04 Ақпан, 2011

Кемеңгерліктің кемел көрінісі

448 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
ОТАНДАСТАРЫМЫЗ ЕЛБАСЫ ШЕШІМІН ОСЫЛАЙ БАҒАЛАП ОТЫР

ХАЛЫҚТЫҢ НИЕТІ – ЕЛБАСЫНА ДЕГЕН ҮЛКЕН СЕНІМІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуел­сіз­дік алғалы бергі жүргізген реформалары өз жемісін беріп келеді. Еліміз алдыңғы қатарлы елдер санатына қосылды. 1997 жылғы халыққа ар­наған алғашқы Жолдауында Мемлекет басшысы: «2030 жылы біздің ұр­пақ­тарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қа­лып қоймайтын елде өмір сүретін болады», деген еді. Бұған кезінде күмән келтіргендер де болды. Бірақ біз бұл мақсатымызға 33 жылда емес, бір мүшел жастың өзін­де жеттік. Бұған дәлел – 56 мемлекеттің басшылары мен ха­лық­аралық ұйымдардың басшы­ла­рының қатысуымен Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті. Оған дәлел – республика­мыз­дың барлық өңірлеріндегі қазіргі талаптарға сай салынған мектептер мен балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары, тұрғын үйлер мен көптеген инфрақұрылымдар. Оған дәлел – халықтың жалақы­лары­ның көтерілуі мен зейнет­ақы, жәрдемақылардың өсуі. Оған дәлел – үдемелі индус­трия­лық-инновациялық бағдарлама­ның қабылдануы және алғашқы жыл­дың өзінде 152 инвестиция­лық жобаның іске асуы. Оған дәлел – еліміздегі бар­лық этностардың ауызбіршілікте, тату-тәтті өмір сүріп жатқаны. Оған дәлел – Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанды және қазақ халқын дүние жүзіне танытуы. Оған дәлел – 1994 жылы жан басына шаққанда ІЖӨ 700 доллар болса, үстіміздегі жылы ол көрсеткіш 9000 долларды құрап отырғаны. Мұндай жетістікке әлемнің көптеген елдері жетпеген. Оған дәлел – еліміздің халықаралық резерві 60 млрд. долларға жеткені және шетелден келген инвестицияның жалпы көлемі 120 млрд. доллар болға­ны. Бүгінгі таңда әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін экспорттаудамыз. Осындай жетістіктерге жеткізген Елбасын халқы құрмет­теп, жұрт алдындағы аңсаған арманын орындасын деп президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту мақсатында референдум өткізу керектігін алға тартты. Бастамашы топтың осы ұсынысын Қазақстан Парламенті, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар бірауыздан қол­да­д­ы. Еліміздің тұрғындары да тү­гелге жуық жүрекжарды пікірлерін жеткізді. Парламент өз өкі­лет­тілігін пайдаланып Заң қабыл­дады. Алайда, Елбасы көрегендік шешім қабылдап, зайырлы, құ­қық­тық мемлекеттің басшысы ре­тінде референдумнан бас тар­тып, сайлауға түсетінін мәлім­де­ді. Елбасы қашанда халқымен бірге. Оған дәлел күні кеше референдум өткізуге өз еріктерімен қол қойған 5 миллионнан астам тұрғынның қолдауы дер едім. Халықтың ниеті – Елбасына деген үлкен сенімі, келешегін тек Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған мақсаттарының орын­дауы­нан күтетіндігі. Алдағы уа­қыт­та да халық бір ауыздан Президентімізді қолдайтынына сенімдімін. 31 қаңтар күні Елбасы хал­қы­на Үндеу жолдауының арқасында бірнеше түйінді мәселені қатар шешіп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы ең алдымен халықтың ықыла­сы­на айрықша құрмет білдірді және Ата Заңды ардақтаудың үлгісін көрсетті, демократиялық қағидат­тарға адалдығын, бүкіл өрке­ниет­ті әлем ұстанатын құндылық­тар­ға құрметпен қарайтынын анық жеткізді. Осы мақсатта Елбасы­мыз өзінің заңды президенттік өкі­леттігін өз еркімен екі жыл­ға шегеруге барып отыр. Мемлекеттік маңызы зор мәселені шешу қашанда оңайға соқпайтыны белгілі. Шын мәнінде Конститу­ция­лық Кеңес олқылықтарды ата­ғанмен, осы мәселеде ре­ферендумды өткізуге болмайды деп кесіп айтқан жоқ. Президентіміз үшін бәрінен бұрын елдің ертеңгі келбеті, азаматтары­мыз­ды Конституцияны берік ұстануға тәрбиелеу аса қымбат болып отырғанын байқадық. Толғақты ойдың тоқтамын жасаған Елбасы Парламентке «Қа­зақстан Республикасының Конс­титуциясына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Респуб­ликасының заңының жобасын ұсынды. Ол заң жобасында Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық ал­ғышарттарын белгілейтіні қа­рас­тырылған. Парламент палата­ла­рының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтыру енгізу туралы» заң жобасы талқыға түсті, бірінші және екінші оқылымда қаралды. Осы Заңды Парламент қабылдады. Сөйтіп, Сенат пен Мәжіліс қай кездегі саяси сындарлы жағдайларға да бейімделіп, жұмыс істей алатынын дәлелдеп отыр. 2 ақпан күні Мемлекет бас­шы­сы Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің кезектен тыс сай­лауын тағайындауға және конс­титу­циялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізуге ба­ғытталған «Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына толық­тыру енгізу туралы» Заңға қол қойды. Ел Президенті Н.Назарбаев­тың: «Мен Қазақстан халқын мәдениетті, білімді, денсаулық­тары мықты, әлем халықтары санасатын азаматтар болса екен деп армандаймын», деген сөзі бар. Осындай ойдан өрбитін Елбасы­ның халқына арнаған жүрекжарды және бір сөзі жадымызда. Ол: «Мен барлық ғұмырымда мемлекет мүддесі үшін, ел игілігі үшін қызмет еттім», – деді. Осыдан артық қандай бақыт керек?!

Өстемір БЕКТӨРЕЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.

* * *

АДАЛДЫҚТЫҢ ӘКЕСІ ДЕ АТАСЫ

Қазақта әке деген, ата деген екі сөз бар. Бірінсіз екіншісі болмайтын, бірін айтпасаң, екіншісі де айтылмайтын, мағынасы ашылмайтын егіз ұғым. 75-тен асқан ақсақал ретінде мен демо­кратиялық жолмен сайланған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың ел мүддесіне, әділет үрдістеріне қалт­қысыз берілгендігін адалдық атаулының әкесі деп те, атасы деп те бағалар едім. Соған қарап мен осы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы тек қана таза шынайы адалдықтан сомдалып соғылған, адалдықтың тура өзінен жара­тылған ба деп қаламын. Өткенді ой көзімен шолып өтейікші. Тәуелсіздігіміздің  20 жылдығын атап өткелі отырмыз. Осы уақыт ішінде ел өмірі түрлі оқиғаларға толы болды.  Ол оқиғалардың бас қатырған қиыны да аз болмаған екен. Сондай қиын сәттерде Ел­басымыздың сарабдал саясаты, алысты болжайтын біртуар көре­гендігі елімізді дұрыс жолға салып, биіктердің ең биігіне бастап отырды. Қазақстанды мекендеген сан ұлыстың  өкілі Елба­сымыздың кемеңгерлігін көзбен көріп, бастарып иіп, соңынан ерумен, қалтқысыз көңілмен тағзым етумен келеді. Кәдімгі пендешілік тұрғыдан қарағанда, біздің Қазақстан сияқ­ты көпұлтты елде бүкілхалықтық сайлау өткізу де оңай шаруа емес. Сайлау болған соң оның бәрін бірдей ескеруге ақыл-ой мен батыл болжамдардың қауқар-құлашы жете бермейтін тосын тұстары да кездеспей тұрмайды. Соның бәрін көре-біле тұра Ел­басымыз өзін үлкен сынға салып, өз өкілеттігінің екі жылға қыс­қаратынына қарамастан, елімізде референдум емес, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өт­кізуді ұсынып отыр. Бұл ненің белгісі? Ең алды­мен, бұл Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың өз халқына күмәнсіз сене­тіндігінің белгісі. Халқына деген, халқының қалауына деген берік сенім иесі ғана осындай қадамға, түптеп келгенде, нағыз демокра­тиялық қадам жасауға тәуекел ете алады. «Бізді біріктіретін жолды ұсы­намын» деп аталатын үндеуінен оның бүгінгі ұрпақтың қамын ғана емес, болашағымызды да ойлап шешім шығаратынын аң­ғару қиын емес. «Бір жағынан, мен сайлаушылардың басым көп­шілігін құрайтын бүкілхалықтық бастаманы кері қайтара алмай­мын», дей келіп, мәселенің екінші қырын, – Мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмаймын» – деп түйіндейді. Бұдан асқан адалдық, бұдан асқан әділдік болмайды. Елбасы­мыздың Қазақстан халқына арнаған соңғы үндеуінен мен осыны ұғып, осыны түйдім. Осындай теңдесі жоқ батыл шешім қабылдап, әділеттің ақ жолын нұсқай білетін басшының соңынан ерудің өзі үлкен бақыт емес пе!

Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ, еңбек ардагері.

Алматы.

* * *

ОТАНЫМЫЗДЫҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ҚАЖЕТ ҚАДАМ

Бірқатар халықаралық ұйым­дар мен еліміздегі кейбір саяси партиялар Президенттің өкілет­ті­гін ұзарту туралы референдум өт­кізу мәселесіне сын айтқандары жасырын емес. Бүгін соның орны толтырылды деп есептеймін. Мұны айтып отырған себебім, ре­ферендум өткізу жөнінде бастама көтерілгенде, шетелдік бір­қатар БАҚ-тар оның демо­кра­тияға сәйкес келмейтініне қатыс­ты пікірлер білдірген болатын. Міне, енді, басқаша болады. Ха­лық­аралық қоғамдастық Қа­зақ­­стан­ның демократиялық сай­лау өт­кізу арқылы өзінің өр­ке­ниетті елдер қатарына қосылуға ұмтыл­ға­нын тәжірибе жүзінде мой­ын­дай­ды. Біз, депутаттар Пре­­зиденттің мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу ту­ралы ұсынысын бас­шылыққа ала отырып, еліміздің Конститу­ция­сына толықтыру енгіздік. Өйт­ке­ні, бұл Тәуелсіз Қазақ­стан­ның болашағы үшін аса қажет.

Валерий ДОСКАЛОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.

* * *

ЗАМАНА ЗАҢҒАРЫ

2009 жылдың 10 қыркүйегінде Ақтөбе қаласындағы жаңадан салынған сулы-көгалды саябағында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездесуге жиналған 30 мыңға тарта халық алдында менің сөз сөйлеуіме тура келді. Ондағы сөзімде: «... Біз Сіздей Президентімізбен қуанамыз, мақтанамыз. Бүкіл әлем саясаткерлері Сіздің ғажайып реформаторлық, басқарушылық, көсемдік қырларыңызды өте жоғары бағалап, бас июде. Қазақстан келесі жылы ірі халық­аралық қауымдастықтың төрағасы болмақ. Бұл еліміз үшін зор абырой, халқымызға зор мәртебе. Сіздің, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, өз Отаныңызды, халқыңызды, туған жері­ңізді шексіз сүйетініңіз бізге айқын. Елі­міздің Сізге деген сезімі де дәл сондай. Бүгінгі жағдайда «Қазақстан» және «Назарбаев» деген түсінік-таным біртұтастық мазмұнда, бір парақ қағаздың екі бетіндей болып қабылданған. Сіз он сегіз жылдық Президенттік кезіңізде елімізді бұрын-соңды болып көрмеген биіктерге жеткіз­ді­ңіз. Бұдан да әрі көтеру шараларын алу­дасыз. Қазір халықаралық дәрежеде мой­ын­далған еліміздің шекарасы, Консти­ту­циясы, барлық салалар бойынша қабыл­данған заңдары, өскелең экономикасы әлемдік өркениетте үйлесімділігін тауып, гүлденіп келе жатқан мәдениеті, еңсесі биік халқы бар Қазақстанымыз, болашағы бұдан да зор болар мемлекетке айналып отыр. Алла тағала Сіздің пешенеңізге қан­ша өмір жазған болса, сонша жылдар елімізді басқара беріңіз...» деген едім. Кез келген қазақстандықтан «Президенттікке кімді қалар едіңіз» – деп сұраса, ол мүдірместен Назарбаевты атаған болар еді. Елбасымыз он сегіз жыл билік басын­да отырғанда халықпен біте қайнасып кетті. Қазақстан өз дамуының жаңа бір биік белесіне аяқ басқалы тұр. Сондықтан да, дәл қазіргі кезеңде бізге күшті Қазақстан керек. Күшті Қазақстанға күшті Президент керек. Осындай Президент тек қана Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Халықтың Нұрсұлтан Әбішұлына деген ілтипаты мен ықыласы зор. Ақтөбе хал­қының көпшілігінің, әсіресе, жастары­ның ойы бұл. Мен осы халық ойын жеткізуді борышым деп есептедім. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды Ұлы Перзентіміздің бастауымен Қазақ­станымыз небір ғаламат қиындықтарды жеңе отырып, бүгінгі күні дүние жүзі мойындаған мемлекет қатарына қосылып отыр. Қазақ өткенімізді саралап, бүгінгісін қолымен жасап, болашағына зор сеніммен қарайтын халық. Осы сенімге жол салған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың 19 жыл бойы талмастан жүргізген даналық саясаты екендігін, оның елімізді бір сатыдан екінші сатыға, бір болмыстан жаңа бір мазмұнға жеткізіп отырғандығын барша халық жақсы біледі. Кешегі Қазақстанның төрағалығымен дүниені дүр сілкіндіріп өткен ЕҚЫҰ Саммиті ХХІ ғасырдың басындағы теңдесі жоқ ұлы оқиға болды. Елімізде осыған қуанбаған, жүрегін мақтаныш кернемеген бірде-бір адам болмаған шығар. Еліңнің еңсесі көтерілсе, 60-қа тарта мемлекет­тер­дің басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері «Бәрекелді, Қазақстан, жарайсың, Нұрсұлтан Назарбаев», деп жатса, өздерінің сүйсінгендерін білдіріп жатса қалайша қуанбассың, қалайша мақтан­бас­сың. Бұл Егемендігіміздің жеңісі, соның тұтқасын ұстаған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтанның жеңісі! Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ халқының тілін, тарихын, ғылым-білімін нығайтуда атқарған еңбегі айрық­ша. Оның «Қазақ қазақпен қазақша сөй­лесуі керек» деген тарихи сөзі ұлттық ұранға айналып кетті. Елбасымыздың көтерген «Мәдени мұра» идеясы аясында бұрын-соңды болмаған істер тындырылды. Нұрсұлтан Назарбаев – халқымыздың бақытына дүниеге келген Ұлы Тұлға, Замана Заңғары. Ол халықпен біте қай­нас­қан, өресі биік, солай бола тұра, барынша қарапайым, кішіпейіл, дандайсып ма­сай­ра­майтын алтындай жұмсақ, солай бола тұра тегеуріні қатты, ой-білімі мұхиттай терең, өресі Асқар Алатаудай биік, бүкіл әлем сиярдай жүрегі кең, жайдары, жүзі жарқын асыл жан! Нұрсұлтан Әбішұлы референдум өткізуден бас тарту арқылы ел Конституциясына, демократияға деген адал­дығын тағы да дәлелдеп отыр. Мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізуді өте орынды деп білемін. Референдум бол­сын, сайлау болсын, халықтың Н.Назар­баев­ты қолдап дауыс беретініне еш күмән жоқ.

Зәкіратдин БАЙДОСҰЛЫ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры.

____________________________ Шетелдік саясаткерлер не дейді?

БҰЛ – ӨТЕ ҚҰПТАРЛЫҚ ШЕШІМ

Филип Кроули, АҚШ мемлекеттік хатшысының жұртшылықпен және баспасөзбен байланыстар жөніндегі көмекшісі: – Біз Қазақстан Үкіметінің ұлттық референдум өткізбеу туралы шешім қабыл­да­ға­нын білеміз және де біз мұны Қазақстанның оң шешімі болды деп ойлаймыз.

(Euronews, Radio Free Europe, Reuters, State.gov, Central Asia Newswire, The Moscow Times, Интерфакс,  Газета.ру, Новости РАА,  Итар-Тасс, Regnum, Регионы, Биржевой лидер, Лента.ру, Час (Латвия), Ca-news, Trend, Азаттық радиосы).

* * * Пьер Морель, Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі: – Еуроодақтың рөлі өзінің стандарттарын тықпалау емес, мемлекеттерге біздің ортақ құнды­лық­тар мен халықаралық міндеттемелерді бөлісе­тіндігімізді қаперге салу екенін атап өткен жөн. Бұл  бірдей нәрсе емес, сіздер референдумның пай­дасына 5 миллионнан астам қол жиналғанын білесіздер. Сонымен қатар, ел Парламенті бірауызды пікір танытты. Сондықтан қандай да бір жағдайда параллельдер жасау, жұмсартып айтқанда, қарадүр­сін болып шығар еді. Менің жалғыз айтатын нәрсем сол, Еуроодақ пен Қазақстан Президент қабылдаған шешім арқылы дәлелденген ортақ құндылықтарды бөліседі.

(Ca-News Trend).

* * * Дэвид Лидингтон, Ұлыбританияның ЕО істері жөніндегі министрі: –   Мен Қазақстандағы Президенттің қыз­мет мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту жө­нін­дегі соңғы оқиғаларды мұқият қадағаладым. Конс­ти­туциялық Кеңестің ұсынылған референдум өткізуді заңсыз деп тапқанына орай Президент Назарбаевтың үсті­міз­дегі жыл­дың соңына дейін Президенттік сайлау өт­кі­зу туралы жариялаған бастамасын құптай­мын. Бұл Қазақстанның демократиялық ба­ғытқа жақын­дығын қуаттаған маңызды қа­дам болып табылады. Қазақстан билігі ха­лықаралық стандарттарға сай келетін сайлау өткізуді қамтамасыз ету жолында біздің  то­лықтай қолдауымызға сене алады.

(Ұлыбритания миссиясының БҰҰ-дағы ресми сайты, UPI.com).

* ** Вальтер Швиммер (Австрия), Еуропа Кеңесінің бұрынғы бас хатшысы: –  Президент Назарбаев өзін нағыз саясаткер және ұлтының данышпан көшбасшысы ретінде көрсетті! Өзі атап айтқанындай, қиын да күрделі саяси жағдайда ол демократиядан сабақ беріп, сол қа­дамымен «Еуропаға жол» бағытын және демократия қағидаттарын жүзеге асыруды жал­ғастырды.  Қазір, бүкіл әлем назары мемлекет басшылары өз хал­қы­ның талап-тілегіне құлақ аспаған, өзінің елін демо­кратиялық болашаққа дайындамаған елдерге ауып отырған шақта, Президент Назарбаев демократия­лық басшы­лықтың тамаша үлгісін көрсетті. Осы айтқандарыма өзімнің жеке құттық­тау­ымды қоса отырып, Президенттің өте да­нагөй шешіміне көңілім толатынын білдіремін.

(Қазақстан Республикасының Австриядағы елшілігінің атына жолданған ресми хабар).