30 Маусым, 2016

Сабыр санасы

1575 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
СабырСендер үшін ең жақсысы – сабырлылық. Құран Кәрім, «Ниса» сүресі, 25-аят Эссе Дүниеге сабыр керек. Сабырсыздық әлемді буып барады. Тез-тез. Жылдамдық. Бәріміз асығыспыз. Қайда асығамыз? Асығыстық – сабырсыздық. Ақыры не болмақ? Санаға сабырлылық тілесек жақсы емес пе? Саясатқа да сабырлылық керек. Сабырсыз саясат адамзатты қаншама рет жарға жықты. Одан тәжірибе жинақтай алдық па? Тарихи оқиғалар мәніне үңілсек, бәрі саясатқа әкеп соғады. Сондықтан, өкінішке қарай, тарих дегеніміз негізінен саясаттың тарихына айналған. Тарих саясаттың тарихы болғанда, көп жағдайда, шындық «шырылдап» қалады. Біз студент болған кезде алғашқы курста жыл бойы коммунистік партия тарихын оқып, көп уақытты текке өткізгенім еске түсіп отыр. Алла тағаласы бар мұсылман қауымы қай істе болмасын, тіптен қаза үстінде қаралы ағайынға көңіл айтқанда дәстүр бойынша «сабыр», «сабыр» дейді. Бірақ, санаға сабырсыз шайтан енгелі қай заман. Ілімдер – шайтан азығы. «Қайғы шығар ілімнен» деген ақын сөзі шындық. Адамзат ілімдер құрсауына түскелі адамшылық суалып бара ма деген күдігім бар. Адамшылықтың суалуы – қасірет. Мұндай жағдайда заман тозады, ұрпақ азады. Үміт шамы маздамай көмескі тартады. Арман адасады, қиял қаңғырып кетпек. Адамның екі асыл қасиеті: достық пен ғашықтықты тот басады. Достық пысықтыққа, ғашықтық құмарлыққа өтеді. *** Қазіргі заманды іскерлік заманы дейміз, бірақ оның екі қыры бар: бірі прагматизмге бастайтын Қазақ елінің бүгіні мен ертеңіне қажетті іскерлік, екіншісі таза пайда қуған күнәсі мен кінәсі араласқан сабырсыздық. Алғашқысы дұрыс, соңғысы адамшылыққа сын. Ақын Шәкәрім қазақ қауымына 1912 жылы «Айқап» басылымы арқылы «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» – деп өтініш жасаған, соның соңғы сұрауы: «Заман өткен сайын адамның адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?» – деп толғанысқа түскен еді. Себебі, Шәкәрім кезінде де сабырсыздық күшейген. Заманды «түзетпек» болған ілім Ресей өңірінде өріс ала бастаған. Ол ілімнің мағынасы «жаңа қоғам», «жаңа мемлекет» құру, оның идеологиясы – коммунистік идея. Бұл сабырсыздық идеясы болатын. Сабырсыздықтың көкесі – революция. ХХ ғасыр апыр-топыр басталып, дүние шайқалып кетті емес пе? Билік Әзәзілдің қолына өте бастады. Басты Әзәзіл Карл Маркс, оның қабілетті шәкірттері Ресейде Ленин, онан соң Сталин сияқтылар болған. Жуырда Ресей телеканалының бірінен Михаил Булгаковтың «Мастер және Маргарита» романы бойынша түсірілген кинофильмін көрдім. Михаил Булгаковтың көрегендігіне таң-тамаша қалдым. Ол осы романы арқылы Ресейдегі Әзәзіл билік құрған дәуірін (қазан төңкерісі және содан кейінгі қоғамды) гротеск тәсілі арқылы баян­дап берген. Әзәзілдің қолынан келмейтіні жоқ, оның шәкірттері де ақылды, епті, сиқырлы. Біз қол астында қалған Ресей жерінде шайтандық дәуір ХХ ғасырдан басталып кетті. Шайтан азығы – сабырсыздық. Сабырсыз жан, қазақ айтқандай, қорқақ келеді. «Қорыққанға қос көрінеді» деген үрей сезімі билікті билегенде қантөгіс басталмақ. Солай болды. Ресей өңірінде дүлей қырғын басталып кетті. Бұл әншейін қырғын емес, өзінше «дәлелдері», «тео­риялары» бар қырғын болды. Ол революция тео­риясы болатын. Атаңа нәлет, бұл қасірет, қазіргі алдыңғы қатарлы деп жүрген Англия мен Франциядан бастау алған. Бірақ, бұл елдер «шайтандыққа» белуардан кіріп кетпей, бойларын тежеп ала алды. Басқа жолға түсті. Азғын теория Ресей патшалығында тез тарай бастады. «Коммунизм елесі» теориядан практикаға өтіп, қазақ халқын революция құрсауына алды. Дүрілдеген сабырсыз саясат басталып кетті. Хакім Шәкәрім мұны сезді, аласұрды, халқының аузына сөз, сұрау салды. Адам баласы заман өткен сайын толығып келе ме, суалып келе ме деген мағынада. Шәкәрім білді, адамның қабілеті бар да, қасиеті бар. Алғашқысы өріс алып, шектен шығып кетті. ХІХ – ХХ ғасырларда, әсіресе, Батыс Еуропа және Америкада ғылымның сансыз жаңалықтары ашылып, технология дәуірі өз мүмкіндігін жария етті. Мұның бәрі адамның шексіз қабілетіне қатысты іс-шаралар. Ал Шәкәрім сұрағы адамның қасиетіне қатысты қойылған. Адамның қасиеті дегеніміз не? Оны бір сөзбен түйіндесек, Еуропа ойшылдары «гуманизм» деген. Рас. Қазағымызға түсінікті болу үшін, бұл мәселеге жауапты хакім Абайдан іздесек, ол кісі былай деген: «Белгілі жәуанмәртілік (жақсы адам) үш хаслат (сипат) бірлән болар деген сиддық (шындық), кәрәм (ізгілік), ғақыл (даналық) – бұл үшіндән сиддық, ғадалет болар... Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакимдер, ақыры кәміл мұсылмандар». Дүниені тыныштықта, бейбітшілікте ұстау әділеттілікті, сабырлықты талап етпек. Осы үш пиғылдағы адамдар (пайғам­барлар, әулиелер, хакімдер) жолын ұстау­шы­лар кәміл мұсылмандар, яғни толық адамдар. *** Ойлана келсек, Абай қазақ халқын талай «ойраннан» аман сақтап қалды. Абай біз үшін «таза ауа». Таза ауа қадірін қайсымыз біліп жатырмыз! Хакімдер сабыр сақтаушылар, олардың ісінде асығыстық (шайтандық) болмайды. Революция пайғамбар, әулие дегеннің атын ататпай жойды. Масқарасы барлық жоғары оқу орындарындағы білім алушы студенттер міндетті түрде «Ғылыми атеизм негіздері» деген пәннен дәрістер оқылып, емтихан тапсыруларын қажеттілік етті. Олай болмаса қолыңызға жоғары білім иесі деген диплом ала алмайсыз. Құран кітабын қаралаған кезде амалсыз тыңдап қана отыратынбыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед туралы айтпаған сөздер айтылатын. Қазіргі қырық жастан асқандар бұл айтылып отырған жағдайды біледі. Мәселені біліп қана қоймай, қайсыбірінің саналарында сол пәннің cарқыншағы әлі сақталған. Сол заманның қаншама құрсауынан шыққылары келгенімен, «тұсаулы аттардай» қадамдарын аша алмай, бүгінгі кей жағдайларға сабырсыздық танытып, кешегі өткен күндерді «әңгімелеріне тұздық» қылып жүргендері де шындық. *** Революция кедейлерге арқа сүйеді. Кедейшілік ілім деңгейіне көтеріліп насихатталды. Кедейлік дегеніміз: сана кедейлігіне, сезім кедейлігіне, сенім кедейлігіне жеткізіліп, адамдар адам­шылықтан азды, кісіліктен кетті. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 268-ші аятында «Шайтан сендерге кедейлікті көлденең тартып, жаман істерге итермелейді, Алла тағала сендерге зор кешірім мен қайырымын ұсынады. Алланың рақымы мол және бәрін біліп тұрады». Шайтан кедейлікті де, асқан байлықты да мақсатына пайдаланбақ. Байлық дәулетке айналмаса, ол жерге шайтанның ұялағаны дей бер. Кеңес үкіметі жетпіс жыл бойы кедейшілікті насихаттап, нәтижесінде адамның рухани әлемінде қуыс, бос кеңістік қалыптастырды. Ол «қуыстың» мағынасы топастық, надандық. Сол «қуысты» әлі толтыра алмай келеміз. Тіптен, кей мәселелерде, жағдайларда сол қуысты толтыруды мақсат етіп те жүргеніміз шамалы. *** Сабыр дегеннің орысша дәлме-дәл лексикалық баламасын таппадым, бірақ сабырсыздық туралы айтылған ой, идея­лар Ресей мәдениетінде жеткілікті. Жазушы Федор Достоевский жас кезінде социалистік бағыттағы үйірмелерде болып, соның нәтижесінде қуғындалып біраз жыл Семей қаласында тұрғаны белгілі. Оның «Бесы» деген романы бар. Ол «бесы» (жын) деп сабырсыз, тағатсыз, революцияға яғни қиратуға құмар жандарды айтқан. Қирату, бұзу, жою үстемдік алса, оның орнына қандай «құндылықтар» орнықпақ деген мәселе, сірә, қаламгерді ойлантқан. Адамзат тарихы басталғаннан үзілмей келе жатқан сабақтастық бар, ол – ізгілік (гуманизм). Түсінікті тілге салсақ, адам болып туған соң адамша ғұмыр кешу керек. Осы бір былай қарағанда қарапайым түсініктің іске асуы қиынның қиыны. Адамзат саны өсіп, санасы өрбіген сайын бұл мәселе күрделеніп барады. Оның үстіне, технология жетіліп, ақпарат молайған сайын адам боп өмір сүру ауырлай түсуде. Ізгілік ой, ізгілік іс, ізгілік харекет үстем болуы үшін ар, намыс дегендер болмаса, адамшылықтан не қалмақ. Кезінде Александр Пушкин: «Сбились мы. Что делать нам! В поле бес нас водит, видно, Да кружит по сторонам» – дегені, дәл болды. Бес (жын) дегендер большевиктер болып шықты. Біз, қазақтар осы дүрбелеңге іліктік. Топас, надандар, тоғышарлар, бір сөзбен айтқанда, «жындар» билікке қолдары жетті де, қазақ зиялыларын бау­дай қиды, жұртты «бассыз» қалдырды. Қазақ топас большевиктерді «шолақ белсенділер» деп атады. Қазақ бодандық үстіне бодандыққа түсті. Патшалы Ресей бодандығын бір десек, большевик-коммунистер режимінің бодандығы одан асып түспесе, кем болған жоқ. Содан бері де теріс түсініктерден тазарып, сабыр сана­сына келе алмай жатқан күйіміз бар. Тәуелсіздікпен бірге дініміз оралып еді, оған тағы да надандықтың бір түрі ілесе келді. Біз ұлттық мемлекет құрамыз деп талаптансақ, «діни мемлекет халифат» құрамыз дейтіндер шықты, бұл болмайтын, күні өткен, келешегі жоқ іс. Дін ісінде де санаға сабыр қажет, қазақ болып тудық, қазақ болып өмір сүрейік, өз мазхабымыз, дәстүрлі ислам дініміз бар. Бұл істі жүргізіп отырған мұсылмандар басқармасы бар, Парламент қабылдаған заңымыз бар. Барды нәсіп деп, тәубе ету деген сабырлылық. Абай айтқандай хакім, даналар әр халықта бар, мәселе соларды тыңдауда. «Жындар» (бесы) билік құрғанда, қайдағы дұрыс сөз тыңдау, сөз орнына қару алғанда қасірет басталмақ, сананы шайтан билеп, жайлап алғанда сабырсыздық заманы орнамақ, Құдай содан сақтасын?! Орыс ақыны Александр Пушкин «Капитан қызы» повесінің жарық көрмеген қолжазбасында мынандай пікірін жазып қалдырған: «Не приведи Бог видеть русский бунт – бессмысленный и беспощадный. Те, которые замышляют у нас невозможные перевороты, или молоды и не знают нашего народа, или уж люди жестокосердные, коим чужая головушка полушка, да и своя шейка копейка». Бұған не қосуға болады. Ақынның сөзі тек орыс халқына ғана қатысты ма екен.... *** Шайтандық сайқалдыққа ұласқан ба деп күдік алып қаламын. Шайтан білімді, тіпті, ақылды, ол қабілетті, бірақ онда қасиет жоқ, үміт жоқ. Ол даңғазалықты, кеуде керуді сүйеді, адамды болмайтын іске бастап күйзеліске, дағдарысқа түсіруге шебер. Қазіргі қазақ қоғамының сондай дертінің бірі коррупция – қызыл көзді шайтандық, (нәпсі құмарлық). Асқан байлық, ұрланған байлық не үшін керек – бір нәпсі үшін. Ақшаға бәрі сатылады. Ақша бәрін тауарға айналдырады, оның ішінде адамдар да тауарға айналып сатылады, міне, бұл коррупция. Егер коррупция болмаса адам сатылмақ емес. Коррупция деген – қиянат. Осы тақырыпқа қатысты Шәкәрімде бір сюжет бар. Сөз Шәкәрімнің «Наушеруан» аңда жүріп киік атқан» деген сегіз шумақтан тұратын қиянат мәнісі туралы насихат өлеңі туралы. Мазмұны былай. Наушеруан патша аңда жүріп бір киік атып алады. Ет пісіріп жеу үшін тұз қажет болған. Патша жақын жердегі елді мекенге бір көмекшісін тұз алып келуге жібереді де, ол кетіп бара жатқанда кері шақырып алып тұздың құнына лайық ақша береді. Қасындағы уәзірі бұған таң қалып: «Шымшым тұз бір тиынға татымайды» – дейді. Патша Наушеруанның уәзіріне айтқаны: «Басшы алса бір алманы баға бермей, қосшы құртар алманың түп-тамырын» – дейді. Тәртіп ең алдымен басшыға керек. Шәкәрім бұл халді былайша баяндаған: – Мен алсам елдің жалғыз жұмыртқасын, Кесерсің мың тауықтың сендер басын. Сүйте-сүйте ашылып арандарың, Ағызарсың бұл елдің қанды жасын. Тәртіп бұзу, қиянат жасау – сабыр­сыздық. *** Әзәзіл – менменшіл. Даңғазалық оның өмір сүру қалпы. Ол туралы орыс ақыны Михаил Лермонтов «Демон» деген поэ­масында айтқан. Абай осы поэманың он шумағын еркін аударған. Өлең «Шайтан» – деп аталып, «Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны» – деп басталып, шайтанға «мінездеме» берген. Оның періштеден әзәзіл – шайтанға өткен өзгерісін (трансформациясын) былайша бейнелеген: Ол күнде көз жетпесті көп көздеген. Түгел білем қайда екен деп іздеген. Жапа-жалғыз білімнен бақ шықпайды, Өлшеусіздің сыймасын бір сезбеген. Қажетті түсініктерді қара бояумен беріп отырмын. Шайтан «көз жетпесті іздеген», ол оның ісі емес еді, «шайтан түгел білем» деген, ол да оның ісі емес, түгел білуші Алла тағала. Ол Алла тағала білімі. И.Кант­­тың айтып жүрген априориы осы Алла тағала білімі. Шайтан тек білімнен бақ шықпайтыннан мақұрым, себебі, ол қарғыс алған малғұн, шайтан білімді, тіптен, «ақылды», бірақ ол «білімнен бақ шығара» алмайды. Шайтан «өлшеусіздік» дегеннен мақұрым. Өлшеусіз бір Алла тағалаға тән, оны шайтан қайдан білмек. Сөйте тұра ол менменшіл, сабырсыз, оның ойын Абай былай деп нақты ашып берген: Босағасы кең еді, төрде орын тар, Төрде жалғыз отырмақ ойында бар. Жалғыздық бір тәңірінің сыбағасы, Өршілдікпен лағнетке болған душар. Сабырсыздық дегеніміз осы. *** Абайдың ақыл жинап қырықтан асқан кезі. Сабырсыздық елді әбден жайлаған. Сабырсыз пысықтар «атқа мінген». Жұрт жүдеу. Билік – орыста. Бүкшең қаққан қазақ. Сонда Абайдың айтқаны: Сабырсыз, арсыз, еріншек, Көрсеқызар жалмауыз. Сорлы қазақ сол үшін, Алты бақан ала ауыз. Заман портреті. Осы сөздердің бүгінгі күнге қатысы бар ма? Ойланып көрелік. Шәкәрім қажы айтқандай, заман өткен сайын адамның адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма? Қалта телефонымызбен Еуропа, Америка, Түркия, Малайзия елдерімен қолма-қол, ауызба-ауыз сөйлескенімізбен, соларға жақындай алдық па? Мүмкін, жақындармыз да, мәселе онда да емес, адамшылығымыз, қазақтығымыз түзеліп бара ма? Ойлап кетсең, ой құшағынан шыға алмай қаласың. Заманды сабырсыздық жайлап барады. Мұндай жағдайда адамшылық, қазақтығымыз қалай сақталмақ?! *** Біз адамшылық дегенді шөл далаға айналдырып алғанбыз. Шөл далаға су қажет. Шөл далаға гүл аралас шөп өсуі керек еді. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылы ішінде шөл далаға гүл аралас шөп өсіруде нендей жемісті істерге қолымыз жетті. Рух әлемі қанаттанды ма? Ата-бабалар сөзі күнделікті айтатын мәтел-мақалға айналды ма? Маған бір орыс әріптесім айтып еді: – Сіздерде Абай неге біздердегі Пушкин секілді емес. Біз сөз арасында Пушкин айтты дегенді жиі қолданамыз, ал сіздер Абай туралы жақ ашпайсыздар. Ойланып қалдым. Бүгінде Абай өлең­дерін, қара сөздерін жатқа оқитын жастар шығып келеді. Тәубе, қанағат. Бірақ, Абайды ұлтқа тегіс Ұстаз болатындай дәрежеде бағалай алмай жүргеніміз де шындық. Біреу «алтын» десе, енді біреу­лер қолындағы «бақырын» көрсетіп қала­тыны сияқты психологиялық хал бары тағы да анық. *** Дәл қазіргі заманға сабыр керек. Жоғарыда айттық, мұсылман қазақ қаралы күн басына түсіп, ауыр қаза болғанда бір-біріне демеу беріп, сабырға шақыратын. Сабыр өлім қасіретін сейілтуші сана. Үмітті ылайым сәуле еткен халқымыз. «Сабыр түбі сары алтын» деген байламға қандай жағдай болмасын келгенбіз. Бірақ, одан тоғышарлық, тоқмейілсу, мәнсіз-мағынасыз әлденеге алдану, жоқ нәрсені жұбаныш санау, көнбістікті дәріптеу, өзгелерге бас иіп жалпақтау, жалп-жалп етіп бір көрінген «жылтырға» еліктеу, ескі кеңес заманынан құндылықтар іздеу секілді істерден аулақ болуымыз керек. Сабыр – азамат санасы. Азаматтық сана. Сабырсыздық – асығыстық. Баршаға белгілі асығыстық – шайтан азығы. Бірақ, заман, шаруа, мінез өзгермей тұрмайды. Өзгеріс деген әлемдік, тіптен, ғаламдық құбылыс. Сол өзгерісті танып-білуде, нәтижелі іс, қарекет етуде ең алдымен керегі сабыр санасы. Бұл тұрақтылық, бей­бітшілік, жер бетінде адам болып өмір сүру философиясының субстанциясы. Ғарифолла ЕСІМ, академик Астана