30 Маусым, 2016

Өмірі мен өндірісі өзектес өңір

377 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
29-06-02777Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев Шығыс өңіріне жасаған жұмыс сапарында облыс орталығындағы жаңадан салын­ған Қан орталығы мен «Азия Авто Қазақстан» акционерлік қоға­мында болды. Алдымен Қан орталығы қызметімен таныс­қан Президент донация жә­не қан құрамы сапасын автомат­тан­дырылған зертханалық бақылау әдісін енгізуге мүмкіндік беретін орынжайларды аралап көрді. Мемлекет басшысы аталған мекемеде «Донор айлығы» аясында қан тапсырып жатқан әскери қызметшілермен сөйлесіп, жауынгерлерге қан тапсырудың қайырымды іс екенін айтты. Өз кезегінде сарбаздар Отан қорғауға әрқашан сақадай сай екендіктерін мәлімдеді. Жалпы, облыстық Қан ор­та­лығы донор қанымен және оның компоненттерімен қамтамасыз етеді. Мекеменің жобалық қуа­ты жылына 24 мың литр қан әзі­рлеуге жетеді. – Бізде озық медициналық құрал-жабдық­тар орна­тылған. Зертханалық құрыл­ғы­лардың барлығы 100 пайызға автоматтандырылған. Донор­дан бастапқы және жұқ­палы ауруларға тексеру, био­химиялық талдау алынып, кешенді сапалы трансфузиялық көмек жүргізіледі. 1953 жылы салынған бұрынғы орталықта қан препараттарын дайындау кезінде заманауи стандарттарды қадағалауға мүмкіндік болмаған еді. Өйткені, тозығы жеткен қондырғылар қан қауіпсіздігінің сақталуына жол бермеді, деді облыстық Қан орталығы инфек­циялық-диаг­нос­тикалық зертханасының жетек­шісі Гүлдар Матаева. Ал жаңа нысанның аталған олқы­лықтарды түзетудегі һәм адам өміріне араша түсудегі мүм­кіндігі зор. Президент орталық қызмет­керлерімен әңгіме барысында өңірдің медициналық мекеме­лері қажетті емханалық және диаг­нос­тикалық жабдықтармен қамта­масыз етіліп жатқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, адам өмірін арашалауға атсалы­са­тын ұжымның табысты болып, қызмет нәтижелерінің арта беруі­не тілектестігін біл­дір­ді. Өз кезе­гінде мекеме қыз­мет­керлері медицина саласына жүйелі қолдау көрсетіліп отыр­ғаны үшін Елба­сына риза­шылықтарын жеткізді. Мемлекет басшысы одан кейін «Азия Авто Қазақстан» АҚ базасындағы толық циклды ав­томобиль кәсіпорыны мен авто­бөлшектер өндіретін технопарк құрылысын біріктіретін авто­өнеркәсіп кластерін құру жөнін­дегі инвестициялық жобаның жү­зеге асырылу барысымен таныс­­ты. Президентке техно­логия­лық цикл, өндірістік және инвес­­ти­циялық көрсеткіштер, сон­дай-ақ, жобаны жүзеге асыру кес­тесі баяндалды. Кәсіпорын жетек­шілерінің айтуынша, қазіргі кезде зауытта мемлекет тарапынан бөлін­ген 7 миллиард теңгеге инфра­құ­рылым жүргізіліп, көліктің жа­ңа түрлері шығарыла бастады, тиі­сінше кәсіпорын үлесі күрт ар­тады деп күтілуде. Зауыт кон­вейерінен шыққан «Лада Ларгус» көліктері ЭКСПО көрме­с­іне сұранысқа сай көлемде жеткі­зілуге дайын. – Машина жасау – индус­трия­ландырудың негізгі тіні. Әрине, бүгінде көп көлік өндіріледі, бәсеке жоғары. Сіздер бәсекеге баға тұрғысынан да, сапа жағынан да төтеп берулеріңіз керек. Көршілеріміз, оның ішінде Ресей көлікті бізден сатып алатындай, қазақстандықтардың барлығы өз көлігімізбен жүретіндей жағдай туғызуымыз керек. Осы мақсатта зауытта бірінші кезекте 60 мың автокөлік, екінші кезекте одан да көп автокөлік шығарылатын болады, деді Елбасы. Сонымен қатар, автокөлік шығарудың еліміздегі жаңа сала­лардың бірі екендігін айт­қан Мемлекет басшысы ең­бек ұжымымен жүздесіп, зауыт­тың табысты дамуына және бәсе­кеге қабі­леттілігінің жоғары болуына тілектестік білдірді. Теле­кө­пір байланысы арқы­лы зауыт­­тың конвейерлік құрасты­ру учаске­сінің ұстасы Қанағат Ян­гушаков өзіне тиесілі конвейерлік желіде Лада­ның Калина және Гранта марка­лы көліктері құрас­тырылып жат­қа­нын, әлемдік 4 брендтің 30-дан астам түрі жиналатынын жеткізді. Ал аға шебер Дәурен Балтабаев зауыттың логистикалық цехында жұмыс істейді. Ол 2014 жы­лы «Болашақ» бағдарламасы шең­берінде Германиядағы 7 машина жасау кәсіпорнында, оның ішінде «Фольксваген» автоконцернінде тәжірибеден өтуге мүмкіндік алған екен. «Болашақ» бағдарламасының түлегі Елбасына қазақстандық өнімнің неміс көліктерінен кем түспейтін сапаға ие болатынын айтып, уәде берді. 29-06-0177 29-06-03777Ал зауытта құрастырушы болып еңбек ететін Алмас Тоқтау­беков колледжде оқып жүрген кезінде «Азия Авто» АҚ-та тәжі­рибеден өтіп, кейін сынақ мер­зімімен жұмысқа кірген екен. Қазір инженер болып істейтін ол бүгінде жоғары оқу орындарынан, оның ішінде «Назарбаев Университеттен» де зауыт алаң­ын­да тәжірибеден өтіп жатқан сту­денттер қатарының артқанын жет­кізді. Сондай-ақ, құрастырушы Владимир Сенько зауыттағы 5 жылдық еңбек өтілінде өз қолымен 40 мың көлікті құрастырған екен. Мемлекет басшысы бұрын шет­елдіктердің көлік саласындағы жетіс­тіктеріне таңғалатын бол­сақ, енді өзімізде де тамаша көліктерді шығара алатын шебер ма­мандардың қалыптасқанын, зауыт­қа төртінші мәрте келген осы сапарында жаңа құрылыс алаң­дарының салынып жатқанын көр­генін, елімізде үздік әрі бәсе­кеге қабілетті көліктер шығарыла бастағанын, бұл салаға келешекте де мемлекет тарапынан үлкен қолдау жалғасатынын атап өтті. Заманауи автоөндірісті жолға қою бағытында «Азия Авто Қа­зақ­стан» АҚ жүзеге асырып жат­қан жоба жылына 120 мың авто­көлік шығаруға есептелген. Жо­ба арқылы Қазақстанның ішкі нары­ғындағы сұранысты қамтамасыз етіп, өнімді таяу елдерге де экспорттау көзделіп отыр. Осы ба­ғытта алдағы уақытта бірқатар келі­сімшарттарға қол қойылмақ. Сапарды түйіндеген Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Қазақстан Президенті Шығыс Қазақстан облысы еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірінің бірі екенін және қазіргідей күрделі жағдайда жақсы өсім қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. – Мен облысқа ел Тәуел­сіз­­дігінің 25 жылдығында келіп отырмын. Өнеркәсіптік өнді­ріс өсімі биылғы 5 айда 39% бол­ғаны, ауыл шаруашылығы 13%-ға өскені, ал еңбекақы 11%-ға ұл­ғайғаны қуан­тады, – деді Мем­лекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев өңірде индустриялық бағдарламаның, сондай-ақ, «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы аясында автомобиль жолдары құрылысының тиімді жүзеге асырылып жатқанын айтып, об­лыстың өнеркәсіптік әлеуетіне тоқталды. – Мұнда «Қазмырыш», «Қазақ­мыс», Өскемен титан-магний ком­бинаты, Үлбі металлургия комбинаты, ең ірі су-электр стансасы сияқты еліміздің жетекші кә­сіпорындары орналасқаны мәлім, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы жұмыс сапарының бірқатар негізгі тұс­тарына тоқталып өтті. – Мен біздің машина жасау индустриямыздың алғашқы қар­лығашы – «Азия Авто» кәсіпорнына бардым. Қазақстан ешқашан автомобиль шығармаған еді, ал қазір бізде құрастыру өндірісі жолға қойылды. Дамыған автомобиль индустриясы бар көптеген ел нақ осы құрастырудан бастаған. Сосын мамандар даярлап, жергілікті қызметкерлер үлесін ұлғайтып, біртіндеп төл өндірісін іске қосқан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы шетелде оқып келіп, бүгінде отандық кәсіп­орындарда жұмыс істеп жатқан жас мамандардың үлесін атап өтті. Қазақстан Президенті «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында іске қосыл­ған облыстық Қан орталығы сияқ­ты әлеуметтік мекемелер қызме­тінің маңыздылығын айтты. – Бұл нысан денсаулық сақтау саласы үшін өте маңызды, халық та мұны түсініп, қан өткізу үшін топ-топ болып келіп жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Мемлекет басшысы облыстың жалпы қалыпты дамып келе жатқанын, ал түйткілді мәселелер жүйелі шешімін табатынын айтты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Өскемен