырған сыртқы және ішкі даму факторларын ескере отырып, 2016 жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындылары бойынша елдің жалпы ішкі өнімінің төмендеуі биылғы жылғы қаңтар-сәуір қорытындыларымен салыстырғанда 0,4%-дан 0,2%-ға дейін бәсеңдеді. Ал жыл соңында өсу 0,5% деңгейінде болады деп күтілуде, деді Қ.Бишімбаев.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында металлургия және химия өнеркәсібі, тамақ өнімдері мен фармацевтика өндірісі сияқты өңдеу өнеркәсібі саласында өсудің оң қарқыны сақталып отырғанын атап айтты. Оның айтуына қарағанда, өңдеу өнеркәсібінің 0,5%-ға өсуі металлургия өнеркәсібіндегі өндірістің 8,0%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, резеңке мен пластмасса бұйымдарының өндірісі 7,3%-ға, жиһаз 3,3%-ға, ал тамақ өнімдері 3,1%-ға өсті.
Бұдан басқа, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде индустриялық-инновациялық және түйінді инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен негізгі капиталға инвестициялардың жоғары өсуі 10,8% деңгейінде байқалады. Үстіміздегі жылдың
1 маусымындағы жағдай бойынша елдің халықаралық резервтері 94,3 млрд. АҚШ долларын құрады және жыл басынан бері 3,2%-ға өсті, оның ішінде Ұлттық қордың шетелдік активтері 65,5 млрд. АҚШ долларын құрап, 3,2%-ға ұлғайды, деді ол әрі қарай.
Ал өнеркәсіптегі кредиттеу көлемдері 15,7%-ға өскен болса, ауыл шаруашылығында – 39,3 %-ға, көлік саласында несиелеу барысы – 35,7 %-ға ұлғайған. Байланыс пен сауда саласында да кредиттеу көлемі көбейіп отырғаны байқалады. Керісінше, құрылыс секторын кредиттеу 12,7 %-ға қысқарған.
Ұлттық экономика министрінің сөзіне қарағанда, сыртқы күйзелістерге қарамастан әлеуметтік саладағы жағдай тұрақты болып отыр. Жұмыссыздық деңгейі төмен көрсеткішпен сақталуда. Ал жалақы мөлшері 133,8 мың теңгені құрайды. Биыл 1 мамырға дейінгі есеп бойынша еліміздегі халық саны 17753,2 мың адамды құрады. Айтар болсақ, бұл дегеніміз өткен жылмен салыстырғанда 255,1 мың адамға немесе 1,46% өскендігін көрсетеді.
Сонымен қатар, халықпен кезекті кездесу барысында ведомство басшысы Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру туралы баяндады. Кешенді жоспарды жекешелендіруге жататын және бәсекелес ортаға берілетін 783 ұйымнан тұратын тізім айқындалды. 2016 жылдың қаңтар-мамыры кезеңінде 3 млрд. теңгеден астам сомаға 23 нысан жекешелендірілді, деді министр. Әрі қарай аталған жоспар шеңберінде «Самұрық-Қазына» қорының 7 компаниясы 2020 жылға дейін IPO-ға шығарылатындығын жеткізді. Олар «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомӨнеркәсіп», «Самұрық-Энерго», «Тау-Кен Самұрық», «Қазпошта» және «Эйр Астана» компаниялары. Осыған байланысты бүгінгі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде, активтерді сатуға шығаруға одан әрі дайындау үшін тәуелсіз кеңесшілер тартылуда.
Министрдің айтуынша, тұрақты түрде Премьер-Министр төрағалық ететін Экономиканы жаңғырту мәселелері жөнінде мемлекеттік комиссияның отырыстарында баланстық құны 5 млрд. теңгеден астам ірі компанияларды, сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» қорының активтерін сату мәселелері қаралады. Қазірдің өзінде «Самұрық-Қазына» қорының шаруашылық қызметті жүзеге асырмайтын немесе бизнесті одан әрі дамыту перспективасы жоқ 59 еншілес және тәуелді ұйымдарды жабу туралы ұсыныстары мақұлданса, тағы 12-сі трансформациялау бағдарламасы шеңберінде құрылысын оңтайландыру мақсатында қайта ұйымдастырылатын болады.
Ал жеке тұрғын үй салуға берілген учаскелерге инфрақұрылым өткізуге биыл 24 миллиардқа жуық теңге бөлінбек. Елімізде тұрғын үй құрылысын дамытуға ерекше назар аударылуда. Министрліктің деректері бойынша, ағымдағы жылдың бес айында 3,9 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 20,2%-ға артық. Нәтижесінде 33 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартып отыр.
«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қазақстан ипотекалық компаниясының желісі бойынша биыл жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 22,5 млрд. теңге бөлінді. Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша 371,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осы арқылы 6 521 отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік болады, деді Қ.Бишімбаев.
Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында 410 пәтер пайдалануға берілді. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Қызылорда облыстары, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларында 345,1 мың шаршы метр немесе 6111 пәтердің құрылысы жүріп жатыр.
Қ.Бишімбаев экономиканың өсуі үшін ынталандырулардың бірі – тұрғын үй құрылысын ұлғайту, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы екендігін нақтылады. Бұл ретте құрылысқа бөлінген алқаптар тұрғын үйлер салу алдында инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс.
«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды және экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету барысында бірқатар жұмыстар көзделгенін айта келе, министр ағымдағы жылғы қыркүйек айында 2016 жылға арналған республикалық бюджет нақтыланатынын жеткізді. Бұл кірістер бойынша болжамды ұлғайтуды және 2015 жылдың пайдаланылмаған қаражатын тартуды көздейді. 144,5 млрд. теңге көлеміндегі қосымша қаражат 2016-2017 жылдары экономиканың өсуіне мультипликативтік әсері бар «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуге, агроөнеркәсіптік кешен және өңдеу өнеркәсібінің жобаларын қаржыландыруға бағытталатын болады. Сондай-ақ, экономиканың өсуіне жылдам әсер ету үшін биылғы жылдың екінші жартысында ішкі сұранысты ынталандыруға Үкіметтің арнайы резерві есебінен 91,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бағытталмақ.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»