Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деген аса қуатты тақырыптан түзгені ақмолалықтарды да қанаттандырып отыр. Талай тағдыршешті оқиғалардың куәсі болып, сол үміт, талаптардың жүзеге асуына ұйытқы болған «Көкшетау» мәдениет сарайы бүгін тағы да биіктеді. Мұнда кім жоқ дейсіз, танитын, танымайтын адамдардың жаңа тұғырға ұмтылудағы сілкініс табын көргеніміздің өзі мерей. Кең ауқымды көрмелерден әйгілі ұйымдардың ғана емес, қарапайым адамдардың шығармашылық шырқауын көрген де жақсы екен.
Бұған таңқалудың жөні де жоқ сияқты. Алға басқан сайын асқарымыз биіктей бастағаны жасырын емес. Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко Жолдау жиынында Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларынан өрбітіп көңіл өсірер біраз әңгіме айтты. Астана маңайындағы агломерациялық аймақты құруға кіріскеніміз, елорданың азық-түлік қоржынын толықтырып, «Жасыл аймақты» жайнатып жатқанымыз, туристік индустрияның жанданғаны, индустриялық-инновациялық дамудың үдемелі үрдіс алғаны, басқа да қадамдарға қарыш берілгені нақты мысалдармен дәріптелді. Алда асқаралы міндеттердің тұрғанына екпін түсірілді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының уақыт ағымынан өріс алатын бағыт ұстанатынына риза болдық. Мінберге көтеріліп, жұртшылыққа сөз арнағандардың өзекті мәселелерді талқыға салғаны құптарлық. Облыс жұртшылығы өскемендіктердің бастамасын қолдап, Елбасы өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізу шараларына белсене қатысты. Оны қолдап қыруар қол жиналғаны облыстағы саяси ахуалдың тұрақтылығын айғақтайды.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» ХДП алдағы съезінің делегаты Шапай Әбутәліповтің Нұрсұлтан Әбішұлының елімізде кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдауы арқылы қоғамымыздың ақыл-ойының өскенін айтуын, «Көкшетау минералды сулары» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Асқар Әлиевтің салық түсімін жыл сайын 2 миллиард теңгеге жеткізгенімен, негізсіз тексерудің намысқа тиетінін айтуын жөн санадық.
Бурабай ауданындағы «Есіл-Агро» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Асылбек Есмағамбетов Президент Жолдауында жеке кәсіпкерлікті дамытуға қамқорлық жасалып отырғанына қанағат сезімін білдірді. Кәсіпорын жыл ішінде 6500 тонна сүт өндіріп, оның 16 атауын тұтынушыларға ұсынады екен. Елбасымыздың өзі келіп, осындағы заманалық мал шаруашылығы кешенін ашқаны есімізде. Ондағы 6 жас маманға тұрғын үй сатып алып беріліпті. Болашақ осылай қалыптасады деп түйдік.
Бұқаралық жиында «Экос» мектеп-гимназиясының директоры Роза Луговой және Көкшетау қалалық емханасының бас дәрігері Қорлан Қадыроваға пікір кезегі тиіп, олар Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауының мүлтіксіз орындалатынын өз ұжымдарындағы табыстармен дәлелдеді.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.