01 Шілде, 2016

Алқа ақиқаты

313 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ЕНУОтандық білім беру ісінің өткені мен алдағы күндерге арналған жоба-жоспары сараланған Білім және ғылым министрлігінің алқасы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Онда қаралған негізгі мәселе 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жайы болды. Алқаның жұмысына мемлекетіміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары, ведомствоға қарайтын ұйымдардың, облыс, Астана мен Алматы қалаларының білім беру басқармаларының, ғылыми-зерттеу институттарының, ғылым ұйымдарының, сол секілді біліктілікті арттыру институттарының басшылары қатысты. Қоғамды кеңінен хабардар ету және бүкіл жаңғыртулар мен бастамаларды барынша ашық түрде жұртқа жеткізу жайын ескере келіп, жиынға ақпарат құралдарының өкілдері де шақырылғанын айта кетсек дейміз. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев басқосуда отандық білім беру жұмысының міндет-мақсаттары қандай деген сұраққа тереңдеп барып, министрліктің жоспарлы істерімен жиналғандарды таныс­тырды. Сол жұмыстарды ұтымды атқару жолдарын да таратып айтты. Оның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев міндеттеген келелі бағыттар да бар. Әсіресе, жаһандану заманында білім беруді талапқа сай жүргізу ісінде оқу базаларының жөні бөлек екені белгілі. Бұл «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында дәйектелгенін атай келіп, апатты жағдайдағы мектептерді жою үшін ағымдағы жылы министрлік 34 жаңа мектеп салып, Ұлттық қор қаражаты есебінен тағы да жаңа 42 білім ордасының құрылысын бастауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, министр білім беру ұйымдарын жоғары жылдамдықтағы ғаламтормен қамтамасыз етудің маңыздылығын да еске салды. 2020 жылға қарай кеңжолақты ғаламтормен оқушылардың 90 пайызын, студенттердің 100 пайызын қамту жоспарланғанын тілге тиек етті. Ол, бұған қоса, сыбайлас жемқорлық қаупін азайтатын ҰБТ-ны өткізудің жаңа тәсілдерін түсіндіріп, орта білім беру жүйесін жан басына қарай қаржыландыру әдістері туралы соны байламын алға тартты. Секциялық жиындарда білім беру жүйе­сінің ұлттық статистикасы, білім беру кадрларын даярлаудағы жаңа тәсілдеме, оқыту мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жоғары білім беруді дамыту, оған қоса, жастарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне қатыстыруға жағдай жасау мәселелері жан-жақты талқыланды. Сол секілді, үш тілді білім беру, бес күндік оқытуға әзірлік жайы да қозғалды. Алқа отырысында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының білім беру бөлімінің басшысы А.Өтесбаева өз сөзінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру жайын, ағылшын, орыс тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің жете бермейтінін, ол үшін жоғары оқу орнын бітірген мамандарды арнайы жолдамамен ауылға жіберу керектігін еске салды. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының менеджменті Қ.Бәйтенова мектептерге инновациялық технология енгізу, тілдік қабілетті дамыту жайын қозғаса, «Біліммедиагрупп» ЖШС директоры Т.Мұхтаров үш тілді білім беру, білімді бағалау туралы ойын ортаға салды. Жиын үстінде мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілін мектептерде оқыту әңгімеге арқау болып: «11 жыл білім алған түлек мемлекеттік тілді толық меңгере алған ба?», деген сұрақ алға тартылды. Мұнымен қатар: «ҰБТ баланың ізгі ойын жеткізуді тежеп отырған жоқ па?» деген ой да тілге тиек болды. Білім мазмұнын жаңарту ісінде жаттандылықтан арылу қажеттігі де ортаға түсті. Тілді меңгеру кезінде білу, түсіну, қолдану, жаза білу, сол арқылы сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, оған жетудің жолы өтілген сабақтың 90-95 пайызын оқушы түсініп, еске сақтау керектігі, ол үшін оқушы жүріп жатқан пәнге қатысып отыруы тиіс екені айтылып, бұл тәсіл білім берудің жаңартылған мазмұнында іске асуы сөз болды. Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Д.Нүкетаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың интеллектуалды ұлт қалыптастыру туралы бағдарлы сөздеріне тоқталып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы міндеттерді мүлтіксіз орындау барысында педагогтарға, әсіресе, болашақ кадрларға қойылар талаптың мол екенін атап өтті. Ұлттық ғылым академиясының президенті М.Жұрынов әлемдегі өркениетті 30 елдің қатарына кіру жолындағы ұмтылысқа білім мен ғылым өкілдері қосар үлес аз емес екенін, әр жұмыстың ғылыми негізі болуы тиістігін еске салып, еліміздегі жер байлығынан мысалдар келтіріп, байлық бар, ендігі жерде адам капиталын дамыту қажет. Ол үшін ұрпағымыз білімді болумен қатар, ғылымды да терең меңгеру керек, деді. Академик сөз түйінінде «ҰБТ-да алған балл толық білім көрсеткіші бола қоя ма?», деген сұрақты алға тартты. Алқа отырысын қорытындылаған Ерлан Сағадиев айтылған пікірлер алдағы уақытта ескерілетінін, әсіресе, жаңа оқу жылында оқушыларды қажет оқу құралдарымен қамтамасыз ету шешімін табатынын, оқушы білімін бағалау ҰБТ-мен ғана шектелмейтінін атады. Шынында, ҰБТ нәтижесі бір кездері облыстардың, тіпті, ауданның көрсеткіші болған кезеңдер бастан өткен. Ақиқатына келсек, ҰБТ-ның нәтижесі көп жағдайда шынайы білім көрсеткіші болмайтынын уақыт дәлелдеп берді. Сынақ кезінде жатталған тақырыптар ай өтпей жатып ұмытылып, жоғары оқу орындарына жеткенде оқытушы-профессорлардың: «Бұл қалай?» деген наразылығынан хабардармыз. Бір сөзбен айтқанда, алқаның ақиқаты білім сапасын көтеру, ғылымды өрістету, ол үшін тиісті мекемелер жүйелі жұмыс істеу керек деген түйінге тірелді. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»