01 Шілде, 2016

Алға басудың кепілі

424 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ин.аймақЕлімізде инвестиция тартуға, ірі кәсіпорындарға қажетті заттарды шағын және орта бизнес нысандарына орналастыру арқылы импорттың үлесін азайтуға бағыт ұсталуда. Бұл бағытта өңірде  құрылған индустриялық аймақтардың үлесі мол болмақ. «Ақтөбе» индустриялық аймағы өз жұмысын өткен жылы бастаған болатын. Мемлекет тарапынан индустриялық аймақта инфрақұрылым жүргізуге 5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осыншама қаржыға аймаққа газ, электр, су жеткізіліп, тас жол мен теміржол салынды. Бір сөзбен айтқанда «Ақтөбе» индустриялық аймағына  толықтай инфрақұрылым жүргізіліп, шағын және орта бизнес нысандарының жұмыс орындарын ашуларына барлық жағдай жасалды. Міне, индустриялық аймақтың игілігін пайдалана отырып, дағдарыс жағдайында дамуға бағыт ұстаған кәсіпкерлердің бір тобы жаңа өндіріс орындарын ашуға бел буған екен. Мұнда бір күнде құны 10 миллиард теңге болатын бес бірдей өндіріс орнының құрылысы басталды. – Біздің «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы да осында қоныс аударды. Корпорация индустриялық аймаққа кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуге ықпал етуде. Біз белсенді маркетингтік жұмыстар жүргіздік, өзіміздің жаңа сайтымызды аштық. Әлеуметтік желілерде парақшаларымызды ашып, өз мүмкіндігімізді ашып көрсеттік. Соның нәтижесінде бастапқы кезеңде ғана құны 24 миллиард теңге болатын 9 өтініш түсті, бүгінгі таңда солардың арасынан өңірлік комиссияның қолдауына ие болған бес жобаның жұмысын бастағалы отыр, – дейді «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясының басшысы Қайрат Бекенов бізбен әңгімесінде. Индустриялық аймақта орналасатын кә­сіп­орындар үшін электр қуаты мен газ ана­ғұрлым арзанға түседі.  Мұның өзі инвес­тор­лар үшін үлкен қолдау болып отырғаны сөзсіз. «Ақтөбе» индустриялық аймағында бас­тау алған  бес  өндіріс орнының іргетасын қалау салтанатты шарасына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, кәсіпорындар құрылысының басталғанының белгісі ретінде капсул салды. Ірі жобалардың бірі құны 6 миллиард  теңге болатын «Зерде Керамика Актөбе» ЖШС итальялық технология бойынша керамогранит пен керамикалық плиталар шығарады. Бұл жоба 2017 жылдың аяғына таман пайдалануға беріледі. Кәсіпорын жылына 5 миллион шаршы метр керамогранит және керемика плиталарын өндіреді. Мұнда екі италиялық желі орнатылады. Жоба іске қосылғанда 180 адам еңбек етеді. – Біздің «Зерде» компаниялар тобының Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған осындай кәсіпорыны бар. Оның жылдық қуаты 1,8 миллион шаршы метр керамогранит және керамика плиталарын шығаруға есептелген.  Біздің таңдауымыздың Ақтөбеге түсу себебі, мұнда электр қуаты мен газбен қамту анағұрлым арзан, сондай-ақ, жақын орналасқан шикізат кен орындары бар. Орналасқан жері де кәсіпорынның дамуына қолайлы, Ресейге жақын, шикізат және басқа материалдарды жеткізу арзанға түседі. Біз өндіретін керамогранит және керамика плиталары Ресейдегі, Түркиядағы және Қытайдағы бәсекелестерімізге қарағанда сапалы да арзан болады. Өндірілген өнімнің 30 па­йызы экспортқа, 70 пайызы ішкі нарыққа шығарылады. Бұл біздің тез арада жобалық қуатқа шығуымызға алғышарт жасайды,–дейді «Зерде» компаниялар тобының бас директоры Мұхтар Битеміров. Ал «ПолиВест» ЖШС – бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Алай­да, ғимаратты жалға алып келген. Енді өз алдына  шаңырақ көтермекші. Сол үшін 1 гектар жер алып, медицинаға және саудаға қажетті полиэтилен пакеттерін шығаратын зауыт салуға кірісіп отыр. Болашақта тағы бір гектар жер алып, өндірісін кеңейтуге бағыт ұстауда. Қазірдің өзінде еліміздің Атырау, Астана және Қарағанды қалаларына өнімдерін өткізуде. Көршілес Ресейдің Самар облысына да шығаруда. Мұнда 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Айына 100 тонна полиэтилен пакеттері шығарылады. Бұл кәсіпорын шығаратын полиэтилен пакеттер экологиялық таза өнім болып табылады. «FIBC Kazakhstan» ЖШС полиэтилен мен полипропиленнен қораптар, ірі өнеркәсіп мекемелері үшін жұмсақ контейнерлер өндіреді. «Talan Technology» компаниясы жарамсыз болып қалған автомобиль дөңгелектерін өңдеп,  спорт ұйымдарына қа­жетті тақта төсеніштер, ал «Ақтөбе TOPSA Пласт» әйнек жуатын сұйықтық пен антифриз, еріткіштер мен химиялық реагенттер шығарумен айналысады. Құрылыс жұмыстары басталып отырған жобалардың жалпы құны 10 миллиард теңгеден асады. Аталған жобалар жүзеге асырылғанда бюджетке  жылына шамамен 1 миллиард теңге салық түседі, 315 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Салтанатты шарадан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» ӘКК өкілдері, мемлекеттік мекемелер, ірі кәсіпорындар басшыларымен және бизнес өкілдерімен «Ақтөбе» индустриялық аймағында жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу мәселелеріне арналған  кеңес өткізді. Кеңесте ол өңірде кәсіпкерлікті дамытудың  мүмкіндігі мол екеніне айрықша тоқталып, ірі кәсіпорындар арасында қазақстандық үлесті арттырудың,  импорттың үлесін азайтудың әлі діттеген деңгейге көтерілмей отырғанын сынға алды. Бұл бағытта жұмысты бұрынғыдан да ширата түсу қажеттігін қадап айтты. Жиында «Ақтөбе» индустриялық ай­мағының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, өнеркәсіптік кластер құру және кәсіпкерлік қызметті арттыру мақсатында ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнестің әріптестік қатынасын дамыту жайы әңгіме өзегіне айналды. Өңір басшысы индустриялық  аумақтың былтыр қолданысқа берілгенін, алайда күні бүгінге дейін оның аумағында бірде-бір жобаның жүзеге асырылмағанын атап өтті. – 5 миллиард  теңге жұмсалған инфра­құрылым жұмысы бос тұрып қалды, кейбір жабдықтары қолды болды. «Ақтөбе» ӘКК-ге инвесторлар тарту жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге, ірі компаниялардың басшыларына шағын және орта бизнеске көмектесулерін сұрадық. Бұл жұмыстың тиімділігі көзге көрініп тұр. Бүгінде 5 жаңа өндіріс орнының іргетасы қаланды, – деді облыс басшысы. Шара соңында облыс әкімдігі және кәсіп­орындар басшылары арасында жүзеге асырылғалы отырған жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы