Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытының мамандары агломерациялық цех пен кәсіпорынның газ тазалау кешендерінде түтін тазартқыш сүзгілер ауыстыруды бастап кетті. Орнатылған түтін тазартқыш сүзгілердің жалпы алаңы 72000 шаршы метр.
Жалпы, зауыт іске қосылғалы да 40 жылдан асты. Онда өндірілетін құрамында хром, кремний, марганец қоспалары бар ферроқорытпаға деген сұраныс әлем нарығында жылдан-жылға өсуде. Жылына 1,2 миллион тонна өнім өндіретін металлургиялық кәсіпорында 6 мыңнан астам ақсулық еңбек етуде. Өнеркәсіптен түсетін табысты ғана емес, өндірістен келетін экологиялық зиянды да есептеу керек. Кәсіпорын туралы сөз етер болсақ, оның қоршаған ортаны қорғау жүйесі бойынша атқарып жатқан істерін айтуға тура келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын зауыт OHSAS-18000 атты қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық менеджмент жүйесін енгізді. Өндірістік қалдықтарды игілікке жарату үшін агломерат цехын іске қосты. Бұл – зауыттың экологиялық бағдарламасының негізгі инвестициялық бөлігі ғана емес, сонымен бірге, талай жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі.
Мамандардың түсіндіруінше, агломерат цехы ең алдымен өндіріс қалдықтарын қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Жаңа цехта ұсақ қалдықтар арнайы технология бойынша біріктіріледі, сөйтіп іріленген шикізат қайтадан қорытпа өндірісіне жіберіледі. Нәтижесінде технологиялық режімді тұрақтандыруға, пештердің өнімділігін арттыруға, шикізат шығынын төмендетуге жол ашылады. Электр қуаты үнемделеді. Агломерат цехының екінші бір тиімділігі – оның экологиялық тұрғыдан алғанда қауіпсіз болып саналатындығы. Мұнда сүзгіштер мен желдеткіш құрылғылар жұмыс істейді.
Жоғары технологияға құрылған, жиналған қалдықтарды қайта өңдейтін автоматтандырылған өндіріс, газ тазалаушы құрылғылар өндірістен ауаға шығатын қалдықтың 99,8 пайызын сүзіп, тазалайды.
– Сүзгілер орнату – бұл 5 айда жасалған жұмыс,– дейді зауыттың техникалық директоры В.Чичихин. – №1, №6 ферро балқыту цехтарында, агломерация цехында қондырғыларға арнайы түрде жөндеу жүргізілді. Жүйелердің құбырлары мен бекіткіш қондырғыларына сүзгілер орнатылды. Өйткені, біздің кәсіпорын және бүкіл Еуразиялық топ үшін қоршаған ортаны қорғау – ерекше басым бағыт. Экологиялық жобаларға қаржы үнемдеуге болмайды.
Зауыт мамандарының айтуынша, негізгі түтінді, газды тарту, үрлеу жабдығы орналасқан аглоцехтағы сорғыш бөліміне баса назар аударылды. Энергожөндеу цехының мамандары №46 пешке жаңа газ тазалау қондырғысын орнату барысында асқан шеберлік, біліктілік көрсетті. Қазір де қондырғыға түтін тазартқыш сүзгілерді орнату үшін қызу жұмыс жалғасуда. Сонымен бірге, №45 пештің түтін шығару жүйесіне сүзгі орнату бірге қатарлас жүргізілуде. Ал, №1 цехтың түтіннен, газдан тазалау құбыр жүйелеріне инвестициялық бағдарлама шеңберінде 2 қуатты электрқозғалтқыш орнатылуда.
Қоршаған ортаны қорғау – «Қазхром» ТҰК» АҚ кәсіпорнының басты міндеттерінің бірі. Кәсіпорын басшылығы табиғатты қорғау шараларына өткен жылы 5,8 млрд. теңге қаржы жұмсады.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы