Кеше елордада Ақ Азиаданың 1500 метрлік қашықтықтағы конькимен сырғанау спортынан ерлер мен әйелдер арасында өткен жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Аталған аламанда ерлер арасында отандасымыз Денис Кузин алдына қара түсірмей, Азия чемпионы атанып, жаңа рекорд жасады.
Жарыс сыны басталмай тұрып жиналған жергілікті жанкүйерлер бәсекенің уақыты белгіленген соң, отандас спортшылардың тілеуін тілеумен отырды. Еліміз туы көкте желбіреп, «Қазақстан алға!» деп ұрандаған жалынды жастарда тек бір ғана тілек болатын. Ол отандастардың аты озса деген ақ пейіл-тін. Бұл ниет 1500 метр қашықтықтағы ерлер сынында қабыл болғандай еді. Азияның азуын айға білеген хас жүйріктері жарысқан бұл бәсеке қазақстандық Денис Кузиннің жеңіс тұғырының ең биік сатысынан қол бұлғап, ел әнұранын әуелете шырқатқаны артында тақымын қысып отырған дүйім жұрттың көңілін тасытып, мерейін асырды. 1 минөт 47,37 секөнт көрсеткішпен қарсыластарының бәрін де қапы қалдырып, құстай ұшқан Денистің ерлігіне сүйсінбеген жан қалмады. Өз жерінде өтіп жатқан байрақты сынның байыбын берік сезінген жампоздың бұл олжасы аталған спорттың өзге қашықтықтардағы жарыстарында кетіп жатқан есенің орнын толтырғандай. Сайыпқыран саңлақ жарыс жолына шыққан сәттен жаттықтырушының шыққан жан дауысы көрермендерді де бейжай қаратып отырғыза алмады. Осы ретте жан ұшыра айқайлап, жүйке жұқартқан жаттықтырушылар еңбегінің ұшан-теңіз екенін айтпай кете алмаймыз. Қалай десеңіз де төрт жыл бойы төккен тердің өтеуі таразыға салынар тұс қой бұл. Сондықтан да мұны біз жіті түсінеміз.
Енді жеңімпазбен мәреге құйрық тістесіп келген жүлдегерлерге келейік. Кузинге небәрі 0,34 секөнтке жол берген оңтүстік- кореялық саңлақ Мо Тэ Бум Қысқы Азия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды. Ал қола медаль да Оңтүстік Корея спортшысына бұйырды. Оның иесі – Льи Кью Хьюк.
Әйелдер арасындағы сырғанау бәсекесі де жиылған жұртты желпіндірумен өтті десе болады. Мұнда да желпінген жанкүйерлер. Айдынға қай елдің спортшысы шықса, сол жердің өз жанкүйерлері жиірек дем беріп, олардың жарыс жолында барынша сергек қимылдауларына жол ашып отырулары сайыстың ажарын тіптен аша түсті десек те болады. Үкілеген үміттерін Ақ Азиаданың бәйгесіне қосқан елдер спортшылары арасында шын мықтылар топ жарып, жанкүйер жұртын шексіз қуанышқа бөледі. Сонымен Қысқы Азия ойындарының алтынын қытайлық ару Уанг Фей жеңіп алып, жерлестеріне тамаша жеңіс сыйлады. Оның көрсеткіші – 1 минөт 58,37 секөнт. Ал күміс жүлде оңтүстіккореялық Нох Сеониеонгқа бұйырса, жүлдегерлер үштігін жапондық жампоз қыз Кодаира Нао қорытындылады.
Қазақстан намысын қорғаған Екатерина Аитова қола жүлдеге қол созым жерде қалды. Осы тұста Катяның барынша жылдамдық танытуға барын салып, төртінші орынға тұрақтағанын жақсы көрсеткіш деп бағалар едік. Ал осы сында өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз Татьяна Сокирко жалпы есепте тоғызыншы орынға тұрақтады.
Иә, бұл жарыс. Жарыс болғанда да Қазақстанда өтіп жатқан Азияның менмін деген дүлдүлдері шеберліктерін сынға салып жатқан дүбірлі дода. Сол үшін де жүлдеден жылыстап қалған жерлестерімізге бір сәт түсіністікпен қараған да жөн шығар.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
* * *
МҰЗ АЙДЫНЫНЫҢ МАЙТАЛМАНДАРЫ
Астанада мәнерлеп сырғанаушылар жарысы басталды. Бірінші күнгі спорттық жұптар арасындағы турнирде қысқа би, жұппен сырғанау, ерлердің жалғыз сырғанауы бойынша жарыс өтті.
Азиада жарыстарының бұл түрі ақпан айының үшінде басталды. Ерлердің еркін бағдарламасы, әйелдер арасындағы еркін бағдарлама, мұзда билеу және жұптар арасында еркін бағдарламаға 4 алтын көзделіп отыр. Бұл сайысқа Қазақстан атынан Абзал Рақымғалиев пен Денис Тен қатысты. Алдын ала тасталған жеребе бойынша Дениске 13 саны, екінші спортшы Абзалға 6-шы кезек бұйырды.
Екінші кезеңге жұптар арасындағы қысқа бағдарламалы мәнерлеп сырғанауға 4 жұп, барлығы сегіз үміткер қатысты. Оның екі жұбын қытайлық қарсыластарымыз құрады. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Виктория Кучеренко мен Виктор Авдоньев қолдау көрсету кезінде кенеттен құлап қалып, жарыс барысында мұз айдынына шыға алмады.
Ойынның үшінші түрі – қысқа биге бес жұп қатысты. Олар Солтүстік Корея, Қазақстан, Жапония және қытайлық екі жұп. Мұнда Қазақстан атынан Виктор Авдоньев пен Виктория Кучеренко шығу керек болатын. Алайда, бұл жұп мұз үстінде жолы болмады. Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушы жетекшілерінің бірі Юрий Гуськов Виктордың мұз айдынына дене қызуы 38-ге көтеріліп, ауырып шыққандығын айтты.
Нәтижесінде, қысқа биде көшбасшы болып қытайлық спортшылар Хван Чинтон мен Жен Ксун танылды. Екінші кезекке ағалы-қарындасты жапондық жұп Кэти Рид пен Крис Рид жайғасты. Олардың жаттықтырушыларының бірі атақты ресейлік бапкер – Николай Морозов.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.
* * *
ҚҰРАМАҒА ҚҰРМЕТ
Бейсенбі күні Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында хоккейден ерлер арасында ойналған тағы бір матчта Азиададағы ең ірі есеп тіркелді. Бұл кездесуде Қазақстан құрамасы қытайлық Тайпей командасын 35:0 есебімен ойсырата ұтты.
Кездесуде алғашқы шайбаның авторы шабуылшы Максим Худяков, ал матчта қарсыластар қақпасына ең көп шайба соққан ойыншы оң жақ қапталдағы шабуылшы Вадим Краснослабодцев болды. Ол кездесуде қақпаны 7 рет дәл көздеп, үздік ойыншы атанды. «Барыс» командасында ойнап, соңғы кездері ұлттық құраманың сапында көзге түсіп жүрген Талғат Жайлауов болса, бұл жолы 3 шайба соғып үлгерді.
Ал ертең «Қазақстан» спорт сарайында сағат 14.00-де басталатын Қазақстан мен Жапония құрамасының кездесуінде алаң иелері тағы да жеңіске қиналмай жетеді деп сенеміз.
Кеше ұлттық құрама келесі кездесуін Оңтүстік Корея командасымен өткізді. Бұл матчтағы есеп 8:1, Тайланд пен Моңғолия арасындағы ойын 7:1 болып аяқталды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.