Орал өңірінде оның саны 2 мыңға жақындайды
Бүгінгі күннің ең өзекті әрі көкейкесті мәселелерінің бірі тұрғындарды жұмыспен қамту болып табылады. Қазіргі кезде әрбір жұмыс орнының алатын әлеуметтік маңызы мен рөлі айрықша. Егер жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан бос жұмыс орындары жасырын ұсталса, ол халықты жұмыспен қамту туралы заңдылықтарды белден басу болып шығады.
Орал өңірінде аталмыш мемлекеттік мекемелер тарапынан осындай теріс көріністер орын алғаны белгілі болып отыр. Прокуратура органдарындағы тексеру қорытындылары бойынша жинақталған деректерге сүйенсек, облыстағы мемлекеттік ұйымның үштен бірі ғана бұл бағыттағы талаптарға оң қарағанына көз жеткіземіз.
Мұны масқаралық дейміз бе, сұмдық дейміз бе, әр жағын өзіңіз бағымдай беріңіз. Мұндағы басты олқылық облыстағы жұмыспен қамту орталықтарына жергілікті мемлекеттік мекеме жетекшілерінің бос жұмыс орындары жөніндегі мәліметтерді дер уақытында жолдамауы, оны жасырып қалуы десек шындықтан алшақ кетпейміз. Мұның өзі онсыз да жетісіп, келісіп тұрмаған жұмыссыздардың жұмысқа орналасуы жөніндегі мүмкіндігін одан әрі күрделендіріп жібереді. Қысқасы, өткен жылғы кезеңнен қазіргі күнге дейін өңірде бос жұмыс орындары жөнінде хабарланбаған, жасырылып қалған екі мыңға жуық дерек прокурорлық тексерулер нәтижесінде анықталған.
Оның басым бөлігі облыстағы білім беру саласының үлесі мен еншісіне тиеді. Атап айтқанда білім беру жүйесінде 644 бос жұмыс орны бола тұра, оның тиісті, өкілетті орталықтарға хабарланбағанын немен түсіндіруге болар екен? Сонда облыстық білім беру басқармасына қарасты жергілікті ұйым басшыларының көздеген мақсаттары қандай? Бұл сауалдардың ақ-қарасы мен ара-жігін ажыратуға дәрменсіз болып отырғанымызды да жасырып қалғымыз келмейді.
Аталған жағдай тек жергілікті мемлекеттік мекемелерде ғана орын алып отырған көрініс. Ал облыстағы үкіметтік емес, жекеменшік құрылымдарда не болып жатқаны тек бір құдайдың өзіне ғана аян болса керек. Әрине, бос жұмыс орындары бола тұра жұмыс берушілердің оны жұмыспен қамту орталықтарына хабарламауы – енжарлық пен жаны ашымастықтың және жауапсыздық пен салғырттықтың көрінісі.
Олардың жұмыссыз жүрген жандарды жұмысқа алудан негізсіз бас тартуы жөнінде де осылай демеске лажымыз жоқ. Қолдан жасалған мұндай кереғарлық кезінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі одан әрі өсе түсетіні хақ. Сондықтан оның мөлшерін төмендетудің басты жолы жұмыспен қамту туралы заңнамалық талаптардың мүлтіксіз орындалуы деуге болады. Облыста осы талаптарды орындамаған, мұны сақтамаған елу тұлғаның әкімшілік және қырық төрт тұлғаның тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны бүгінгі тақырыптың тектен-тек көтеріліп отырмағанын көрсетеді.
– Біз облыстық әкімдіктің құрылымдық бөлімшелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі жөнінде тиісті ұсыныстар түсірдік. Сонымен бірге Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жергілікті мемлекеттік органдардағы жұмыс берушілер арасындағы осы тектес жұмыстарды жедел әрі жүйелі түрде қолға алса, бүгінгі күні екі мыңға жақындаған бос жұмыс орындары өз иелерін тапқан болар еді. Әлеуметтік тұрғыдан маңызды болып саналатын осындай тексерулер өзге меншік түрлері арасында да жүргізілсе, тіптен дұрыс болар еді, – деді бұл мәселе жайында Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы бірінші басқармасының бастығы Жаннұр Ахметбек.
Өз кезегінде облыс әкімдігі мемлекеттік ұйымдардағы бос жұмыс орындарын жұмыссыз тұрғындар есебінен толықтыруға ықпал жасайды деп сенгіміз келеді. Әрине бұл мәселе жан-жақты әрі кешенді көзқарас жағдайында жүзеге асырылмаса, «баяғы жартас бір жартас» дегендей сол бұрынғы жартыкеш күйінде қалып қоюуы әбден мүмкін. Бұған жол бермеудің басты тұтқасы – жұмыс берушілердің сұраныстарын терең түрде зерделеу және жұмыссыздарды қайта даярлауға жеткілікті түрде көңіл бөлу емес пе?! Бұл тұста медальдің екі жағы бар екенін де назардан тыс қалдырмаған жөн. Бос тұрған жұмыс орнын толықтырудың жөні осы екен деп, оған көлденең көк аттының бәрін тықпалай берсек не болғаны? Сірә, мұның арғы жағын айтпай-ақ қойғанның өзі абырой болса керек.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы