Осыдан 5 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Астана қаласында Оқушылар сарайы салынды. Содан бері балаларға арналған өнер-білім, мәдениет пен спорттың зәулім ордасы қаншама жеткіншектің қабілетін ұштап, жақсылықтарға жетелеп келеді десеңізші!..
Бір қызығы, Оқушылар сарайының есігі ашылғаннан-ақ, өзге әлемге енгендей боласың. Балдырғандардың бақытты күлкісі, тәтті сөздері, кішкентайлардың ата-анасына бұлданып, еркелей бұлданғаны, топырлаған жүрістің дүбірі – бәрі-бәрі бар ғой, шіркін!
Аз-кем ресми деректерге сүйенсек, Оқушылар сарайында заман талабына сай баланың шығармашылық, интеллектуалдық және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған бас-аяғы 123 үйірме жұмыс істейді. Қосымша білім беру жүйесінің әртүрлі бағыттары топтастырылған бір шаңырақ астында бүгінде 9470 оқушы тәлім алады екен. Оның 60 пайызы бюджеттік негізде үйірмелерге тегін қатысады. Яғни, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ақысыз оқытылады.
Мектептен тыс бос уақытын тиімді ұйымдастырамын деген баланың алдында таңдау мүмкіндігі зор. Технопарк, ғылым қалашығы, чемпиондар лигасы, болашақ, шеберлер қаласы, дипломатиялық корпус сияқты үлкен бөлімдердің ішінде неше түрлі үйірмелер бар. Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қымбат Іргебаеваның айтуынша, балалардың арасында спорттық секцияларға деген сұраныс ерекше жоғары екен. «Қазақша күрес, тоғызқұмалақ, мәнерлеп сырғанау, хоккей, жүзу, дзюдо, каратэ, көркем гимнастика, шахмат және т.б. ұлттық және классикалық спорт түрлеріне арналған үйірмелер еліміздің болашақ спорт саңлақтарын қалыптастыратыны сөзсіз», – деген сенімін білдірді Қымбат Іргебаева.
Білім мен ғылым жетекші саналатын ХХІ ғасырдың оқушыларға қояр басты талабы – зерттеу дағдысын жетілдіру, ғылыми жобалар мен зертханалық жұмыстармен айналысу болғандықтан, ең алдымен біз «ғылым қалашығын» аралап шықтық.
Ғылыми-зерттеу және сараптау қызметіне баулу мен техникаға икемі бар дарынды балаларды анықтау осы «Ғылым қалашығы» мен «Технопарк» бағыттарының жұмыстарынан айқын көрінеді. Мысалы, «Ғылым қалашығы» бағыты физика, астрономия, химия, математика, информатика, экология, анатомия, биология, география сынды барлық академиялық пәндерді қамтиды. Бұл пәндер мектепте де оқытылады, бірақ осы жерге келген баланың озық технологиялармен жабдықталған лабораторияларда практикалық жұмыстарды тереңірек зерттеуге мүмкіндігі бар. Әсіресе, «Биохимиялық зертханада» тірі организмдердегі генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін қамтамасыз етуге жауапты ДНК алу, оны көбейту, молекулаларын тыңғылықты зерттеу үйретіледі.
«NextBio» үйірмесінде еліміздің өсімдік селекциясы жөніндегі жетістіктері баяндалып қана қоймай, оқушылардың өздері де өсімдіктің өсуін, көбеюін, тыныс алуын, қоректенуін, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайына бейімделуін, яғни физиологиясын зерттейді.
Ал «Технопарк» мынадай үйірмелерді қамтиды: интернет жобалау, электроника, робот техникасы, компьютерлік графика, WEB дизайн, автомодельдеу, бағдарламалау тілі, жас өнертапқыш және кеме құрастыру. Аталған алаңдардың негізгі принципі – ғылымға қызығушылық танытқан оқушылар қолжетімді форматта жаңа технологияларды қолдану арқылы визуальді әлемге ене отырып, барлығын өз көзімен көріп, сезіне алады.
Сондай-ақ, Оқушылар сарайындағы жеткіншектерге жас полиглот болып, интерактивті формада әлемге белгілі тілдерді үйреніп, әр елдің ұлттық құндылықтарымен танысуға жағдай жасайтын «дипкорпус» жұмыс істейді. Соның аясындағы қазақ, орыс, ағылшын, француз, түрік, қытай тілдері үйірмелері арқасында лингвистикалық кеңістікке ену үшін билингвалды дамыту ортасы құрылды.
Сонымен, біз флористикаға қатысты «Жас натуралистер» үйірмесіне кіргенде, 5-6 жасар балалар сурет салып, біреуі қураған гүлдерден композиция жасап жатты. «Апай, апай, менің өрмекшіме қараңызшы. Дұрыс жасадым ба?» деп ұл бала жетекшісінің қасына жүгіріп келді. Мен де қарадым. Ермексаздың қоңыр, қара және ақ түсін пайдаланып, өрмек тоқыған өрмекшіні бейнелепті. Артынан үйірме жетекшісі айтқандай, біздің алдымызда ғана оқушылар жәндіктер мен өсімдіктердің қыс мезгіліне дайындалуы туралы сабақ өткен. Бұл үйірмеге қатысқан балалардың байқампаздығы қалыптасып, олар табиғаттың тілін түсіне бастайды екен. «Ботаникалық бақты аралатып, ондағы өсімдіктердің пайдасын, оған қандай күтім керек екенін әңгімелейміз. Сондай-ақ, адамға қандай әсері барын да үйретеміз. Мектеп бағдарламасын қайталамаймыз, керісінше ондағы білімді толықтыра түсеміз. Оқушыларым жыл басынан бері басталған дәптерге гүлдердің ғылыми аттарын, сипаттамасын жазып алып жүр.
«Қыш және мүсін» үйірмесінің жұмыстарымен де танысып қайттық. Осы өнерге баулитын мұғалім Еркінбек Сатыбалдыұлының айтуынша, балалар бұл жұмысты бар зейінімен жасайды. Әсіресе, құмыра құюға қызығады. «Өте пайдалы іс. Баланың ойлау қабілеті дамиды. Екі қолды бірдей іске қосу арқылы мидың екі жақ бөлігінің жұмысы жақсара түседі» деді ол. «Осында қатысқаныма 3 жыл болды. Басым тынығып, керемет күйге бөленемін. Болмашы нәрсеге ашуланатын едім, үйірменің арқасында сабырлы, тиянақты болып, бастаған ісімді аяғына дейін жеткізуге үйрендім. Сондай-ақ, осы үйірме менің суретшілік қырымды да ашты», – дейді 11 жастағы Тұржанова Томирис.
«Сәндік қолданбалы өнер» үйірмесіне қатысатын қыздарға қарап көз тояды. Саусағынан шеберлік тамған қыздар өсіп келеді. Ине сабақтап, кесте тігіп, киізге ою-өрнек басып отыр. Жұмсақ ойыншық тігуді әлдеқашан меңгеріп алған.
Балалар «Шешендік өнер» үйірмесіне де үйір. Көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін меңгеріп, қандай да болсын ортада қысылмай, емін-еркін жүріп, тыңдаушысын баурап алып, кез келген адаммен тіл табыса кету өнеріне машықтану мақсатында келген балалар біздің көзімізше жетекшілері берген тақырыптағы этюдті мимикамен ашуға тырысты. «Дұрыс сөйлеуді дағдыға айналдыру үшін жақ пен ауыз қуысына, тыныс алу мүшелеріне арналған артикуляциялық жаттығулар жасатамын. Әңгіме жазу, отбасы мүшелерінің қимыл-қозғалыстарына пародия жасау үй тапсырмасы ретінде беріледі», – деді аталмыш үйірменің мұғалімі.
Айтпақшы, оқушылар Елбасының тікелей тапсырмасымен ашылған Ұлттық интерактивті паркті тиімді қолданып жүр. Дәліздің ішінен әрі-бері өткенде байқадық, балалар алдарындағы техниканың тілін меңгеріп алғаны сонша, кішігірім экранда шығатын түсіндірмелерді де оқуды қойған екен. Көп қондырғылардың сырын түсінген олар экспозициялардың танымдық қызметін білім игілігіне жұмсауды әдетке айналдырған сыңайлы.
Ал, былтыр Оқушылар сарайында «Менің мамандығым» атты виртуалды лаборатория ашылды. Арнайы көзілдірікті таққан бойда балалар құрылыс, теміржол саласының қыр-сырымен танысып, ауылшаруашылығы, мұнай-кен өндірісін зерттейді. Виртуалды түрде Астананың әуежайын аралайды, әлемнің музейлерінде саяхаттайды.
Бірқатар үйірменің қонағы болу арқылы қаншама позитивті энергия алғанымызды жасырмаймыз. Біздің кезімізде мұндай шаңырақ болмады. Сол жоқтың орнын толтыруға талпынғандай бүгінгінің балалары «Оқушылар сарайының» қадірін түсініп, бар жақсылығын көріп жүр.
Бетті дайындаған Мәдина ҚАЙРАТҚЫЗЫ, журналист