Ақтөбе рельс арқалықтары зауыты – индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы аясында жүзеге асырылған еліміз бойынша бірегей жоба. Шойын жолдар үшін қажетті рельстер шығаратын мұндай зауыт ТМД аумағында Ресей Федерациясында ғана бар. «Ақтөбе рельс арқалықтары зауыты» ЖШС бас директоры Андрей Кузьмин жас та болса өндіріске қоян-қолтық араласып, шыңдалған білікті басшы. Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің түлегі, кейін Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын «Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ жөндеу жөніндегі инженерінен бастаған ол осы кәсіпорынның бас инженерінің орынбасарлығына дейін көтерілді. 2008 жылдан «Alinaholding», «SBSSteel» «Базальт» ЖШС-терінде басшылық қызметтер атқарды, «Силикат-А» ЖШС-інде директор болды. 2013 жылдан бері осы бірегей кәсіпорынды басқарады. 2013 жылы экологияға қосқан үлесі үшін ірі кәсіпкерлік саласындағы «Парыз-2013» сыйлығын иеленді. 2014 жылы «Жылдың үздік индустриялық жобасы» номинациясы бойынша Елбасы Н.Назарбаевтың қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алды. Біз осындай өмірбаяндық таныстықтан кейін әңгіме арнасын өндірістік мәселелерге бұрдық.
– Зауыт қазір дайын өнім шығару кезеңіне өтті. Зауыттан шығарылған рельстер «Қазақстан темір жолы» компаниясының инвестициялық жобалары мен магистралды теміржолдарын күрделі жөндеу жұмыстарына пайдаланылуда. Зауыт 3 жылға жетер-жетпес уақытта тұрғызылдыРельсті прокаттау (қалыптау) технологиясын игердік. Қазір зауыт «Қазақстан темір жолы» компаниясының қажеттіліктерін өтеуде. Сонымен қатар, біз рельстерімізді экспортқа шығаруға да дайындалудамыз. Таяу уақытта рельстеріміз шетелге де жіберілетін болады.
Бүгінгі күні өніміміз үшін СТ-КЗ сертификатын алдық. Бұл сертификат рельстеріміздің ұлттық стандарттарға сәйкес келетінін растайды. Қазақстанның сертификаты Кедендік одақ аумағы бойынша да жүреді. Десек те, біз енді Ресейдің ГОСТ Р стандартына сәйкес екендігімізді дәлелдейтін құжатты алу үшін сертификаттаудан өтіп жатырмыз. Зертхана сынақтарынан оң нәтиже шықса, Ресейдің сертификатына да қол жеткіземіз. Бұл бізге өз өнімдерімізді саудаға шығару нарығын кеңейтуімізге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Батыстағы және Шығыстағы серіктестеріміздің біздің рельстердің сапасына деген сенімін нығайта түседі.
– Бұл жобаға кімдер қаржы салды? Зауыттың құрылтайшылары кімдер?
– Зауыттың құрылтайшылары: «Қазақстан темір жолы» компаниясының еншілес кәсіпорны «Ремлокомотив» АҚ мен жеке инвестор – «Транспортные технологии» ЖШС. Біздің жоба – мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асырылды. Біз мемлекеттің 30 пайыз үлесі бар квазимемлекеттік кәсіпорынбыз. Ал жобаның жүзеге асырылуына салынған қаржы туралы айтар болсақ, зауыт құнының 30 пайызын құрылтайшылар жарғылық капиталға өздері салды, қалған 70 пайызы – «Қазақстанның даму банкі», «Сбербанк» сынды қаржы институттарынан несиеге алынды
– Бұл жобаны қолға алған кезде «бәсекелестікке төтеп бере аламыз ба» деген қорқыныш болған жоқ па? Өйткені, Ресей Федерациясының өзінде рельс шығаратын ірі комбинаттардың бар екені белгілі.
– Әрине, алдын ала барлығын ойластырдық. Сондықтан, біз зауыттың құрылысын жоспарлағанда, оған рельсті дайындайтын ең жаңа, ең заманауи технологияларды қарастырдық. Мен қазір «біздің рельстеріміз нарықтағы ең жақсы рельстер» деп еш күмәнсіз айта аламын. Яғни өнімнің профилі және беріктігі жөніндегі сипаттары бойынша талап етілген өлшемдердің барлығын сақтап отырмыз. Технологиямыз да өзін өзі ақтауда. Зауытымызда және ҚАЗ СЖТ зертханаларында жасалған сынақтар рельстеріміздің сапалы екендігін растап отыр.
– Ал осыған ұқсас зауыттар басқа қай елдерде бар?
– ТМД аумағында Ресейде ғана бар: Еуразия компаниялар тобының зауыты, Челябі қаласындағы Мечел комбинатының зауыты. Бұл екі зауыт Ресейдің рельс нарығын толығымен қамтып отыр. Олардың рельстерінің ұзындығы 100 метрге дейін.
Мен олардың сапасына ешқандай мін таға алмаймын. Ал біздің рельстеріміздің ұзындығы 120 метрге дейін жетеді. Біз алдымен «Қазақстан темір жолы» компаниясымен ұзақ мерзімді келісімшарт жасастық. Сондықтан Қазақстанның нарығына рельсті біз жеткізіп береміз. Зауыттың жобалық қуаттылығын игеру үшін жұмыс жасап жатырмыз. Менің ойымша, 2018 жылдың соңына таман оған қол жеткіземіз. Биыл, мысалы, біз рельс өндіру бойынша жобалық қуаттылықтың шамамен 65 пайызын игеруді жоспарлап отырмыз. Күн сайын өнім өндіру мөлшерін арттырып келеміз. Соңғы айда шамамен 5 мың тонна рельс шығарып, жөнелттік. Біздің рельстеріміз «Қазақстан темір жолының» «Алматы-Шу» аралығындағы екінші желі жобасына, тағы бір инвестициялық жоба – «Құрық» портының құрылысына пайдаланыла бастады. Бұдан өзге, рельстеріміз «Қазақстан темір жолының» басқа да магистральдық жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарына пайдалануға жіберілуде.
– Қазір инновация туралы көп айтылады. Сол инновация тұрғысынан зауыттың өнімдері несімен ерекшеленеді?
– Біздің өнімнің бірегейлігі – оны жақсы прокаттағанымызда (қалыптау) ғана емес. Әрине, геометриялық өлшемдері бойынша прокаттаудың сапасы онсыз да жоғары. Ең басты ерекшелігіміз – дифференциялық термонығайту арқылы рельстің беріктігін күшейту желісі. Бұл – Primetals Technologies Italy S.r.l. технологиясындағы ең соңғы жаңалықтарының бірі. Термонығайтудан кейін рельске қажет механикалық сипаттарды қамтамасыз ете аламыз.
–
Зауытта іске қосу және жөндеу жұмыстары өте ұзаққа созылды. Осының себебін айтып өтсеңіз.
– «Ыстық» іске қосу және жөндеу жұмыстары деп айтылатын, яғни шикізатты алғаш рет ыстық пештен балқытып өткізу жұмыстары 2015 жылдың 1 қыркүйегінде басталды. Одан кейін 4 айдың ішінде шикізатты прокаттау жұмыстарын ретке келтірдік. Рельстің геометриялық өлшемдерін қамтамасыз ету де өте күрделі үдеріс. Рельстің тиісті стандарттарға сәйкес келетін пішініне 4 айда қол жеткіздік. Сосын термонығайтуды игердік. Наурыз айында бұл үдерісті толығымен аяқтадық. Рельстің алғашқы сынақтық партиясын шығарып, Қазақстан Республикасының сертификаттауынан өттік. Одан басқа да құрылысқа байланысты олқылықтарды жойып, 6 маусымда зауыт толығымен пайдалануға берілді.
Қондырғылардың автоматтандырылу коэффициенті – шамамен 98 пайыз. Шартты түрде айтар болсақ, бір кнопкаға басасың, жүйенің бір жағынан шикізат кіреді де, келесі жағынан дайын өнім шығады. Әрине, жұмыс үдерісіне адам кез келген сәтте араласа алады. Бірақ біз ақауларды көп болдырмау және күтпеген жағдайлардың алдын алу үшін автоматтандыру коэффициентінің жоғары болғанын қаладық. Қазір бұл жүйе жұмыс жасап тұр.
– Зауыт шикізатты Ресейден сатып алады. Өткен жылы инвестициялық форум кезінде Ақтөбеде болат балқытатын зауыттың салынуы туралы әңгіме қозғалды. Бұл жоба қашан жүзеге асырылуы мүмкін?
– Әлбетте, мен ондай зауыттың Ақтөбеде бой көтергенін қалаймын. Бұл зауытты тұрғызған команда да ондай қосымша зауытты салуға дайын. Дегенмен, алдымен құрылтайшыларымыз мен Үкімет деңгейінде тиісті шешім қабылдануы тиіс. Қазір жобалау және құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ. Тек жоба алды жұмыстары қаралуда.
– Бүгінгі шарттар сізге болашаққа оптимизммен қарауға мүмкіндік береді деп айта аламыз ба?
– Бүгін тек Қазақстанда ғана емес, оның айналасында да, яғни басқа көршілес мемлекеттерде де экономикалық жағдай күрделі. Зауытымыз жаңа, өнімімізге сұраныс жоғары. Бүгінгі күні зауытта 700-ге жуық адам еңбек етеді. Жұмысшылардың 99 пайызы жергілікті адамдар. Негізінен жастарды алуға тырысамыз. Оларды біліктіліктерін арттыру мақсатында арнайы курстарға жібереміз. Бір сөзбен айтқанда, ілгері күннен үмітіміз үлкен.
Әңгімелескендер
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»,
Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ,
журналист
Ақтөбе облысы