Аспанмен амандасқан ақ бас Алатаудың алақанында отырған атақты Медеу мұз айдыны. Бенди. Мұз айдынында Қазақстан-Моңғолия құрамалары. Алғаш рет Қысқы Азия ойындарына «сәйгүлігін» үкілеп қосқан допты хоккейден жарысқа үш құрама ғана қатысып жатыр. Қырғызстанның бірінші рет қатысуы. Олар алғашқы матчында Моңғолия құрамасынан 17:2 есебімен ұтылған. Содан соң әлемдегі төрттіктің ішіне кіріп жүрген Қазақстанның қолына түсті. Есеп – 21:0.
Осы нәтижелерге қарап Қазақстан-Моңғолия кездесуінде қай құраманың жеңіске жететіндігі бесенеден белгілі еді.
Солай болды. Матч басталысымен жігіттеріміз қарсы қақпаға атой салды. Қырғыздарды жеңіп, сәл де болса көңілдері көтеріліп қалған моңғолдар бастапқыда екі-үш шабуылды тойтарғанымен, қайқы таяқшаны қайқы қылыштай сермейтін бағландарымыздың тезіне төтеп бере алмады. Моңғолдардың қақпасының тығынын өткенде ғана қырғыздар қақпасына 8 рет ат ойнатып кірген сұрмерген Рауан Есалиев ойынның бесінші минөтінде ашып берді. Қанды басың бері тарт деп. Осыдан кейін-ақ моңғолдардан дегбір кетті. Араға екі минөт салып, сұр жебедей суырылған Ескендір Нұғманов гол соқты. Таудан түйіліп келген тұман айдынды басып қалса да жігіттеріміз қимылдарын бәсеңдетпеді. Ойынды кейінге шегере ме деген қауіпті табиғаттың өзі сейілтті. Тұман етегі түрілді. Оныншы минөтте Рауан тағы да қақпаны қандады. 15-минөтте Асқар Темірәлиев суырылды. Содан соң Рауан мен Ескендір атқа қайта мінді. Кезек-кезек гол соғады. Ойынның 40-шы минөтінде Владимир Новошиловқа кезек зорға тиді. Бірінші кезең – 9:0. Моңғол хоккейшілері есінен танғандай күй кешіп, үзіліске кетті. Екінші кезеңнің 48-ші минөтінде тағы да Ескендір Нұғманов есеп ашты. Одан кейін әрине жай оғындай жарқылдаған Рауан Есалиев. Тек 78-ші минөтте ғана Арыстан Қазыбаевтың қақпа кілтін тапқаны болмаса, бұл матч Рауанның жеке басымдығымен өтті. Рауан бұл жолы 10 гол соқты. Әрине, командалық серіктерінің жәрдемімен.
– Бұдан да көп гол соғуға мүмкіндігіміз болды, – дейді ол. – Бірақ финалдық ойынға күш сақтауымыз керек. Моңғолдар осал деп айта алмаймын. Тегеурін бар. Нашар команда әлем чемпионатына қатыспайды. Олар ақтық сында барын салатын шығар.
Бақтияр ТАЙЖАН.