Таяуда бір орыс азаматымен сапарлас болып, әңгімелесудің реті түсті. Айта кетерлігі, бұл кісі көрген- түйгені мол, әңгіменің майын тамызатын адам екен. Үлкен әжесін де, өзінің анасын да тіліне тиек ете отырып, сол кісілерден естіп едім деп, біраз жайттарды сөз етті. Әсіресе, «Смысл жизни – в общении», «Чем выше забор соседа, тем дальше он от тебя» деген сөздері жадымда қалып қойыпты. Бір қызығы, кейінде «Егемен Қазақстан» газетінен «Құдайы көрші» атты көлемді мақаланы оқып отырғанымда осы сөздер есіме қайтадан оралды.
Ойлары озық, қаламдары ұшқыр журналистер Анар Төлеуханқызы мен Қарашаш Тоқсанбайдың бірлесіп дайындаған бұл мақаласы менің жадымды жаңғыртып қана қойған жоқ, сондай-ақ, ол көңілді күпті етіп жүрген бүгінгі күн тәртібінің ең өзекті бір мәселесін қозғауымен маған үлкен әсер қалдырды. Расында, «Көрші ақысы – Тәңірі ақысы» деп, көршісін құдайдай сыйлаған кешегі қаймана қазақ уақыт өте келе мүлдем өзге күйге түседі деп ойладық па? Мақала авторлары осыны меңзейді, мәселенің астарына үңіле келе, тереңнен талдауға ұмтылады, тұйықтықтан шығаратын жолды бірге іздесуге шақырады. Мақала осынысымен құнды, әрі мейлінше маңызды. Ең бастысы, бұл тақырып мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатына тікелей қатысты десем, қателесе қоймаспын. Ендеше, көп болып кеңесіп, келелі мәмілеге келсек, қане?!
«Көңіл көңілден су ішеді» деген сөз бар. Ой таразысына салып көрсеңіз, адамның көңілінің көтеріңкі болып, айналасындағыларға адамгершіліктің, татулықтың, мейірбандылықтың, жақсылықтың нұрын шашып жүргеніне не жетсін, шіркін. Ал, мұндай ахуалдың көршілердің арасында түбегейлі орнығып жатуы, түптеп келгенде, ел бірлігінің сенімді кепілі емес пе?
Сондай-ақ, барыс-келіс, алыс-беріс дейтін сөздер ұдайы қатар, қосарлана айтылады. «Беріспесең – алыспайсың, алыспасаң – алыстайсың» деген қанатты сөз және бар. «Тыққаның жоғалтқаның, бергенің тапқаның», – деп те бекер ескертілмеген. Ал бұл тек сөздің ұйқасы үшін қолданылмаған, дана халқымыз кенеулі сөзді мәнерлі кестелегенде неғұрлым ұғынықты болуын ескерген әрі мәселенің саяси-әлеуметтік жағына да терең мән берген.
Иә, оқшаулану ешуақытта ешкімге абырой әперген емес. Көршілердің мамыра-жай қарым-қатынастарын орнықтырудың сыртында, мемлекеттердің де бір-бірімен тығыз байланыста болуы бізге аса қажет-ақ. Әсіресе, Қазақстан үшін оқшаулану саясаты жеңіліспен тең екендігін айтып жатудың өзі артық. Мен мұны бекерден бекерге айтып жатқаным жоқ. Қазір әр жерден: «жерімізді қытайларға беріп қойдық», «ел байлығы шетелдерге тегін сатылып кетіп жатыр», «ұлттық мүдде ескерусіз қалуда» деген тәрізді әңгімелер жиі естілуде. Шындап келгенде, ашық экономика жағдайында біздің өзге мемлекеттермен достық қарым-қатынаста болуымыз тіптен де аңқаулық пен кіріптарлықтың көрінісі емес екендігі есте болғаны ләзім. Керісінше, «көршілерімізбен дұрыс қарым-қатынас орнықтыру арқылы еліміздің қарыштап дамуына толық жол ашып отырмыз», деуге толық негіз бар. «Досы көп елдің ырысы көп» дегендей көршілерімізбен тату болайық, ағайын! «Құдайы көршінің» де көздегені осы.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы
АСТАНА