Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВПЕН әңгіме
– Ректор мырза, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүшелікке сайланды. Бұл нені білдіреді?
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайлануы дәуір тынысындағы тарихи оқиға деп бағаланады. Бұл көптен күткен жағдай еді. Өзіңіз білесіз, кешегі 28 маусымда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде үмітіміздің ақталғаны мәлім болды.
Мынаны қараңыз, дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі – Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берді. Осының өзі ел абыройының биікте екендігін көрсетеді. Сұрағыңыздың жауабы осыдан өрбіп жатқандай емес пе? Қазақ еліне құтты болсын айтқым келеді.
– Мынадай жағдайға екпін түсіре кеткіміз келеді. Біздің еліміз БҰҰ Жарғысы бойынша жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттенген ең маңызды саяси органның құрамына тарихта бірінші болып сайланған Орталық Азияның мемлекеті болды. Не үшін?
– Ештеңе жайдан-жай болмайды. Бүгінгі нәтиже – Қазақстанның және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғасының халықаралық деңгейдегі биік беделінің, оның жаһандық және өңірлік мәселелерді реттеуге, ядролық қарусыздану мен оны таратпау мәселелерін ілгерілетуге қосқан бірегей үлесінің жарқын айғағы. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов таратып айтты.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне сайлану дәп қазіргі күні өзекті болып отырғаны белгілі. Үміткер өзге мемлекеттен оза түсуіміздің себебі неде болып тұр?
– Тәуелсіз Қазақстан өзінің ширек ғасырлық тәлімді кезеңінде әлем дидарындағы өзіндік бет-пердесін танытты. Осынау тарихи өлшемдегі қысқа мерзімде мемлекетіміз бейбітсүйгіш дәйекті сыртқы және ішкі саясатының халықаралық қоғамдастықта жоғары құрметтелетінін дәлелдеді.
Біз мұндай өсу кезеңінен өтуіміз керек. Уақыт талабы сондай.
– Нақтылыққа құрылған түйінді дұрыс дейтініміз бар. Ендеше, жоғары білім саласына, өзіңіз басқарып отырған университет өмірінде қандай сілкініс болады деп санайсыз?
– «Ойлайсыз» дегеніміз дұрыс шығар. Кесіп айтуға бара қоймағанымызбен, алдағы қадамдарымыздың барлығы білім ордаларынан басталатындықтан, университетіміз мемлекеттік саясаттың ілгері легінде болатыны айқын. Президент өз Жолдауында Қазақстан халқына үлкен жауапкершілік артылғанын және өз отандастарына сеніммен қарайтынын, бүгінгі дағдарыстар мен бөгеттерді бірігіп жеңе алатынын айтты.
Әсіресе, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру терең білімділікті, біліктілікті, шеберлікті қажет етеді. Ал ол – болашақ үшін кез келген мамандықты толық әрі білікті игеру деген сөз. Яғни, білім мен ғылым көзін жетілдіруге бағыттайды. Бұл ретте, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖОО студенттерінің шәкіртақыларын 25 пайызға көтеру арқылы жастардың білім алуына қолдау көзделіп отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан жастарын «білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға, жұмыс пен сұранысы бар өңірге батыл қадаммен баруға, шеберлікке қол жеткізуге шақырып, жоғары оқу орындары мамандарына, педагог ғалымдарға білім беруде, кәсіби маман даярлауда үлкен жауапкершілік жүктеді. Ол үшін білім жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білім алу мен білім берудің, оқытудың халықаралық талаптарын меңгертудің маңызы зор. Осы орайда, солтүстік өңірдегі 50 жылдан астам тарихы бар университетте атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар белгіленген міндеттермен өз үйлесімін тауып отыр деп айта аламыз. Аталған білім ордасында үздіксіз білім берудің нақты жүйесі құрылған.
– Таратыңқырап айтсаңыз жөн болар еді.
– Қазіргі уақытта аталған білім шаңырағы бакалавриат, магистратура және докторантурадан тұратын көпдеңгейлі құрылым болып табылады. ЖОО бакалавриаттың 54 мамандығы бойынша және магистратураның 27 мамандығы, PhD докторантураның 4 мамандығы бойынша (математика, тарих, филология, шет тілі: екі шет тілі) оқыту қызметін көрсетеді. Аталған оқу ордасында оқу үрдісін заманауи білім беру технологиялары негізінде жаңғыртуға, маман даярлаудың сапасына, ғылыми-педагогикалық кадрлардың әлеуетін нығайтуға көп көңіл бөлінуде. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатымен физикалық, химиялық, техникалық және ауыл шаруашылығы зертханалары жаңадан жабдықталып, ғылыми-өндірістік кешен құрылды.
Қазақ елінің жаңа сатыға көтерілуінің басты негізі, үкілі үміттеріміздің берік тірегі болмақ. Бүгінгі жетістіктеріміз – Елбасы алдымызға бұған дейін де қойған міндеттердің тиянақты орындалуының көрінісі. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы болашағымыздың баяндылығын айқындайды.
Әңгімелескен
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы