Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асырылу қорытындыларына арналған кеңеске қатысты
Қасиетті жұма күні өткен «Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңесте ел экономикасының даму жолдары қаралды. Кеңесті өзі жүргізіп отырған Мемлекет басшысы экономиканың басым бағыттары туралы әңгімелеп, қажет кезінде салаға жауапты ведомство жетекшілерін де сөзге қатыстырып отырды. Шара барысында елімізді индустрияландырудың негізгі бағыттары тағы бір пысықталып, бірқатар министрліктер мен өзге де мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Бұлармен бірге, телекөпір арқылы еліміздің 11 аймағында жаңа өндіріс ошақтары іске қосылды.
Елбасы іс-шара алдында тамақ өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсіптің және фармацевтика өндірісінің халық тұтынатын тауарларымен танысып, «Қазақстанда жасалған» атты көрмені аралады.
Дәл қазіргі бүкіл әлемде орын алып отырған экономикалық дағдарыстың кері әсерін әлсірету үшін және ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін индустрияландыру бағдарламасын тиянақты жүргізу қажет екеніне тоқталған Мемлекет басшысы, бұл іске әр қазақстандық қатыстырылуы керек екенін айтты.
«Өткен жылы индустриялық-инновациялық бағдарламамыздың бес жылдық жоспарын тәмамдап, алға қойған мақсаттарымызды толық орындағанымызды бәріңіз жақсы білесіздер. Ол экономиканың тұрақсыз кезеңінде еліміздің қалыпты дамуына үлкен қолдау болғаны да мәлім. Әсіресе, сыртқы жағымсыз факторлардың теріс ықпалын азайту үшін экономиканы әртараптандыру аса қажет екенін біз білдік. Сондықтан елімізде индустрияландыру бағдарламасын белсенді түрде жалғастыруды жөн көрдік», деді Н.Назарбаев.
Қазақстанның индустрияландыру бағдарламасын көрген бірқатар елдер осы жолды таңдап, экономикаларын әртараптандыруға кіріскенін айтқан Елбасы бұл істі әрі қарай да мақсатты түрде ілгерілету керектігін назарға салды. «Осы индустрияландыру бағдарламасының арқасында еліміздің кәсіпкерлері мен елімізге келген инвесторлар өндіріс орындарын ашу мен жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алды. Бүгін 2016 жылдың бірінші жартысының қорытындысын шығарамыз. Астана күнінің қарсаңында, қалыптасқан дәстүр бойынша осыған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижелерін пысықтаймыз. Ал жыл аяғында жыл бойы атқарылған жұмыстың көрсеткіштерін тағы бір тәптіштеп, жеткен жетістіктерімізді жұртқа жариялайтын боламыз. Мұнымен бірге, бүгінгі кеңесте индустрияландырудың жаңа бағыт, бағдарламаларын талқылаймыз. Онда осы уақытқа дейін атқарылған істердің нәтижелері қандай? Қандай кемшіліктер болды? Болашақта не істеуіміз керек? Күн тәртібінде осы мәселелерді қараймыз», деді Мемлекет басшысы.
Экономиканың дамуы жаңа деңгейге өтуде
Қазіргі кезде Қазақстанның дамуына екінші экономика, яғни қайта өңдеу кәсіпорындары үлкен серпін бере бастағанын айтқан Мемлекет басшысы жаңа өндіріс орындары мен олардағы жаңадан енгізіліп жатқан озық технологияларға тоқталды. «Демек, бұл тек қана бағдарлама емес. Бұлар – жаңа зауыттар, жаңа жұмыс орындары, жаңа технологиялар және әлемдік стандарттарға жауап беретін сапалы тауарлар. Осы күнге дейін үлкен өндіріс желісін құрдық деуге болады. Ауыр индустриядан бастап, кәдімгі киім-кешектер, азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмек шығаруға дейін қол жеткіздік. Мәселен, осындағы кіреберісте өткізілген көрменің өзінде біздің қандай деңгейге жеткеніміз айқын көрініп тұр. Әсіресе, жеңіл өнеркәсіптің тауарлары мен шағын кәсіпорындардың тұрмыстық заттары, сондай-ақ, балалар көзін қуантатын ойыншықтар маған аса жақсы көңіл күй сыйлап тұр. Бұлармен бірге, әйелдер мен ерлердің түрлі маусымдарға арналған киімдерін шығару ісінің қайта жаңғыруы да атап өтерлік жағдай», деді Н.Назарбаев.
Бүгіннің өзінде «Қазақстанда жасалған» деген брендтік бұйымдар өзіміздің ішкі нарықтарды біртіндеп жаулай бастағанына назар аудартқан Елбасы түрлі тұрмыстық заттар мен азық-түліктің көптеп шығарыла бастағанын үлкен қуанышпен атап өтті. «Мені аграрлық саланың жетістіктері мен қалыпты дами бастағаны айрықша қуантып отыр. Әрине, оның әлі бізге қажетті көлемге дейін жете қоймағаны мәлім. Десек те, бұл істің өз деңгейіне көтерілуі – уақыттың еншісінде. Ал оның жақсы нәтижесі бізді көп күттірмейді деген ойдамын. Сондықтан, бұдан былай да аграрлық секторға әлі де ерекше назар аудара береміз. Бұйыртса, алдағы уақытта таза органикалық өнімдер көптеп өндірілетін болады. Біз мұны бүкіл әлемге міндетті түрде жариялайтын боламыз», деді Мемлекет басшысы.
Органикалық ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді бірнеше жыл бұрын тапсырма етіп тиісті органдардың алдына қойғаны жөнінде әңгімелеген Президент, индустрияландыру жылдарында елде мүлде жаңа өнімдер шығарыла бастағанын алға тартты. Мұндай жаңа ерекше тауарларды Қазақстан бұған дейін ешқашан шығармағанын қадап айтты. «Қазір төртінші өндіріс революциясының жүріп жатқанын жақсы білеміз. Экономиканың дамуы да жаңа деңгейге өтіп жатыр. Себебі, мүлде жаңа инновациялық ғылыми технологиялар іске қосыла бастады. Біз осы жаңа талаптарға жауап бере алатындай жағдайда болуымыз шарт. Сондықтан, экономиканы жаңа шындыққа қарай бейімдеп, белсенділігін арттыруды Үкіметке тапсырдым», деді Елбасы.
Бұл сөздерді айту жеңіл болғанымен, оларды жүзеге асыру өте қиын. Осы мәселеге тоқталған Мемлекет басшысы, Қазақстанның экономикасы инновациялық технологияларға жеткіліксіз дайындалғанын айтып өтті. «Сондықтан осы мақсатқа жету үшін, индустриялық тәсілді тиімді пайдалана отырып, инновациялық экономикаға көшуді біртіндеп жүзеге асыра бермекпіз. Қазіргі күнде біздің бірінші басшылар мен жетекшілер дәл осы шараға толық дайын деп ойлаймын. Бүгінгі күнде Назарбаев Университет пен тағы бірнеше оқу орындары осы мәселелермен түпкілікті шұғылданып жатыр», деген Мемлекет басшысы бағдарламаның бірінші «пионері» болған Әсет Исекешевке назар аударды. Оның еліміздегі индустрияландыру бағдарламасына қосқан үлесін атап өтті. Бұдан соң қазіргі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке сөз кезегін ұсынды. Ж.Қасымбек атқарылған жұмыстар мен индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығын жүзеге асырудағы жаңа қадамдар туралы баяндады.
Бағдарлама белестері
Еліміздің өндірістік өсімінде қайта өңдеу саласы алға жылжып келе жатқанын жеткізген министр, таяу болашақта атқарылатын жұмыстармен де таныстырып өтті. «Өткен жылдар ішінде өңдеу өнеркәсібі нығайып, экономиканың драйверіне айналды. Егер біз дағдарыс алдындағы 2008 жылды базалық деп алсақ, өңдеу өнеркәсібі 4,1-ге өсті. Бұл тау-кен өнеркәсібін қоса есептегенде өнеркәсіптің барлық секторларынан артық», деді министр.
Министрдің айтқанына сүйенсек, өңдеу өнеркәсібі секторы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Нәтижесінде 2008 жылмен салыстырғанда бұл сектордың өнеркәсіптің жалпы құрылымындағы үлесі 7 пайызға артыпты. «Мәселен, әлемдік дағдарыс салдарынан кен өндіру саласының өндірістегі үлесі 61-ден 51 пайызға дейін қысқарса, өңдеуші сала өзінің тұрақтылығын сақтап қалды», деді Ж.Қасымбек.
Қайта өңдеу саласының даму қарқынын биылғы жылы да жалғастыра түскенін айтқан ведомство басшысы, Еуразиялық экономикалық одақ елдері аясында осы саланың тек Қазақстанда ғана тұрақты өсім көрсетіп отырғандығына тоқталып өтті. «Аталған одақ аясында Қазақстанның ғана қайта өңдеу кәсіпорындары қалыпты дамуынан жаңылмай келеді. Мұның бір себебі, осы күндерге дейін инновациялық дамудың жаңа белестеріне көтерілдік. Мәселен, инновациялық даму жолына түскен белсенді кәсіпорындардың саны екі есеге дейін артты. Ал инновациялық технологияға негізделген жүйеге көшу үшін жұмсалатын қаржының көлемі 5,5 есеге дейін өсті. Нақтылап айтар болсам, ол қаржының көлемі 635 млрд. теңгеге дейін жетті», деді Ж.Қасымбек.
Осынау жаңарулардың мәнісін жақсы түсінген өндірісшілер жаңа технологиялар мен жаңа жұмыс жүйесіне көшуді тездете бастағанын айтқан министр, осы бағытта нақты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Бұдан білетініміз отандық өнім өндірушілер толық жаңарудан өтуі керек екенін толық түсінді. Өйтпегенде өнім шығаруды арттыру да мүмкін еместігін ұқты. Нәтижесінде, соңғы 6 жылда Қазақстан тауарларының әлемдік нарықтағы бәсекелестігі айтарлықтай нығая түсті. Нақты мысал келтіре кетсем, жаңа технологиялық дайындық пен оны игеру бойынша 21 орынға, ал инновациялық мүмкіндік бойынша 29 орынға табан тіредік», деді ведомство басшысы.
Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бес жылдығында Қазақстанның қол жеткізген табыстарын атап өткен министр, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларға назар аудартты. «Елді индустрияландырудың бірінші бес жылдығында жалпы елдегі өнімнің 10 пайызы осы бағдарламаның негізінде салынған өндіріс ошақтарының үлесіне тиген болса, былтырғы жылы ол көрсеткіш 14 пайызға дейін өсті. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанының өзінде 20 пайызға жуықтады» дей келе, соңғы 6 жылда 200 мыңнан астам жұмыс орны дәл осы бағдарламаның арқасында құрылғандығын атап көрсетті.
Оның айтуына қарағанда, индустрияландыру бағдарламасының игілігін моноқалалар да молынан көре бастаған. «Моноқалаларда индустрияландыру бағдарламасының арқасында 36 мың жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, 9 мың адамға жұмыс орнын ашқан жобалар да шағын қалаларда жүзеге асырылды. Бұл біздің экономикалық қана емес, әлеуметтік те жетістігіміз екенін атап айтқым келеді. Бүгінгі телекөпірде индустрияландыру бағдарламасының арқасында ауылдар мен қалашықтардың қалай өзгеріп, өркендеп жатқанының куәсі боламыз», деді Ж.Қасымбек.
Қиындық та жоқ емес
Бағдарламаның жетістіктерін рет-ретімен баяндаған министр, сыртқы факторлардың ел экономикасына тигізіп отырған салқынын да айтып өтті. «Әйткенмен еліміздегі өндіріс ошақтарының қалыпты дамуына сыртқы факторлардың кері әсері тиіп отырғанын да жасырмаймыз. Мәселен, 2011 жылдан бері металдың нарықтағы бағасы уақыт өткен сайын арзандап бара жатқаны байқалады. Металл – Қазақстанның экспортқа шығаратын негізгі өнімінің бірі екені мәлім. Біздің осы өнімімізді импорттайтын көршілеріміз Қытай мен Ресейде экономикалық дамудың баяулай түскендігі анық сезіледі. Оның үстіне біздің көз алдымызда технологиялық өзгерістер де жылдам жүріп жатыр. Автоматтандыру, сандық жүйеге көшу сынды шаралар барынша шапшаң қарқын алып келе жатқандығын көріп отырмыз. Бұл жаңалықтар қол жұмысын барынша азайтып жатқаны тағы мәлім», деді ол.
Министр осы мәселелерді баяндаған кезде Мемлекет басшысы сөз тізгінін өзіне алып, металдар бойынша еліміздің экономикасы әлемдік дағдарыс салдарынан қаншалықты зиян шегіп отырғанын айтып берді. «Мыс, қалайы, болаттың нарықтағы бағасы қаншалықты арзандап кеткеніне назар аударыңыздар. Осы сала арқылы тауып келген пайдамыз қазір 34 пайызға дейін азайып кетті. Ал тауар айналымы, негізгі біздің әріптестеріміз саналатын Қытай мен Ресей бойынша екі еседен де азайып кетті. Мұны айтып отырғаным, біз қазір қандай қиын экономикалық дағдарысты бастан кешіп отырғанымызды біліп, түсінулеріңіз керек. Сондықтан, экономикалық қорды кемітпей, индустриялық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұған қоса шағын және орта бизнесті өркендетуге күш салып отырмыз. Осындай дұрыс саясат ұстанғанымыздың арқасында экономикалық тұрақтылықты ғана емес, әлеуметтік жағдайды да қалыпты ұстап тұруға мүмкіндік алдық», деді Н.Назарбаев.
Сөзін жалғаған министр бірінші бесжылдық барысында индустрияландыруды жүргізу үшін базалық жағдайлардың қалыптасқандығын айтып өтті. Бұлар – заңдар мен инфрақұрылымдар және құрал-жабдықтар. Ал екінші бес жылдықта базалық жағдайды тағы да жетілдіре түсіп, жоғарғы өңдеу деңгейіне нақты көшу міндеті тұр. Бұл дегеніміз – фосфор емес, тыңайтқыш, сондай-ақ металл емес, қайта өңделген нақты өнім сату деген сөз», деген министр 2025 жылға таман Қазақстан қайта өңделген тауар ғана емес, тікелей пайдалануға болатын заттар шығара бастайтынын айтты. Сондай-ақ, таяудағы 20 жыл ішінде индустриясы ең дамыған елдердің қатарына қосылатынымызды жеткізді.
Министрдің тыңғылықты баяндамасынан соң жиын телекөпірге жалғасты. Өйткені бұл кезде еліміздің барлық облыстары Астанамен онлайн режімде байланыста болатын. Жалпыұлттық телекөпір аясында Индустрияландыру картасының 8 нысаны іске қосылды. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған өндірістердің жай-күйі таныстырылды. Өңірлердегі өндіріс ошақтарының өкілдері Елбасына есеп беріп, жобаларды жұмысқа қосуға рұқсат сұрады.
Екібастұздың ерекше жобалары
Павлодар облысының Екібастұз қаласында еуропалық ірі өндірушілерден алынған инновациялық жабдықтардың көмегімен екі бірдей нысанның іске қосылу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Оның бірі – теміржол біліктері мен доңғалақ жұптарын құрастыратын зауыт болса, екіншісі – голландық раушан гүлін өсіретін «GreenhouseKZ» ЖШС-інің жылыжай кешені еді.
Қазақстан бойынша алғаш ашылып отырған «R.W.S. Wheelset» ЖШС кәсіпорынның жылдық қуаты 20 мың доңғалақ жұбын және 42 мың теміржол білігін құрамақ. Осылайша, ТМД-дағы ең үздік сапа ретінде танылған тауарлық өнімдер Иран мен ТМД елдеріне экспортталады деп жоспарланған.
Нұрсұлтан Әбішұлынан теміржол саласына қатысты зауыттың тұсаукесер рәсімін өткізуге тікелей эфир арқылы рұқсат сұраған «R.W.S. Wheelset» ЖШС директоры Александр Слободов, доңғалақ жұптары мен теміржол біліктері асқан жоғары дәлдікпен дайындалатындығын айтты. «Біз осындай сапалы өнім шығарғаннан кейін, ендігі жерде подшипникті желісі бар дайын қос доңғалақтар жасауды да қолға алмақпыз», деді ол.
Бүгінде 200 адамды жұмыспен қамтитын зауыттың жұмысын бастауға рұқсат берген Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа ұжымға сәттілік тілеп, бұл нысан ішкі нарықтан импортты ығыстыратындығын айтты. «Қазіргі кезде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2020 жылға қарай зауыт өнімін алуға ұзақ мерзімді келісімшарт жасауда. Сонымен қатар, теміржол жабдықтарының 20 пайызы Ресейге экспортталатындығы да біздің экономикамыздың өрлеуіне оң ықпалын тигізетін болады», деді Елбасы.
Сондай-ақ, Президент осы қалада голландық раушан гүлін өсіретін «GreenhouseKZ» ЖШС-інің жылыжай кешенін де іске қосты. Жылына 10 млн. дана раушан гүлін өсіретін мекеме 70-тен астам жұмыс орнының ашылуына септігін тигізбек. «Кезінде қыр асып, көз жазып қала жаздаған раушан гүліміз Тәуелсіздік таңында елімізге қайта оралды. Онымен қоймай, енді міне, өзіміз де өсірудеміз» деген Елбасы қазір раушан гүлдердің Қазақстан көлеміне кең тарай бастағанына разы екендігін білдірді. Ал «GreenhouseKZ» ЖШС директоры Айтмағамбет Сәрсенбекұлының айтуынша, бүгінде көңіл қошын келтіретін өсімдіктің әр талы 155 теңгеден саудаланады. Бұл бағамен көрші Ресейдің де нарығын жаулауға мүмкіндік бар. Себебі, Екібастұз гүлдері топырақта емес, минералды мақтада тамшылатып суару әдісімен өсіріледі.
Екі түрлі май өзімізден шығады
Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында майдың түр-түрін шығару ісіне озық технологияларды еркін енгізе бастады. Бұл сөзімізді телекөпір аясында «ЭФКО Алматы» ЖШС май өнімдерін шығару кешенінен тікелей эфирге шыққан кәсіпорын басшысы Нұржан Қожамұратов нақтылай түсті.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Өткен жылы Шетел инвесторлары кеңесінде Сіз Қазақстанда май өнімдері кластерін құру жөніндегі жобамызды мақұлдаған едіңіз. Біз жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды қайта жаңғырттық, жаңа технологиялар енгіздік және ендігі уақытта жылына 120 мың тоннаға дейін май өнімдерін шығаратын боламыз. Әлемдік технология трансфертін қамтамасыз ету үшін кәсіпорын базасында меншікті оқу орталығы құрылды. Құрметті Елбасы! Біз өндіріс көлемін арттыруға және таяу болашақта Орталық Азияға май өнімдерін жеткізуде басымдыққа иелік ету ниетіндеміз», деді жігерлі басшы жалындай сөйлеп.
Статистика комитетінің сәуір айында жариялаған деректеріне көз жүгіртсек, ағымдағы жылда Қазақстан халқының саны 17,7 млн. адамға жеткен болса, елдегі жеңіл көліктің көрсеткіші 5 млн. 755,2 мың бірлікті құраған. Айтпағымыз, майсыз темір екеш, темірдің де тозығы жететіні бесенеден белгілі. Біз қазір сапасы жоғары экокласты К5 мотор майларын өзімізде шығаруды қолға алдық. Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында орналасқан кәсіпорында АҚШ пен Францияның алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтары мен технологиясы негізінде жоғары стандартты май өндіріле бастады. «Конденсат» АҚ пен Қазақстанның даму банкі қолдауымен жүзеге асырылған жобаның жылдық өнімділігі 200 мың тоннадан асады. Аймақтағы елді мекеннен ашылып жатқан осындай нысанның жұмысын бастауға рұқсат берген Мемлекет басшысы бұл кәсіпорынның іске қосылуы елімізге келетін техникалық май импортына едәуір тосқауыл болатындығын атап өтті. Айта кетейік, кәсіпорын 400 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етуде.
Жалпы, Ақсайдан шыққан автокөлік майы сырттан келетін импорт көлемін азайтуға, ал «Эфко Алматы» ЖШС-інің өсімдік майы экспорттық әлеуетті арттыруға негізделген. Мұндай ойды телекөпір барысында Н.Назарбаевтың өзі де құптады. «Қазір біз үшін Қытай Халық Республикасының жаңа нарығы ашылуда. Оның келешегі өте зор екендігіне сенімдімін» дей келе, екі түрлі май шығаратын қос кәсіпорынның ашылуымен ел-жұртты құттықтап, өндіріс ісіне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, «Эфко Алматы» ЖШС май өнімдерін шығару кешені Индустрияландыру картасы аясында қайта құрылып, жаңғыртылған болатын. Нәтижесінде, мұнда арнайы мақсаттағы май өндірісі мен май сығымдайтын қондырғы іске қосылды. Соя өңдеу, өсімдік майын ыдысқа құю желісі де ашылды. Осылайша, халықаралық талапқа сай май өнімдері елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қоспақ. Отандық тауар Қытаймен қоса, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды елдерге экспортталады. 750 адамды еңбекке жұмылдырған кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 120 тоннаға тең. Сондай-ақ, бұл жерде әлемдік технология трансфертімен қамтамасыз ету үшін кәсіпорын базасында арнайы оқу орталығы да құрылған.
«Батырдың» күші басым екен
Солтүстік Қазақстандағы «Петропавл трактор зауыты» ЖШС бұдан былай «Батыр» деп аталатын трактор шығаратын болды. Ресми түрде «К-704-4р Батыр» деп аталатын отандық тракторлардың артықшылығы, кеңес заманындағы К-700 тракторларынан еш кем емес. «Керісінше, біздің тракторымыз техникалық сипаттамасы бойынша шетелдік баламасынан үш есе арзан әрі бойында 4 аттың күші артық екендігін ерекше атап өткім келеді», деді Елбасы.
Ресейлік әріптестермен бірге іс жүзеге асырылатын кәсіпорында жыл сайын 100 техника шығарылады деп жоспарланған болса, осы жоспарды жүзеге асыруға жергілікті тұрғындардан 48 азамат біркісідей-ақ атсалысады деп күтілуде. Кәсіпорынның бас директоры Сергей Шинкоренко еліміздің машина-трактор паркі осылайша тұрақты түрде жаңартылып жатқанын, бүгінгі күні шамамен 14 мың машина 10 жылдан астам уақыт пайдаланылғанын, сондықтан жаңартуды қажет ететіндігін тілге тиек етті. Ал оларды жаңартуда мұндай жобалардың маңызы жоғары екендігі белгілі.
Бірінші жартыжылдықтағы индустрияландыру қорытындысы туралы кеңесте елдің назары бір сәт Ақтаудағы «Kazakhstan Pipe Traders» ЖШС зауытына ауды. Бұл кәсіпорын бүкіл Каспий аймағындағы ерекше технологиялық өнеркәсіптік кешен болып табылады. Оның құрылысына 40 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған болса, ол Қазақстанның қолайлы инвестициялық климатының нәтижесі. Сонымен қатар, зауыт елімізге жаңа технологиялар әкеліп, білікті мамандар дайындауға да зор үлес қосып отыр. Қазақстан ғана емес, ТМД аумағындағы тың жоба болып саналатын премиум класты бұрандалы байланыстарды кесу зауыты отандық мұнай-газ саласының сұранысын өтейтін бәсекеге қабілетті өнімдер шығарады.
Стратегиялық тұрғыда өңірдің экономикалық әлеуеті артып келе жатқандығына ерекше тоқталған Мемлекет басшысы Н.Назарбаев кәсіпорын қызметкерлеріне табыс тіледі. «Ақтау порты – аса маңызды көлік дәлізіне айналуда. Біз оны Қорғас құрғақ портымен байланыстырдық. Қытай мен Тынық мұхитынан шыққан тауарлар осы портқа барып, одан әрі өтуде. Бұл өңірдің Кавказбен, Ресеймен, Иранмен байланысын жылдамдатады. Ал осы Ақтауда жаңа кәсіпорынның іске қосылуы – өте маңызды. Жалпы, Ақтау қаласында жұмыс орындарын ашуға бағытталған осындай кәсіпорындардың көп қажет екендігі сөзсіз», деді ол өз мәлімдемесінде.
Индустрияландыру бағдарламасының жартыжылдығын қорытындылауға арналған телекөпір Жамбыл облысында жаңа цемент өндірісін іске қосумен жалғасын тапты. Жалпы, Мойынқұм ауданында индустрияландыру бағдарламасы аясында төрт өндіріс іске қосылып, екі мыңнан аса жұмыс орны ашылған. Жергілікті тұрғындар, әсіресе, жастар жұмыспен қамтылып, халықтың жағдайы жақсарып келеді. «Мен осы цемент зауытында жұмыс істеймін. Ауданда жұмыскерлер үшін барлық жағдай жасалған. Жалақымыз жақсы әрі тұрақты. Сізге аудандағы өзім секілді жас жұмыскерлер атынан шексіз алғысымды білдіремін», – деді телекөпір барысында сөз алған Жамбыл цемент өндірісі компаниясының қызметкері Мақсат Жұматаев. Мемлекет басшысы осы жаңалыққа орай Мойынқұмдағы жаңа өндіріс орындарының көбеюі көпшілікті қуантатындығын білдірді. «Себебі, әр уақытта Мойынқұм – халқы аз, жағдайы нашар, суы жоқ жер еді. Қазір осындай өзгерістер болып, жергілікті халық жұмысқа орналасып, азаматтардың өндіріске тартылғаны мені ерекше қуантады», деді Елбасы.
Қос кәсіпорын іске қосылды
Оның бірі – Астанадағы санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз шығаратын зауыт. Жылына 16 400 тонна өнім өндіретін «IpekKagitCentralAsia» ЖШС бүгіннен бастап 53 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Компания директоры Фатих Дырықтың сөзінше, бүгінде Қазақстанда Орталық Азия елдері ішіндегі ең үздік инвестициялық ахуал қалыптасқан. Соның арқасында олар біздің елге инвестор ретінде сапалы, экологиялық таза қағаз өнімдерін шығаратын заманауи зауыт салуға кіріскен. Жылына 11 млрд. теңгенің өнімін шығаруды көздейтін компания Ресейге, сонымен бірге, Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтай отырып бауырлас көрші елдерге де экспорт көлемін арттыруға ниетті. Осы орайда сөзге араласқан Мемлекет басшысы қазіргідей дағдарыс жағдайында шағын және орта бизнестің тез арада басқа өнім шығаруға көшуін құп көретіндігін де білдіре кетті.
Екінші нысан – Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында тез дайындалатын өнімдер шығаратын кәсіпорын 48 адамды жұмыспен қамтуда. Жылына 1 079 тонна өнім беретін мекеме мемлекеттік саясаттың жемісі болып табылатын индустриялық аймақта жүзеге асуда. «Сонымен қатар, болашақта ауыл шаруашылығы саласына арналған биоорганикалық тыңайтқыштар шығаратын фабрика құрылады деп жоспарлануда. Бұл фабрика ТМД елдерінде баламасы жоқ жоба болмақ», деді «Lotus Food Company LLC» ЖШС бас директоры Әлиайдар Амалов.
Инвестиция игілігін сезінген
Жылына екі рет арнайы ұйымдастырылатын телекөпір барысында Мемлекет басшысы тікелей эфир арқылы Ақтөбе облысындағы Хромтау ауданын әртараптандыру барысымен танысты. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекболат Келбатыров өңірге соңғы
5 жыл ішінде қазақстандық, ресейлік, түркиялық компаниялар Хромтау ауданына 150 млрд. теңгеден астам инвестиция салғандығын айтты. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша ауданның 123 кәсіпкері жеңілдетілген несиелер мен гранттар алған. Ал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жыл сайын мектептер, спорттық нысандар мен тұрғын үйлер де бой көтеріп келеді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы Хромтауда да оң әсерін беріп келеді. Бүгінде жұмысқа жарамды халықтың 65 пайызы өндірістік кәсіпорындарда, орта және шағын бизнесте еңбек етуде. «Аса құрметті Елбасы, Сізді Қазақстанның индустриялық бағдарламасына хромтаулықтардың одан әрі белсене қатысатындығына сендіргім келеді», деді ол.
Оңтүстіктегі Кентау трансформатор зауытына бүгінге дейін 3,5 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылған. Мұндай деректі «Кентау трансформатор зауыты» АҚ трансформаторлар бойынша жетекші құрастырушы Адасбай Ыстыбаевтың өзі Елбасына берген есебінде мәлімдеді. Осыншама қаражаттың нәтижесі ретінде Кентау қаласының қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады. Қазір кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетілуде. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында Индустриялық аймақ құрылып, 200-ден астам кәсіпкер жеңілдетілген несие мен грантқа қол жеткізуі – осы сөзіміздің айғағы. Бұл мәселеге қатысты білдірген пікірінде Нұрсұлтан Әбішұлы аталмыш зауыт елдің басқа жерлерінде де өз филиалдарын ашып, өрісін кеңейтіп жатқандығын атады. «Елге қажетті өнім шығарып, оның бағасын бәсекеге қабілетті етіп, әрі қарай жұмыс жасай берсеңіздер, Кентау қаласының жағдайы жақсы болады. Осы өндірісте жақсы жұмыс істеп, жағдайды түзетіп, елімізді қуанта беріңдер», деді Мемлекет басшысы қала тұрғындарына қарата айтқан сөзінде.
Төккен тердің жемісі
Жиынды Елбасының өзі қорытындылады. Нұрсұлтан Назарбаев алдымен телекөпір арқылы іске қосылған өнеркәсіптер ел экономикасының дамуына өз үлесін қосуы тиіс екенін айрықша атады.
«Біз бүгін 2016 жылдың бірінші жартысындағы индустрияландыру жұмыстарын қорытындыладық. Биылғы жылы 120 өндіріс пайдалануға беріледі. Адамдар олардан өздеріне тұрақты жұмыстар табады. Жалақылары жоғары болады. Жаңа жобаларды іске қостық. Экономиканы әртараптандыру шараларының жүзеге асып жатқанына куә болдыңыздар», деді Президент.
Н.Назарбаевтың айтуынша, еліміз ендігі жерде бағдарламаға түзету енгізіп, болашаққа қадамды нақтылай түсуі тиіс.
«Әрине, әлемде қазір алдымыздан қандай дағдарыстың күтіп тұрғанын болжау мүмкін емес. Дегенмен, біз кез келген тосын жағдайдың алдын алу үшін жұмыс істеп жатқан елміз. Бес институттық реформа бойынша «100 нақты қадамды» орындауды алға қойдық. Экономикаға қосымша серпін беретін «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Келешекте осының барлығы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, өмір сапасын көтеруге, бәсекеге қабілетті болуға жұмыс істейді деп сенемін», деді Елбасы.
Индустрияландыру – жаңа экономикалық ахуалдағы біздің жұмысымыздың басты бағытының бірі. Осыдан 6 жыл бұрын еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бастау алған болатын. Осы уақыт ішінде өнеркәсіптің өңдеу секторында мыңнан астам кәсіпорын іске қосылды. Қазақстанда бұған дейін өндірілмеген 500-ге жуық мүлде жаңа өнім түрлері шығарыла бастады, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Индустрияландыру бағдарламасының басты нәтижелерінің бірі – өңдеуші салалардың оза дамуы болды.
«Өсім қарқыны бойынша өңдеу өнеркәсібі тау-кен өндіру секторын 1,4 есе басып озады. Осылайша экономикамыздың құрылымы жақсаруда. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі оң нәтижелер көрсетуін жалғастырып отыр», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президенттің айтуынша, Кеңес Одағы кезінде Қазақстан шикізат жеткізушінің рөлін ғана атқарып келді. Машина мен құрылыс саласы және өңдеуші сала дамытылмады.
«Біздің қазіргі жұмысымызды үлкен төңкеріс деп бағалауға болады. Индустрияландыру деген осыдан басталады. Өңдеуші өнеркәсіпті индустрияландыру неге сонша қиын болды? Себебі, бізде оның негізі жоқ еді. Енді міне, өсу қарқыны бойынша өңдеуші өнеркәсіп тау-кен өнеркәсібі саласын басып озып отыр. Біз үшін ең қиынға соққаны өңдеуші өнеркәсіп саласын индустрияландырып, жаңа өндірістер ашу болды. Ештеңе де оңайлықпен келмейді. Бүгінгі қосылып жатқан зауыттар – осы үшін төккен тердің жемісі», деді Н.Назарбаев.
Экспортқа басымдық
Мемлекет басшысы индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асырудың бастапқы кезеңі елдің ішкі өндірісі мен қазақстандықтардың әл-ауқатынан көрінетін әлемдік экономикадағы түйткілдердің көбеюі кезеңімен сәйкес келгенін атап өтті. Бұл проблема, әрине, Қазақстанды сырт айналып өткен жоқ. Бұл біздің өндіріс пен қазақстандықтардың әлеуетіне әсер етті. Алдымыздан шыққан жаңа проблемалар индустрияландыру бағдарламасына біраз түзету енгізуді талап етеді. Осы мәселелерге тоқталып өткен Елбасы Үкіметке экспортқа назар салуды тапсырды.
«Баршамыз көріп отырғандай, ел экономикасы тауарларымызға деген сұраныс пен бағаның төмендеуі арқылы көрініс тапқан зор сыртқы қысымды сезінуде. Елдегі экономикалық белсенділік көп жағдайда ауқымды мемлекеттік инвестициялар арқылы қолдау тауып отыр. Сондықтан қазіргі кезде экономика өсімінің жаңа көздерін қалыптастыру қажет. Осыған байланысты, алдағы жылдары экономиканың күш-қуатын экспортқа бағытталған бірнеше басым салаларға шоғырландыру керек. Мысалы, олар өнеркәсіп саласында азық-түлік өнімдері өндірісі, металлургия, машина жасау, агрохимия және мұнай химиясы өндірісі болуы тиіс. Қызмет көрсету саласында көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, инженерлік-техникалық қызметтер және туризмге назар аудару керек. 2025 жылы шикізаттық емес экспортты 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе арттыруға қол жеткізу қажет», деді Н.Назарбаев.
«Екіншіден. Өзіміз көріп отырғандай, әлемдегі рыноктардың жағдайы күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Болашақта қандай құбылыстар болатынын білмейміз. Бірақ сұранысы тұрақты артып отырған салалар да бар. Бұл ең алдымен азық-түлік рыногы. Сондықтан, азық-түлік саласындағы жобалардың мемлекеттік қолдаумен қамтылу аясын кеңейтуді тапсырамын. Бұл бағытта зор мүмкіндігіміз бар», деді Мемлекет басшысы. Яғни, тамақ өнеркәсібі саласындағы жобаларды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтудың аясын кеңейту қажет.
Бізге керегі – сан емес, сапа
Бұдан әрі Мемлекет басшысы жақсы нәтижелер болғанына қарамастан, индустрияландыру үдерісінде кемшіліктер де бар екенін айтты.
Үшіншіден, біздің мақсат – өнеркәсіптік өндірістерді көптеп құра беру емес. Негізгі назарды жобалардың сапасы мен өміршеңдігіне аударған жөн. Сондықтан, қазіргі бесжылдықта жобаларды іріктеу және мемлекеттік қолдау шараларын көрсету олардың бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық әлеуетін ескере отырып қана жүзеге асырылуға тиіс.
Төртіншіден, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына орай еліміз үшін ашылған жаңа мүмкіндіктерді пайдалану керек. Осыған байланысты Елбасы Үкіметке қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы рыноктарға шығуын қолдау жөніндегі шараларды әзірлеуді тапсырды. Бұл Үкіметтің ғана емес, облыс, қала, аудан әкімдерінің де міндеті екендігін қадап айтты. Әрбір әкім өз өңірінің тауарын сата білу керек. Ал біздің әкімдер өзіне көрші жатқан облыстармен жұмыс істеуді де әлі үйрене алмай жүр деп сынға алды Елбасы.
«Былтырдан бері Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды. Оны ұмыта бастағанға ұқсаймыз. Ал бұл дегеніміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше 160 елдің үлкен рыногына есік ашылды деген сөз. Әсіресе, көршілес елдердің рыногы. Осы елдердің барлығы біз үшін енді ашық. Тауар тасу үшін ең жақсы жағдай жасадық. Енді біз осы рынокты қалай «жаулап аламыз» деген мәселеге назар аударуымыз керек», деді Мемлекет басшысы.
«Білім экономикасына» бетбұрыс
Елбасы бесінші мәселе ретінде білім экономикасына қарай бетбұрыс жасау қажеттігіне назар аудартты. Қазіргі заманғы сарапшылардың көпшілігінің бағалауы бойынша, әлем өзгерген және жаңа жағдайда өмір сүріп жатыр. Бұл кезде «ресурстар экономикасының» орнына «білім экономикасы» келетінін ескеру жөн екендігін айтты.
«Бірінші орынға жаңашыл және өнімділігі жоғары жеке бизнес шығып отыр. Қазір әлемде технологиялардың дамуы арқасында заттар интернеті, нано және биотехнологиялар, жаңа материалдар және тағы басқа жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Болжам бойынша, болашақта жаңа технологиялар ғана 30-дан 70 пайызға дейінгі ІЖӨ өсімін қамтамасыз ететін болады. Егер біз жаңа технологиялармен және инновациялармен айналыспайтын болсақ, бәсекелестікте табысты болмаймыз. Сондықтан, 2014-2015 жылдардың өзінде ғана ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстары 142 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Әлемдік тәжірибе жоғары оқу орындары ғалымдар ғана емес, студенттер арқылы да әзірленетін инновациялық шешімдер орталығын қалыптастырушы болып табылатынын көрсетіп отыр», деді.
Елбасы осыған байланысты университеттер жанынан инновациялар орталығын құру жұмыстарын жандандыру міндетін қойды, оларда қазіргі заман талаптарына сай келетін кадрлар даярлануға тиіс.
Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру жоспарын толықтыруға қосар тағы бірқатар ұсыныстарын айтты.
«Біздің қызметіміздің басты мақсаты – халықты лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз ете алатын жемісті түрдегі жұмыспен қамту ісі. Бұл үшін бізге бірқатар міндеттерді орындау керек, соның ішінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет. Халыққа өз ісін ашу үшін мүмкіндік беру керек. Әсіресе, ауыл халқына. Соның ішінде, әсіресе, жастарға. Өз ісін ашу үшін халықтың бастапқы капитал алуына мүмкіндік жасап, шағын несие беруді көбейту керек. Ұмытып қалмасаңыздар, кезінде біз «100 бизнес-жоба» атты кітап шығарған едік. Сіздердің барлықтарыңыз сол кітапты алғансыздар. Әрбір ауылда, әрбір ауданда қандай өндіріс ашуға болатынын жазып, сызып көрсеткен кітап болатын. Ұмытып қалдыңыздар ма? Қазір сол кітапты шаң басып жатқан шығар... Алыңыздар да, шаңын қағыңыздар. Ауыл, аудан, облыс, қалада жауапты адам тауып, сол кітапты құшақтап, ауылға келіп, ауылдағы халыққа бизнес ашудың жолдарын үйрету маңызды», деді Н.Назарбаев.
Еске салсақ, 2013 жылғы телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында әрбір қазақстандықтарға пайдасы тиетін, шағын кәсіпкерлік туралы 100 мысалды қамтитын кітап шығаруды тапсырған болатын. Бір жылдан кейін, яғни, 2014 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мүдделі тараптармен бірге «Шағын кәсіпкерлікке арналған 100 жаңа жоба» атты кітап шығарды.
Агроөнеркәсіпке – айрықша назар
Елбасы Агроөнеркәсіп кешеніне айрықша назар аударған жөн екендігін баса айтты. Бүгінде ол негізінен халықтың жеке үй шаруашылығынан тұрады. Өндіріс көлемі аз болғандықтан, олардың сақтауға, өңдеуге және өнімді өткізуге мүмкіндіктері жоқ. Олардың өнімдерін өңдеу және өткізуді қамтамасыз ету үшін осындай шаруашылықтардың кооперациясын жеделдетіп дамыту қажет. Бұл ретте Елбасы Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке зор жауапкершілік жүктелетінін баса айтты. Қазақстан Президенті халық табысының өсімін барлық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы негізгі басымдық ретінде қарастыру қажеттігіне айрықша назар аударды.
«Қымбат импорттық тауарларды отандық өнімдермен алмастыру керек. Үкімет пен Ұлттық банк халықтың табысына тікелей әсер ететін инфляция деңгейін төмендетудің қамтамасыз етілуін қадағалауы қажет», деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жерді суару және ирригация жүйесін қалпына келтірудің кешенді жүйесін әзірлеу қажеттігіне тоқталып, бес жылда 600 мың гектардан астам суармалы жерді іске жаратуға болатынын атап өтті.
Халық қолжетімді баспанамен қамтылады
Президенттің айтуынша, тағы бір маңызды міндет – таяу 15 жылда 1,5 миллион отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету.
«Бұл ретте қаржыландыру «Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі» мен Қазақстандық ипотекалық компания арқылы жүргізілуге тиіс. Барлық қаражатты шоғырландырып, арнаулы шарт жасалатын екінші деңгейлі банктер арқылы бағыттау керек. Мемлекет өзіне тек бақылау міндетін қалдыруы қажет. Сонымен қатар, болашақта жұмыс күші қозғалысының мобильділігін қамтамасыз ету үшін сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспана берген жөн», деді Мемлекет басшысы.
«Кеше Германия технологиясымен салынған елордадағы бірегей тұрғын үй құрылысы комбинатында болдым. Жарты жылда 9 қабатты үй салынады. Барлығын өздері жасайды. Тіпті, қабырғада тұрған розетка оймағына дейін солардың мой