Қазақстанда халық саны аз, барлығы 16,0 млн. ғана. Бұл жер жүзіндегі бір ғана ірі қаланың халқы. Жеріміз өте үлкен. Жер асты, жер үсті игерілмеген шикізат байлығы орасан көп болса да, соны ұқсатып, іске асыра алмай отырмыз. Бұған кінәліні сырттан іздемеген жөн болар.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауында ауыл мәселесіне назар аудара отырып, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе арттыру керек екендігін атап көрсетті. Бұған қалай қол жеткізуге болады?
Біздің жұмыс істеудегі олқылығымызды Кеңес одағы да өз заманында шеше алмағаны өтірік емес. Кеңес өкіметі ол кезде әркімнің іскерлігімен, өнертапқыштығымен, ақылды шешімділігімен өз тұрмысын түзеп әкетуіне, жеке меншікке рұхсат етпеді. Бәрі үкіметтікі, бәрі қоғамдікі. Біз осындайдан дамымай қалдық.
Қоғам мүддесі мен жеке меншік мүдде екі түрлі. Үкімет мүдесіне ешкімнің жаны ашымайды. Жеке меншік өз мүддесіне бар жан-тәнін салып қорғайды. Бұрынғы заманда біздің басшыларымыз жаны ашып жұмыс істемеді. Ал істесе талан-тараж ұйымдастырып, өз мүдесін түгендеді. Кабинеттен-кабинетке қағазды домалатудан қолдары босамады. Содан жұмыс жүрмеді. Біз осы жаттанды әдістен әлі шыға алмай келеміз. Бұрқыраған қағаз көп, іс жоқ.
Біз осы уақытқа дейін шет елдің тез дамыған тәжірибесін, оны дамытқан әдістері мен құралдарын, шағын зауыт цехтарын барып көрген жоқпыз. Өзіміз олардай істей алмадық. Олардың да жақсы-жаманы, өнімсіз-өнімді құралдары бар. Біз солардың жетістігі көбін, пайдалысын таңдауымыз керек. Соларды сатып әкеліп, өзімізге орнатуымыз керек. Олардың тәжірибесі мол мамандарын шақырып әкеп, солардан үйренуіміз керек. Олай істемесек біз сол бұрынғы қалпымызда дамымай тұра береміз.
Балтық теңізі жағалауындағы Латвия, Литва, Эстония елдерінде теңіз балығы мен торфтан басқа өнім жоқ. Бізден арзанға әкеткен тері мен жүнді өңдеп, иіріп тоқыма өнеркәсібін дамытты. Сол матадан киім тігіп сатты. Сырттан тасып әкелінген шикізатты өңдеумен дамып, алға шығып кетті. Біз неге солай істемегенбіз? Шикізат біздің Қазақстанда орасан көп, олай болса, біз неге дамымай қалдық?
Мен ауылдық жердің адамымын. Менің туып-өскен елімде даланың табиғи байлығы орасан мол. Соны өңдеп, іске асырып, ел игілігіне жаратып ұсынатын бастаушы, яғни елдің көсемі табылмай тұр. Сондықтан шет мемлекет кәсіпкерлерінің қолына түспей жатқан мол шикізат байлықты тастап жергілікті халық жан-жаққа көшіп жатыр. Аңның да, құстың да, малдың да, адамның да соңына ергендерді пайдалы іске бастайтын көсемі болады. Мен елдің жергілікті тұрғындары жан-жаққа көшіп, тарап кетпей тұрғанда, солардың ортасына барып, ұйытқы болғым келеді. Өзім ауылда туып-өстім. Сондықтан ауылдың да, қаланың да тұрмысын жақсы білемін. Өсірген ұл-қыздарымды қатарға қосып, өз орындарына таратып, ата-аналық өз парызымнан құтылдым. Өзім де тоқтасқан жасқа келдім. Қазіргі жаңа заманда бұрынғыдай орынсыз көп шектеу жоқ. Кім не істесе де өз еркі. Осындай еркіндікте күніңді көре алмасаң өз обалың өзіңе. Осындай еркін тұрмысты әкеп бергеніне Президент Н.Назарбаевқа мың да бір рахметтен басқа айтарым жоқ.
Елдің ортасына барып, жаны ашитын ағайын-іліктерімнің басын қосып, өз иесін таппай қор болып жатқан мол шикізатты өңдеп, халық мүддесіне ұсынып, соның табысымен өзімді әрі әр жерде жүрген ұл-қыздарымды ауыл өнімдерімен асырағым келеді. Осы жасқа келгенше біраз жерге барып шапқылап жүргенде өз елімізде, шет елдерден көрген тәжірибелерімді іске асырып, елдегі мол шикізат байлықтарын өңдейтін станок, шағын құрал-жабдықтарды жинақтап, елге әкеп орнатып, соларды үйретіп, қатарға қосқым келеді. Өзіміздің елдің әр жерінен, алыс-жақын бірнеше шет елдерден осындайды бізге үйрететін жақсы тәжірибелі мамандарды уақытша шақырып әкеліп, содан үйренбейінше біз алға жылжи алмаймыз. Біздің елдің адамдарында тәжірибе жоқ. Содан да біздің ісіміз жүрмей отыр. Біздің жақта көл көп, онда өскен қамыс-қоға көп. Солар жылда қурап текке жатыр. Соларды ұқсатып өңдейтін станогі мен маманы болса, құрылысқа жетпей алыстан қымбатқа сатып әкеп жатқан ДВП, ДСП, қағаз жасауға әбден болады. Ауыл малдарының көп жүндері еш жерге өтпей, үйіліп шіріп жатыр. Бұрын Кеңес одағы тұсында сол жүннің әр қылшығы есепте болатын. Соны өңдеп жатқан бұрынғы зауыт-фабрикалар қайда?
Ауылда жазда әр үй 5-10 сиыр сауады. Қалған көп сиырларды саумай бұзауымен бос жібереді. Олардың сүті өңделмейді. Жаздағы көп сүт қыста болмайды. Оны ұзақ сақтау қиын. Жаздағы мол сүтті, сол сияқты көп қымызды консервілеп, ұнтаққа айналдыратын құралы мен маманы жоқ. Мұны да іске асыру қиын емес. Соны ұқсатып, елге көрсететін маманды табу керек.
Ертеде саяси қуғыннан шет елге қашқан қазақтар Түркия еліне барып паналап, мал терісін өңдеп күндерін көрген. Оны жақсы меңгергені сондай, дүние жүзінің бәріне тері өнімдерін қалай шығаруды осы қазақтар үйреткені тарихта бар. Сиыр терісін 7 қабат етіп бөліп шығарып, содан әртүрлі киімдер жасаған. Соны біз көп терінің ортасында отырып білмейміз. Тері өңдеуді шет елден үйрену керек.
Бізде игерілмеген ұлан-ғайыр жер мен мол су бар. Осыған бау-бақша егіп, оның арзан мол өнімін елге ұсыну керек. Осыған мұрындық болатын маман ұйымдастырушыны табуымыз керек. Аз уақыт ішінде мол табыс оралтатын кәсіптің бірі – құс ұстау. Мұны ұстау үшін көпшілік жерден алыс жайлау мен көл керек. Ол менің жерімде жеткілікті. Осыны өндіруге менің толық мүмкіндігім бар.
Жеңіл тірлік сені іздеп, үйге өзі келмейді. Аралап көріп жақсысын таңдап үйрену үшін шет елге көп шығу керек. Осының бәрі қалтаға, ақшаға келіп тіреледі. Ондай ақша біздің елдің кедей халқының қалтасында жоқ. Сондықтан бәрін біліп отырса да, көздері жайнап, соры қайнап орындарынан қимылдай алмай отырғаны өтірік емес. Істі әрі қарай дамытып, жылжыта алмай отыр.
Әлемге әйгілі Нобель сыйлығын алған экономистердің айтуы бойынша да, өмірдегі тәжірибе бойынша да, ауыл шаруашылығының 40 %-ы, мал шаруашылығының 60 %-ы үкімет қолдауымен дамиды екен. Оны экономика тілінде дотация, субсидия дейді. Сенің шаруа қожалығың құлап қалмай, ауылшаруашылық өнімін жылда беріп тұру үшін, өніміңді үкімет сатып алып, артық шығыныңды жауып отырады. Осы мен айтып отырған дотация мен субсидия біздің Қазақстанда көптен бері бар. Бірақ оларды кім жұтып жатқанын ешкім білмейді.
Көтеріп отырған осы тіршілікті қозғап іске асыру үшін мен сияқты адамдарға мемлекет тарапынан моральдық, материалдық көмек керек. Бұлай болмаса, бұл іс бұрынғы қалпында қозғалмай тұра береді. Мәселенің осы жағын да ойлау керек.
Байдос ӨМІРБЕКОВ.
Астана.