Аружан Саин – қайырымдылық істерімен қазаққа кеңінен танымал есім. Алғаш «Центр тяжести» интернет форумының «Қайырымдылық» саласы бойынша өз жұмысын бастап, көптеген игі істермен Аружан іргетасын 2006 жылы қалаған «Еркін мейірімділік қоғамы» деп аталатын қоғамдық қор елімізде қайырымдылық ісімен айналысатын ең ірі қорлардың бірі.
Екінші мыңжылдықтың басында бір топ жас еріктілер сәбилер үйіндегі жетім балаларға көмектесуге барып, сол жерде ауыр дертке шалдыққан бір бүлдіршінге күрделі ота жасауға көмек керек болғанынан хабардар болады. Кісі көңіліне жұбаныш, жетімге жебеу болуды көздеген сол еріктілердің қатарында Аружан да бар еді.
Міне, Аружан сырқат сәбиге көмек керек екендігін ғаламтор бетінде жариялап, көпшілікке хабар таратады. Ғаламтор қолданушылар арасында бұл ақпарат жедел тарап, тіпті еліміздегі ірі компаниялар да көмек қолын созғысы келетіндігін, алайда қомақты қаражатты жеке адам қолына беру мүмкін емес екендігі анықталады. Осындай қажеттіліктерден кейін Аружан қоғамдық қор құрып, жарымжан жандардың ауыртпалығын көтеруге бел шешіп кіріседі.
Алайда, жетім балалар үйіндегі дертті сәбиге көмектесу тым кеш еді. Ауруы асқынған бейкүнә сәбиді құтқарып қалуға кешіккенімен, Аружан басқаратын қоғамдық қайырымдылық қор күні бүгінге дейін түрлі деңгейдегі сырқатқа шалдыққан 1419 баланың уақтылы ем алуына, жас өмірін сақтап қалуына себепкер болды. Жаны жүдеу мүсәпірді далаға тастамайтын жылы жүректі қазақстандықтардың қолдауымен 1,5 мыңнан астам ауыр дертке шалдыққан сәбиге көмек көрсетілді. Осы уақыт аралығында Аружан Саин басқаратын қор 2 миллиард 63 миллион 309 мың 841 теңге қаражат жинап, талай отандасымыздың, оның ішінде ауыр сырқатқа шалдыққан бүлдіршіндердің жанына араша бола білді.
Былтыр, яғни 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің тарихында жеке тұлға жасаған ең ірі қолдау көмек ретінде Аружанға 300 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай көмекті табыс етіп, оның Жаңа Жібек жолының жандануына және дамуына қосқан үлесі үшін марапат-сый көрсетті.
Қазірде Аружанның есімі Қазақ даласында құрметпен аталып, тағдыры қиыншылықпен басталған талай жанның ауыртпалығына қанатымен су тасыған қарлығаштай еңбекқорлығымен кеңінен танымал болды. Ол араласпаған, ол сақтап қалуға үлес қоспаған жас өмір, дертті сәби кемде-кем. Аружан басқаратын қайырымдылық қорға көмек сұрап келетін кісі, жазылатын хат-хабарда қисап жоқ. Әрине, оның адалдығы мен іскерлігіне тәнті болған демеушілер де реті келгенде қолдау көрсетіп, қоғамның бір мұңын да болса азайтуға, бір отандасымыздың көңіл бұлтын сейілтуге бейім.
Аружанның арманы көп. Қоғамда жетім балалар үйі болмаса екен деп те, сәби атаулы сырқатқа шалдықпаса екен деп те, Қазақ елінде бүлдіршіндердің шат күлкісі мәңгі жалғасып, ешбір адам ата-ана болу құқығынан айырылмай, ешбір сәби шаңырақ жылуын аңсамай, тек бейбіт те берекелі ел болсақ екен деп көп ойлайды. Ойлап қана қоймай, сол жолда өміріне ауыртпалықтың көлеңкесі түскен жандарға көмек қолын созуға үнемі көмектесіп жүреді. Соның нәтижесінде «Еркін мейірімділік қоғамы» қоғамдық қоры – Қазақстанда емделмейтін, ауыр науқас балаларға көмек көрсетуге бағытталған «Балаларға өмір сыйла», «Жетімдерсіз Қазақстан» және «Аутизмді жеңеміз!» қайырымдылық шараларының бастамашысы әрі ұйымдастырушысы болып талайдың алғысына бөлене білді.
Аружан еліміздің, әсіресе, Алматы қаласының қоғамдық өміріне қызу атсалысып отырады. Осындай сергек ойлы, азаматтық жауапкершілікке деген саналы қадамдарының жемісі болса керек Аружан 2016 жылы Алматы қаласында қайта құрылған қоғамдық кеңеске мүше болып қабылданды.
Бұдан өзге, Аружан Саин телевизиялық жобалар мен теле-сериалдар түсіру ісіне продюсер ретінде белсене араласады. Белгілі шоумен Мұрат Оспанов жүргізетін «Такси» теле-шоуы, «Караоке-такси», «Деньги в дом», «Кухня», «Балапан» арнасында көрсетілетін балалар мен жасөспірімдерге арналған «Биле-биле» және «Кішкентай Ньютон» бағдарламалары «Аружан және компания» продюсерлік орталығы түсіріп, қалың көрерменнің көзайымына айналған телетуындылар.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ