29 Маусым, 2016

Мұрын ана – Жүзей қыз

4829 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
өлеңге 001-5(Шежіре-аңыз, жыр-толғау) Сейіліп, серпілгендей таңда мұнар, Көненің көзі ашылса, жан жадырар. Халықтың қанша мұнда арманы бар, Тарихтың қанша мұнда салмағы бар?! Мәңгілік нұр боп тұнып, әуелеп тұр, Әз баба, әулие ана, ардақ ұлдар.   О, менің нұр тұнып тұр кеудемде де, Сезімнің гүлін шашам ел мен жерге! Аруағын бабалардың медет қылдым, Жыр етіп, замандарды өрген кезде. Санада сақталған сыр өзгермейді, Теңіздей тулап тарих, өзгергенде.   Шет қалмас шежіреде қалған аңыз, Сондықтан, соларды біз қарманамыз. Қазақтық қасиетті қастер тұтып, Табынып, таңдай қағып таң қаламыз. Тозбайтын тұлпарлардың тұяғы боп, Жолына бабалардың жалғанамыз.   Жалғанып, жар саламыз болашаққа, Бойда бар батырлық та, парасат та, Кешеден келген кемел ақыл-оймен Ел мен жұрт кенеледі мол атаққа. Данқы өлмес даналардың орны бөлек, Көз жұмып, «көнерген» деп санасақ та. Байтағы – баба ырысы бар адамның, Аруақты ұмытқанды қамалар мұң. Әспеттер, әсіресе, дана рухын Ешқашан естен кетпес аналардың. Ананың ақ жүрегі Күн сияқты, Ол және жаны өмірдің, жанары ардың! Қазақта аналар көп дара туған, Бір Тәңір пәрменімен жаратылған. Ойлаумен елдің мұңын, жердің құнын, Толғанып, кірпік ілмей таң атырған. Солардың бірі – әулие Мұрын ана, Ырыс-бақ арылмаған сабасынан!   өлеңге 001-3* * * Найманда Қаракерей – қабырғалы, Мақтаныш, марапаты – нар ұлдары. Жалғасы – шөбересі Байыс батыр, Ешқашан жүрген жолдан жаңылмады. Ұлы жүз Бәйдібекпен құда болды ол, Матасып жату үшін тамырлары. Байыстың Құдай берген бес ұлы бар, Бес ұлдың маңдайының несібі бар. Сарымырза, Ақымбет пен Сыбан, Қыржы, Байжігіт – ең кенжесі, сесі – бұлар. «Бес Байыс» деп атайды бұл бесеуін, Алдынан жан шықпаған төсін ұрар.   Байысқа ағайын – жұрт құрақ ұшқан, Күндіз-түн көп ойланды бұл арыстан – Үйсінде өзіне тең Бәйдібек би, Қол созып, хабарласып жүр алыстан. Қайтеді құда түссе бір қызына, Бар дейсің не жақындық құдалықтан?!   Байыстың үлкен ұлы – Сарымырза, Батпаған басы сорға, жаны – мұңға. Осы ұлын үйлендірмек болды Байыс, Шыдамай ұзақ күтіп сарылуға. Көп өтпей Бәйдібекпен құдаласты, Қастерлі Қаратаудың бауырында...   Көсемі бүкіл үйсін ер Бәйдібек, Басынан бағы таймай, самғады үдеп. Басқарып байтақ елді, байсын жерді, Ойлаған орындалды арманы көп. Дәулетті, сәулетті де Құдай берді, Жылқысы шұрқыраған – кіл қаракөк.   Жан тартты жақын біткен, бөтен біткен, Ғұмыры бір танбады көсемдіктен. Ол ардақ бүкіл үйсін баласына, Ол аулақ бәсеңдіктен, есерліктен. Батырлық, билігі де жұртқа аян боп, Дұшпаны дабысынан қатер күткен.   Бәйдібек жан мен малға мол жарыған, Қолдаған Қыдыр баба оң жағынан. Үш әйел алған екен хақ жолымен, Үмітін үстем қойып мал-жанынан. Бірінші алған жары – Сары бәйбіше, Сары үйсін содан тарап, оңғарылған.   Екінші әйелі оның – Зеріп ана, Табынған әрбір күнге, таңына да. Ұлдары – шапырашты, ошақты, ысты, Жолдары оң бастаған қазынаға. Үш ұлы үш таған боп Ұлы үйсінге, Лаулаған күннен-күнге бағы жана.   Үшінші – ол Домалақ ана деген, Пір тұтып, алты алаштың бәрі елеген. Бұл ана көктен түскен періштедей – Дүр нұрын қанатынан себелеген. Анадан албан, суан, дулат тарап, Жыр болған не бір аңыз, не бір өлең.   Екі қыз бұл анадан туған еді. Екі нұр – әулиенің нұр дәнегі. Жүзей мен Қызай деген есімдері, Қос қыздың елден бөлек сыр, мәнері. Ғашық боп екеуіне күйіп-жанып, Болыпты бағландар тым дәмелі. Қос ару Бір Тәңірге сыйыныпты, Дүниенің сырын ұқты, күйін ұқты. Елінен ұзатылып екеуі де, Дәм жазып наймандарға бұйырыпты. Батыр мен бай, бағлан дәме күткен, Сап болып, содан кейін тиылыпты. Жүзей қыз Сарымырзаға ұзатылды, Жұбайлар болашаққа құлаш ұрды. Байыстың батыр ұлы шадыман боп, Мойнына моншақтай боп күн асылды. Жүзей қыз келін болып түсе салып, Атағын ел мен жұрттың шын асырды!   өлеңге 001-4* * * Мына бір қараңызшы ғажайыпты – Сол кезде жау да, жұт та азайыпты. Інісі Қаракерей Матай мырза, Байлығы лықсып толып, молайыпты. Баласы Құттыболат ерен шығып, Атағы ну найманда зорайыпты.   Ұлы да ер жетіпті Шағыр деген, Бозбала ел-жұртының қамын жеген. Қолы ашық, жомарт болып бала жастан, Дейді екен: «Достарыма бәрін берем!». Қиылған қыздарға да мойын бұрмай, Ойланып көп жүріпті сабырменен.   Сарымырза қайын жұртқа барғанда ұрын, Бірге боп, шын танытты заңғарлығын. Қызайды көрген кезде, көзі жайнап, Лаулатты жүрегінде жанған нұрын. Күрсінді: «О, Құдай-ау, болар ма, – деп – Қызайды ап, Сарымырзадай самғар күнім?!».   Бал татса, у татса да – таңдайынан, Көз тастап, құдашаға ән қайырған. Қайтарда нәзік қолын уысына ап, Елжіреп, сүйіп кетті маңдайынан. Бозбала содан бері зарлы, мұңлы, Амалсыз жердің алыс шалғайынан.   Татсам деп махаббаттың бал шырынын, Жасады жұртқа ырым ғып жақсылығын. Бір жылдай жүріп-жүріп сабыр сақтап, Бір күні Сарымырзаға айтты мұңын. Ағасы мақтан етіп бұл інісін, Біріне санаушы еді шаттығының.   Сарымырза бұл сырды айтты жарына кеп, «Мұнысы дұрыс па, әлде, қырын ба?» – деп. «Бажа боп аға-інілі немерелер, Жүргенін сан көргенбіз бұрын да» – деп. «Сол кісі шешер бәрін, атама айтқын», Деп Жүзей бір сөз айтты, тілін тежеп.   Айтқан соң бұйымтайын балалары, Байыс би сақалын көп салалады. «Сүйекті тез жаңғыртқан әбес пе?» деп, Қария қалың ойға қамалады. «Құдалық құда үстіне құт болар» деп, Осы ойын бекем етіп тағалады...   Бұл хабар кетті бүкіл матайға еніп, Жаңалық жұртқа жақсы атой беріп. Бетке алып Бәйдібекті топ жөнелді, Берілген ақ тілеулі батаға еріп... Бір айдай өткен кезде бұл шоғыр топ, «Сүйінші! Көнді!» – деді қайта келіп.   Осылай найман даңқы шарықтады, Жарқырап жана түсті жарықтары. Қаратау, Тарбағатай қол ұстасып, Қос қыран көк жүзінде қалықтады. Екі рет, құда болды төс түйісіп, Ұлы үйсін, Өр найманың алыптары!   Қызайдың даңқы шықты мүлде бөлек – Би Қызай, батыр Қызай елден ерек. Соғыста қол бастаған жаугер ару Жөн тапқан қиын кезде күрделірек. Шағырдан тарағандар «қызаймыз» деп, Атанды «қызай елі», Құдай жебеп...   * * * Махаббат – бұл жалғанның бал шырыны, Жүректің күнге ұмтылған тал шыбығы. Екі жас шын ұғысса, бұл дүниенің Білінбес қиындығы, таршылығы. Ып-ыстық оттай жүрек лаулап тұрса, Жауратпас жәдігөйдің салқын үні. Жүзей мен Сарымырзаны қосты Құдай, Бір-бірін тез түсінді осқырынбай. Жігітті жайнаған көз жаулап алды, Шырмады қап-қара шаш ат қылындай. Ауылдан ұзап шықса, тез қайтатын, Басы ауып, басқа жаққа көп бұрылмай. Ел-жұртқа екі жұбай болған аңыз, (Біз дағы сол леппенен толғанамыз). Екеуі еркелесіп, күліскенде, Батасын беріп тұрған, қолдап абыз. Ай мен күн секілденіп көрініпті – Алуадай алма бет пен ер, дана жүз. Жүзей қыз келін болды нақ көрікті, Жаратқан маңдайына бақ беріпті. Тәңірге тәубе қылып ер Сарымырза, Көңілі жан-жарына шат болыпты. Мұрыны сәл үлкендеу болғанан соң, Жүзейге «Мұрын» деген ат қойыпты. Сарымырза батыр екен алабөтен, Қалжыңға жаны құмар қазақ екен. Ат қойып, айдар тақса әлдекімге, Жатталып жұрт есінде қалады екен. Болған соң аузы уәлі, оны көрген Етегін тез-ақ жинап алады екен.   Жүзей қыз сөйтіп енді Мұрын болды. Өкпе мен реніші білінбеді. «Мұрынның іші қандай?» десе қулар, «Мұрынсыз бет болмас» деп күлімдеді. Ұмыт боп бірте-бірте Жүзей аты, Осылай таң қалдырды рулы елді.   Жарасып кең маңдайға қалам қасы, Төгіліп тірсегіне қолаң шашы, Ақ білек, сым саусақта жарқ-жұрқ етер Саф алтын білезік пен сақинасы. Зүбаржат алқаменен қабаттасар Әспетті, әшекейлі тұмаршасы.   Жанары жан ерітер қарағанда, Жаман сөз айтпайтұғын жан адамға. Төгіліп тұрар нұры дидарынан, Көңілі тап-таза, пәк баладан да. Бұлқынып, жұлқынғандар кеуде соғып, Жым болған көзін тіктеп қадағанда.   Қолынан ине түспес ісмер еді, Күн сайын үйдің іші іреңделді. Жинап ап абысын мен ажындарын, Үйретті тоқытуға кілемді енді Жүзей қыз келін болып түскеннен соң, Көркейіп, бүкіл ауыл түлей берді.   Қарсы алып тұрды Мұрын таңды кілең, Түндігін түрді отаудың алдыменен. Сонан соң үлкен үйдің отын жағып, Қарайтын маңайына жан нұрымен. Жер жайын, түлік сырын терең ұғып, Тұстарын түйіп алар мәнді деген. Ойнаған ат үстінде он жасынан, Тентектеу болды асырмас сөз басынан. Ентелеп, бұл мінбеген ат қалмады, Елінің жүйрік пен жорғасынан. Жесірге қызындай боп жақын барып, Жетімнің қорқушы еді көз жасынан. Әлі де ат үстінде салар әні, Көп кешті көк жайлауды самалалы. Ілесіп Сарымырзаға бірнеше рет, Қыстау мен күзеуді де аралады. Бұл елдің бар мекенін түгел көріп, Шөп түрін, қоныс мәнін саралады.   Сарымырза таң қалады бұл ісіне, Тым шұғыл, өте жылдам жүрісі де. Жер жайын біліп алып, әр ауылды Көшіріп, қондыруға кірісуде. Мұнысы Сарымырзаға жақсы болды – Бұл іске араласып жұмысы не?!   Болған соң ойы терең, сөзі нәрлі, Келіншек таң қалдырды көзі барды. Барлығын басқаратын Байыс би де Әр неге бас ауыртпас болып алды. Осылай жылжып-жылжып жылдар өтіп, Ырғалған ырыс-бақтың жолы ұзарды.   Ел үшін тапты тура, нағыз жолды, Талпынды, талаптанды, тағы ізденді. Жасасып Қытайменен сауда-саттық, Бал, шырын бақ үстіне тамызды енді. Әр басқан қадамынан гүл алаулап, Қазаққа жалпақ жатқан аңыз болды.   Би Байыс жетпіс асып өтті өмірден, Ақ өлім келіп жетті Көк Тәңірден. «Найманның нары қайтты дүниеден!» деп, Көз жасы көл боп жұрттың көп төгілген. Бес ұлы бес жетімдей жер шұқыды, Бесеуі бес ауыл боп өскенімен...   Сарымырза жер ортасы жасқа жетті, Күйлерін бебеулетті, төкпелетті. Жасынан батырлықпен аты шығып, Қас жауын қарсы келген таптап өтті. Жанда жоқ жомарттығын жұрты сүйіп, Найманда «шүлен» деген даңққа жетті.   Бәйбіше қасабалы ұлы дана – Атанды Мұрын енді Мұрын ана! Тілегін Тәңір қолдап, аруақ жебеп, Малынды шапағат пен шұғылаға. Қормалы, ұйытқысы бүкіл елдің Шықты енді әулиелік шыңына да!   Тәңірі сыйға тартып үш ұл берді, Жол тартты болашаққа көш ілгері. Ана боп отырса да, аттан түспей, Керіліп «ұл таптым» деп көсілмеді. Тұңғышы Жолымбетті тапқан кезде, Ең алғаш әулиелік түсін көрді.   Түсінде – түн сүттей боп ай нұрынан, Туыпты жеті жұлдыз маңдайынан. Жігіт боп кеткен екен Жолымбеті, Жабысқан жеті сәби шалғайынан. Жетеуге жеті қамшы сыйлап жатыр, Әлдекім жетіп келіп мал қайырған.   Бұл түсін Мұрын көрді таң алдында, Оянып, бетін жуды, таранды да. Дұға оқып, түсін жорып көп отырды, Деп ойлап: «Бөпем нұрдан жаралды ма? Артынан жеті ұлы ерер, түс оң болса, Әрбірін бүкіл елі санар мыңға».   Өз түсін айтып еді Сарымырзаға, «Болайық – деді батыр – барға ырза». Сонан соң әдетіндей қалжың айтты: «Түс көрер ана қыран самғарында. Бәйбіше, үшеу болсын, енді екі ұл тап, Қалайын мен де жетіп арманыма».   Аузына осы сөзді Құдай салған, Секілді себеппенен сұрай салған. Бұдан соң екі ұл туып бәйбішесі, Бақ құсы бастарына шыр айналған. Бәйімбет, Жолболойдай қос түлекпен, Әулеті Байыс бидің шырайланған...   * * * Көз жасын бүкіл найман төгілдірді – Сарымырза жау оғынан көзін жұмды. Тұқымын Төлегетай қайғы қамап, Күрсінтіп, қабырғасын сөгілдірді. Жалғыз сәт естен кетпес – өлерінде Сарымырза ағайынға жүзін бұрды.   «Пәруана – деді – жұртым үшін жаным, Осы елмен қуанғаным, қысылғаным. Ұлдарым тым ертерек жылап қалды, Сөйтсе де сезінемін құтым барын. Тұңғышым – Жолымбетім жігіт болды, Ұямнан сол жалғыз құс ұшырғаным.   Әлі жас екі інісі, ағайындар, Бұл жерде қамқор болар талайың бар. Мұңайып Мұрын гүлім жасымасын, Қасында басын сүйеп, қарайыңдар. Әулетім аттан ауып қалмас, білем, Төс айыл үзілсе де, шап айыл бар.   Мен емес ата жолдан жаңылатын, Ұрпақ бар – ұмытылмас менің атым. Атауы ұрпағымның «Мұрын» болсын, Аманат! Болсын мұны бәрі ұғатын! Әрқашан жүреді ғой Мұрын алда, Өзім де дәл қойыппын тауып атын».   Қалмады өлерде де бір қалжыңы, Жүзінде күлкі ойнады тынғанда үні. Үзіліп кетті сонсоң ышқынды да, Жер аунап, бұлт көшіп, Күн қаңғыды. Бұл қаза қара орманға қасірет боп, Дала мен тау-тасты да мұңдандырды.   * * * Көкейді көңілсіз де көңілді еткен Тағы да заман зырғып, өмір де өткен. Дәл келіп Мұрын ана көрген түсі, Тұп-тура жеті ұл туды Жолымбеттен. Әулие, шын данагөй Мұрын ана Танбады әулиелік қабілеттен.   Ұлы ана бір Тәңірді ие тұтқан, Үш пенен жеті санын кие тұтқан. Салт-сана, әдет-ғұрып, жол-жораны, Ескіден қалған заң мен жүйені ұққан. Пір тұтқан Ойсылқара жарықтықты, «Бар елді қорғайды – деп – түйе жұттан». Үш санын кие тұтып, үш ұл тапты, «Жеті ұл» деп дәл жорыды түсін тәтті. Ырым мен ұғымдарды қастер тұтып, Басынан бақыт құсын ұшырмапты. Көк нұрын көкірекке көп сіңіріп, Жәннаттың жер үстінде құсын бақты. Тараған Жолымбеттен бақ суаты – Ажығұл, Қыдыр менен Қосмұраты. Ажы мен Рақа, Назар, Арыстанбек, Жетеуі – сары қымыз, ақ шұбаты. Бұл «жеті Жолымбет» деп аталады. Ұрпақтың санасында нақ тұр аты! Ұлдары Бәйімбеттің мұрат басы – Күлеке, Сейіт, Шартай, Мұңайтпасы. Сүт кенже – Көншісінің жөні бөлек, Белгілі шаңырақты құлатпасы! Шойтабан, Жарылғап бар Жолболойдан, Осы он төрт немересі – гүл бақшасы!   * * * Жаны – нұр, көкірегі – ұлы дана, Жаңғырар жадымызда Мұрын ана! Өткеннің, болашақтың бейнесіндей, Маңдайы малынып тұр шұғылаға. Бас иіп тәу етеміз, тәубе етеміз Бейне бір табынғандай құбылаға! Өшпейтін сәулесіндей адал ардың Рауандап ұрпақ өсіп, тараған мың. Жарқырап жауһар бейне Күндей болып, Жатталар кеудесінде әр адамның! Нұрлы өмір, сырлы ғұмыр – әз мирасы Мәңгілік ұмытылмас аналардың! Әбубәкір ҚАЙРАН, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты