Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып, оған регламентке сәйкес Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіне алтыншы сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы мәселе енгізілді.
Отырысқа Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағалары, Үкімет мүшелері, ел Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Алтыншы шақырылымның алғашқы сессиясының үш айда атқарған жұмысы туралы баяндаманы Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жасады. Сөзін Қазақстан Тәуелсіздігіне биыл 25 жыл толатын мерейтойынан бастаған Төраға одан әрі еліміздің жетістіктеріне қысқаша шолу жасады. Бұл жылдардың әрбір күні, әрбір айы, әрбір жылы біз үшін өте маңызды, өте бағалы.
Осы уақыттың ішінде біз Қазақстанның даму жолын қалыптастырып, бүкіл әлем таныған абыройлы, беделді және ықпалды мемлекетке айналдық. Бұл, ең алдымен, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің, сонымен бірге, әрқашанда Президентімізге тірек болып, қолдау білдірген халқымыздың береке-бірлігінің нәтижесі. Әрине, осы үлкен жолда Парламенттің де еліміздің даму жолына қосып жатқан үлесі өте зор. Біздің ендігі міндетіміз жеткен жетістіктерімізді бағалап, сақтай отырып, одан әрі мықты мемлекеттің дамыған экономикалық биіктеріне жету, деді Н.Нығматулин.
Одан әрі Төраға алтыншы сайланымның үш ай жұмыс істегенін еске сала отырып, осы мерзімде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде Президенттің Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге мораторий жариялағанын атап өтті. Осының арқасында халқымыздың Елбасына деген сенімі бұрынғыдан да артып, Қазақстан халқының бірлігі мен берекесі нығая түсті, деді ол. Сонымен қатар, жер мәселесіне байланысты Президенттің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, оған қоғамның барлық тарапынан өкілдер қатысқаны, сөйтіп, белсенді жұмыс жүгізіп жатқаны айтылды. Сондықтан, деді ол, біз бүкіл депутаттық корпус болып жерге қатысты туындаған сұрақтарды әрбір адаммен талқылап, ақылға салып, оң шешім қабылдауымыз қажет.
Сессия барысында Елбасының стратегиясына сәйкес Қазақстанды жаңғыртуға арналған өте маңызды жұмыстар қолға алынғаны және соның нәтижесінде өте маңызды заңнамалық құжаттар қабылданғаны көлденең тартылды. Екі палатаның 3 бірлескен отырысы, Мәжілістің – 12, Сенаттың 6 жалпы отырысы, 3 «Үкімет сағаты», тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстары өтті. Бұл кезеңде Мәжіліс қарауында 42 заң жобасы болды. Ал 7 заң жобасын Мәжіліс депутаттарының өздері әзірледі. Осы сессияда Мәжіліс 13 заң жобасын мақұлдап, Сенат 12 заң жобасын қабылдады, дей келіп, Нұрлан Зайроллаұлы олардың аса маңыздыларына тоқталып өтті.
Қабылданған заңдардың қатарында «Жер кодексінің кейбір нормаларының қолданысын тоқтата тұру туралы», «Төлемдер мен төлем жүйесі туралы» заң жобалары, т.б. аталды. Парламентте өткен Үкімет сағаттары мен дөңгелек үстелдерде, көшпелі отырыстарда денсаулық сақтау саласы, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық, білім және мәдениет, жастар мәселелері ерекше талқыланып, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық бағдарламасының орындалуына назар аударылды, деді Төраға.
Сонымен қатар, ол сессия барысында орталық мемлекеттік органдарға барлығы 115 депутаттық сауал жолданғанын айтты. Депутаттар тек қана заң шығарушылықпен айналыспай, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, көптеген республикалық және халықаралық деңгейлердегі форумдарға қатысты, деді Төраға. Осы қатарда парламентшілеріміздің халықаралық істері туралы да айтылды. Бүгінгі күні біздің Парламент 12 парламентаралық ұйыммен және 80-нен аса елдердің парламенттерімен өзара әріптестік орнатты. Соның ішінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының, ТүркПАА мен басқа да халықаралық конференциялар мен форумдардың жұмыстарына белсене араласып, парламентаралық ынтымақтастықты, дипломатияны дамытуға және Қазақстанның халықаралық бастамаларын жүзеге асыруға ықпал етті. Соның ішінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің таралып, танылуына үлкен үлес қосылды, деді Н.Нығматулин.
Алда атқарылғалы тұрған міндеттерге шолу жасағанда шешен Сенатпен бірлесіп атқарылатын жұмыстардың жоспары жасалатынын жеткізді. Онда мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері бірінші кезекте ескерілетін болады. Бүгінгі күні бүкіл әлемде терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жүріп жатқан кезде Президент осы салада заң жобаларын жасауға тапсырма бергені атап көрсетілді. Сондықтан Үкіметпен бірлесе отырып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халқымыздың бейбіт өмірі мен тыныштығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды жасаймыз, дей келіп, одан әрі Президенттің бес институттық реформасын іске асырудың «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары одан әрі сапалы заңдармен қамтамасыз етілетінін көлденең тартты. Осы жолда Парламент жұмысының барынша ашық болуы да ерекше назарда болады. Өйткені, қоғамдық пікірлер мен ұсыныстардың маңызы зор. Сондықтан Парламентте азаматтық қоғам және БАҚ өкілдерімен барлық мәселе ашық талқыланады, деді Нұрлан Нығматулин.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»
Спикердің сөзінен кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша Парламенттің қаулысы қабылданып, алтыншы сайланымның алғашқы сессиясы жабылып, депутаттар каникулға шықты.