30 Маусым, 2016

Уытты уағыз қайдан шығады?

764 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
дін- 2Әскерилер мен құқық қорғау қызметкерлері зейнеткерлерін емдейтін емханаға келгенмін. Қабылдау бөлмесіндегі кезек әжептәуір екен. Менің алдымда қаба сақалды бір кісі отырды. Үлкенді сыйлап өскен әдетіммен: – Ассалаумағалейкүм, ағасы, соңы сіз бе? – дегенім сол еді. – Мен сенен үлкен емес шы­ғармын, қайдан білесің? – дегені. – Сақал қойғаныңызға қарағанда, үлкен болуыңыз ғажап емес, – дедім мен де қитығып. Оным «сақалаңызды сыйлағаным ғой» деген сияқты болып шықты. – Сақал қойсам, имандылық үшін қойдым, бес уақыт намазымды оқимын, бала-шағаммен мешітке барамын, үлкен ұлым да сақал қойған, онда тұрған не бар, – деп «уағыз» айта жөнелген «ағамның» жасы менен кіші екенін ұқтым. – Жарайды, інішек, имандылық жолға түс­кенің дұрыс болған екен, бірақ иманы бар адам, біріншіден, «Ассалаумағалейкүм» деп амандасқан кісіге жассың ба, кішісің бе, деп дүрсе қоя бермей, «Уағалайкүмассалам» деп жауап қайтарар еді. Тап осы түріңмен погон тақпаған шығарсың, қайда істеп едің өзің? – деп сұрадым. Сұрағым қатқылдау болса да жанды же­ріне тиді-ау деймін. Бағанағыдай емес, ініміз жұмсарғандай кейіп танытты. Жөнге келіп, әңгімесін айта бастады. Құқық қорғау органының қызметкері болып майор шенінде, қырық бес жасында зейнеткерлікке шығыпты. Дінге кіруіне, өзі айтқандай, үлкен ұлы себепкер болыпты, тәуелсіздік алған кездегі жастардың алғашқы легімен шетелге шығып үлгерген. Сол ұлының Мысырда діни сауатын ашып қайтқанын да алға тартты. Ол сол елдегі оқуын бітіріп келе сала әкесіне де ақыл айта бастаған. «Дін жолын таңда, таза мұсылмандық белгісі – сақал қойып жүр» деген сияқты. Тағы не айтарын кім білген, дәл осы уақытта кезегі келді де, «інім» ішке кіріп кетті. Енді бірде бір таныс келіншектің күйеуі қайтыс болып, көңіл айтуға бардық. Бізден кейін бастарын бүркемелеген бір әйел мен қыз келді. Көршілері екен. Құран оқылды. Жұбату сөздері айтылып жатыр. Бір ағамыздың «Аруақтың жатқан жері жайлы болсын, топырағы торқа болсын» дегені сол еді, әлгі бүркемелі орамалды әйелдің «аруақ деп айтуға болмайды, аруақты қолдан шығарып жүрсіңдер, аруаққа емес, Аллаға сыйыну керек» демесі бар ма. Содан соң өзінің кейінгі уақытта намазға жығылғанын айтып, дін жолына түсуіне себепкер болған қасындағы қызын мақтай жөнелді. Аруақты айтқан ағамыз «аруақ жар болсын, аруақ қолдасын!» деп батыр бабалардың атын ұран етіп, атойлап жауға қарсы шабу қанға сіңген қасиет екенін, аруақты барлық жөн-жоралғыларымен жерлеудің қазақы салты ғасырлар бойы келе жатқанын тілге тиек еткенмен, ол әйелге ұғындыра алмады. Ол-ол ма, әлгі әйел «шелпек пісіріп жүргендерің де дұрыс емес» деп салды. Өзімдікі жөн дегендей, «уақытымыз аз, біз кеттік» деп беттерін сипап, шығып кетті. Осы екі жайтта да, былай қарасаң, бас жарылып, көз шығатындай ештеңе жоқ секілді. Бірақ бағамдай қарасаң, біраз нәрсе бар деп ойлаймын. Біріншіден, балаларының ықпалымен аяқ астынан діндар бола қалған әке-шеше. Ата-ана балаға ақыл айтудың орнына, ұл-қыз ата-ананы дінге жетелеп жүр. Екіншіден, сана өзгерген, өткеннің бәрі жаман деген түйсік пайда болған. Үшіншіден, егер сен шынымен де иманды болғың келсе, дінді алға тартпай-ақ, үлкенді құрметтей біл, айтқан сөзін тыңда, бетінен алып шап бермей, сабырлы бол. Нағыз мұсылмандық, имандылық деген сол емес пе? Әйтпесе, судыратып дұға оқи отырып, ата-баба дәстүрін жоққа шығаратын уағыз кімге керек? Мұсылмандықтың белгісі сақал қойып, шелпек пісірмеу ғана ма екен? Сақалды да бұрын жасы келген, алпыс-жетпістің үстіне шыққан кісілер ғана қойып, қаба сақал қылып желпілдетпей, сәндеп, ерекше жарасымды қоюшы еді. Ал біле білген адамға шелпек пісіріп, иіс шығару, аруаққа арналған дәм, оның үстіне бауырсақ, шелпек дегенің ұннан жасалатын тағам емес пе? Сұрақ көп. Оны айтасыз, кейінгі уақытта, әсіресе, әлеуметтік желілерде екі-үш әйел алуды заң­дастыру керек деген пікірлер де шығып жүр. Тіпті, ол бір кездері Парламент Мәжілісі депутаттарының тақырыбына да тамызық бола жаздады. Нағыз мұсылманмын деп әнші-жыршылығын қойып жүргендердің қатарына айтыскер ақындар да қосыла бастапты. Олардың алды ресми, бейресми түрде бірер тоқал жетектеп жүргендері де дүйім жұртқа белгілі. Олар көп әйел алуды мұсылмандықтың белгісі санайды. Ата-бабаларымыз солай істеген деген уәж айтқысы келеді. Мұның бәрі қазіргі байшыкештердің тірлігі, біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіредінің кері. Әйтпесе, бұрынғы ата-бабаларымыздың көп әйел алуының мұсылмандыққа еш қатысы жоқ. Ұлан-байтақ атамекенін қорғау үшін ер балалар көп керек екені белгілі. Ұрпақ көбейту, қа­зақ санын көбейту мақсатымен бірнеше әйел алатындар болған. Әр әйелдің ізінен үбірлі-шүбірлі балапандар ерген. Ата-бабамыз ешқашан да қыз балаға бетперде кигізбеген. Қара хиджаб түгілі, қара көйлектің өзін жаман ырымға жорыған. Азаттықты аңсап өткен көшпелілерге тән ұлы да, қызы да еркін өсіп, атқа қонған. Еркін өсу деген сөз еркелік емес, батырлыққа, намысқа толы рух жігері. Ал қазіргі тоқалдыққа көніп, хиджаб жамылғандардың бәрі топырлатып бала туып жатыр деп айта аламыз ба? Жоқ, әрине. Тіпті, бала туғызбай, тек сәндік үшін бетпердесі бар тоқал ұстап жүрген қазақтың байшыкештері баршылық. Бетің кеміс болса – бүркен, тұмау тисе – тұмшалан, ал жұрт аман, ел тынышта қара бетпердесі несі?! Иранның, арабтың күн ыстығында киетін, ұлт киіміне айналып кеткен қара жамылғысын біз бұрын-соңды киіп пе едік?! Міне, жастардың түсінбейтін жері осы. Ашықтау жүргенді қаламасаң, ұзындау көйлек киіп, орамалды сәнмен тартатын қазақтың өзінің де киім үлгісі жетеді емес пе? Қонаққа барғанда, көшеде жүргенде осындай келеңсіз жайттарды көріп, қынжылады екенсің. Бірді-екілі емес, дерт сияқты дендеп келе жатқан діни ағымдардың, әуелі құлақты ұйытатындай болып естіліп, арты улы уылдырықтай ұрық шашатын уағыздардың қайдан шығып, қайда бара жатқанын бағамдай білейік дегім келеді. Өнегені сырттан іздегенше, өз ұлтымыздың тамырынан іздеген жөн. Тал бесіктен басталатын ұлттық тәрбие, мектеп, жоғары оқу орындарында жалғасын тапса екен деймін. Сонда жастарымыз да адаспас еді.  Сәдуақас ЖҰБАТ АСТАНА