30 Маусым, 2016

Ел мен Елбасы мәртебесі

383 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
29-06-2016-Kul-MukhammedМұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бұрнағы күні біз Елбасымыз Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың халық­аралық аренадағы ел мерейін биік­тет­кен аса мәртебелі жеңісіне куә болдық. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайлануы ешбір әсіре­леусіз аса маңызды тарихи оқиға болып саналады. Осы шешім арқы­лы біздің еліміз жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ете алатын ең абыройлы 15 мемле­кеттің қатарына қосылды. Бұл Елбасы ұстанған сыртқы саясатымыздың айрықша салтанаты. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл тарихи шешімінің ел тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келуінің де үлкен символдық мағынасы бар. Өйткені, Елбасымыз тәуелсіздіктің 25 жылы бойына халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған сындарлы сыртқы саясат жүргізу арқылы бүкіл әлем алдында аса зор абырой, беделге ие болды. Біріншіден, Елбасымыз хал­қымызға жылдар бойы ажал сеуіп, қисапсыз қайғы-қасірет әкелген Семей полигонын жапты. Бүгінде бүкіл дүниежүзі Біріккен Ұлттар Ұйымы шешімімен Қазақстан Президентінің полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойған 1991 жылдың 29 тамызын ресми түрде Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні ретінде атап өтеді. Екіншіден, Елбасымыз өз ер­кімен әлемдегі қуаты жағынан төртінші болып келетін ядролық қарудан бас тарту арқылы дү­ниежүзіндегі тұңғыш әрі жеке-дара Президент ретінде тарихқа енді. Үшіншіден, Елбасымыз Қазақ­станды ядролық қарусыз аймақ ретінде жариялап, әлемдегі ең қуатты бес ядролық мемлекеттердің еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кепілдігіне ие болды. Кейін Ол бүкіл Орталық Азияға да дәл осындай кепілдік әперді. Төртіншіден, Елбасымыз «АТОМ» жаһандық жобасын жа­сау арқылы ХХІ ғасырдағы ядро­лық қаруға қарсы халықаралық қозға­лыстың көшбасшысы атанды. Қазақстан Президентінің әлем халықтарына жолданған ядро­лық қарудан бас тарту туралы үндеуіне бүгінде жүздеген мың адам қолдау көрсетуде. Сол себеп­ті, Вашингтонда өтетін ядро­лық қауіпсіздікке арналған халық­аралық саммиттерді ашу құрметі үнемі біздің Елбасымызға бұйырады. Бесіншіден, Қазақстан Пре­зиденті әлем тарихында тұңғыш рет бес мәрте қатарынан дүние­жү­зін­дегі әлемдік әрі дәстүрлі дін өкіл­дерінің басын қосып, жаһан­дық конфессияаралық үнқаты­судың берік іргетасын қалады. Алтыншыдан, Қазақстан посткеңестік елдер ішінде бірінші болып Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Елбасымыз аса беделді халықаралық ұйымның тарихи саммитін өткізіп, «Қауіпсіздік қауымдастығына бетбұрыс» атты әйгілі Астана декларациясының қабылдануына ықпал етті. Бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы 10 жыл қатарынан дәл осындай жоғары деңгейдегі басқосу өткізуге қол жеткізе алмаған болатын. Жетіншіден, Қазақстан Ел­басының сындарлы саясатының арқасында аса үлкен халықаралық дау-дамайларды шешуде зор беделге ие болды. Біздің еліміз Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі келіспеушіліктерді реттеуде араағайындық рөл атқа­рып, осы елге салынған халық­аралық санкциялардың алынуына ықпал жасады. Нәтижесінде, бізбен көршілес Иранның екінші тынысы ашылып, әлемдік деңгейдегі экономикалық ықпалдастыққа қол жеткізді. Халықаралық сарапшылар Елбасымыздың Украинадағы қару­лы қақтығысты реттеуге қосқан үлесіне де аса зор баға берді. Ол Ресей мен Франция прези­дент­тері кездесуінің өткізілуіне араағайындық жасап, Ресей мен Батыс елдері арасындағы өрши түскен шиеленісті жағдайды реттеуге үлкен үлес қосты. Кеше ғана Түркия басшылығы Қазақстан Президентіне Анкара мен Мәскеу арасындағы қарым-қа­ты­настың оң сипат алуына қос­қан үлесі үшін ерекше алғысын білдірді. Қазақстан соғыс өртіне көп шалдыққан Ауғанстанға да сан-салалы гуманитарлық көмек көр­сету арқылы оның бейбіт өмірге оралуына ұдайы қамқорлық көрсетумен келеді. Сегізіншіден, Қазақстан Еу­ра­зиядай алып материкте жүзеге асып жатқан аса үлкен интеграциялық үдерістердің басты бастамашысы болды. Олардың қатарында қазір зор табыспен жұмыс істеп тұрған Еуразиялық экономикалық одақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығы, «Үлкен Еуразияны» құру, Ұлы Жібек жолын жаңғырту сияқ­ты жаһандық жобалар бар. Мұның бәрі Еуразияда орналасқан сан алуан мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстар­ды өрістетіп қана қоймай, оларды мекен­деген халықтардың бір-біріне деген өзара сенімі мен ықпал­дас­тығын арттырып, жаңа қауіп­сіздік жүйесін жасауға игі әсерін тигізуде. Тоғызыншыдан, Елбасымыз бүгінде аса беделді халықаралық ұйымға айналған Шанхай ынты­мақтастық ұйымының басты құрыл­тайшыларының бірі болды. Бұл ұйым қазіргі таңда 3 мил­лиардтан астам адам мекен ететін, әлемдегі экономикалық әлеуеттің үштен бірін қамтитын 18 мемлекеттің басын құрап отыр. Жақында Ташкентте өткен саммитте ұйым тізгінін тағы да Қазақ елінің басшысы ұстап, алдағы жылы соның аясында өтетін барлық саяси-экономикалық жаңа үдерістерге жол ашатын болады. Оныншыдан, Елбасымыздың биыл Вашингтонда жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі әлемдік қоғамдастық тарапынан аса үлкен қолдауға ие болды. Қазақ елі басшысының жаһандық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге арналған, алысты болжаған жаңа бастамасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблея тарапынан ресми құжат мәртебесіне ие болды. Бұл Ел­басымыздың бейбітшілік пен қауіп­сіздік мәселесі жөнінен әлем таныған жаһандық стратег деңгейіне еркін көтерілген ерен тұлға екендігінің айқын дәлелі болып табылады. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайлануы – Қазақстан Прези­дентінің әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ұлт­аралық және дінаралық та­ту­­лық­ты орнықтыруға бағыттал­ған жаһандық қызметіне берілген аса үлкен баға әрі еліміздің халық­аралық деңгейдегі зор беделінің белгісі. Әлем таныған Елбасымыз­дың биік беделі – еліміздің де үл­кен мерейі әрі мәртебесі. Қуаныш құтты болсын, ағайын!