Түрікмен-қазақ футболының түлегі, Қазанның «Рубин» командасының бұрынғы бас жаттықтырушысы, қазір Дондағы Ростовтың «Ростов» командасын жаттықтырып жүрген белгілі маман Құрбан Бердыевке Ресей футбол одағының (РФС) өкілдері шығып, қызметтестік болу тұрғысында әңгіме қозғады.
ТАСС-тың дерегі бойынша, бірақ әзірге маманмен келіссөз жүргізілмеген. Дегенмен, РФС жақын арада Құрбан Бекиұлына Ресей құрамасы тізгінін алуды ұсынатын сияқты.
Шын мәнінде Бердыев өткен аптада «Ростовпен» алдағы екі футбол маусымына контрактіні жалғастырып қойып еді. Ал келісімшартта қызықты баптар да бар екен. Атап айтқанда, ресми емес мәліметтерге қарағанда, жаттықтырушы бұл келісімшартты кез келген уақытта біржақты бұза алады. Осынысы үшін және ешқандай өтемақы төлемейді.
Ресей құрамасын 2015 жылғы тамыз айынан бері Мәскеудің ЦСКА командасының бас жаттықтырушысы Леонид Слуцкий жаттықтырып келді. Ол құраманы Еуропа чемпионатының іріктеу тобынан алып шығып, Францияда өткен финалдық кезеңіне жеткізді. Бірақ француз жерінде Ресей командасы қатты сәтсіздікке ұшырады. Ол топтағы үш ойынның біреуін тең аяқтап (Англия – 1:1), екі ойынында ұтылды (Словакия – 1:2, Уэльс – 0:3). Сөйтіп, топта ең соңғы орында қалып қойды. Осыдан кейін Слуцкий өзінің ұлттық командадан кететінін мәлімдеді.
Талғат РАЙЫМБЕК.