Тарих ғылымдарының докторы Аққали АХМЕТПЕН әңгіме
–Аққали Қабижанұлы, Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануын немен байланыстырасыз?
– Алдымен ескеретін басты бір жайт бар. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аждаһа апанына айналып, адамзатқа да, қоршаған ортаға да ажал оғын сепкен Семейдегі ядролық сынақ алаңын жауып, төрткүл дүниені жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстайтындай ядролық қарудан бас тартуы. Шындығында, бұл бір мемлекеттің ғана емес, барша адамзаттың қауіпсіздігін ойлаған, сөйтіп, бейбіт өмірдің қадірін жаһан жұртына ұғындыра білген кемеңгер тұлғаның ғана қолынан келетін үлгі-өнегесі мол парасатты қадам. Егер, Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең ірі державалы елдерді ядролық қарумен қорқытқысы келсе, сөйтіп, сол арқылы өзінің абыройын асырамын деген мақсатты көздеуіне болар еді. Алайда, қазақ елінің маңдайына біткен, дербестігін енді ғана алған жас мемлекетті әлемдегі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеген, бәсекеге қабілетті 30 елдің бірегейі деңгейіне жеткізуді көздеген Елбасы өзінің қамын күйттейтін пендешіліктен биік тұрғанын көрсетті. Осылайша, әлемді қырғи-қабақ соғысқа бастар ядролық қарудан бас тартуға ұдайы үндеп келеді.
Міне, осы тұрғыдан айтқанда, осынау ерекше оқиғаны БҰҰ-ға мүше елдер басшылары Қазақстанның, оның көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының адамзатқа бейбіт өмір тілейтін бастамасын қолдауы деп түсіну қажет. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке сайлануының астарында бейбітшілікті нығайтуға, соғыстың алдын алу саясатына қосқан үлесін жоғары бағалағандық жатыр.
– Қазақстанның мүшелікке сайлануын жақтап 138 елдің дауыс беруіне Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің қаншалықты әсері тиді?
– Әлемде жекелеген елдердің басшылары болмаса, бәрі бірдей соғыстың болғанын қаламайтын шығар. Рас, әлі де ядролық қарудан бас тартпай, түрлі сынақтарды жасауды көздейтіндері де табылатын болар. Дегенмен, адамзатқа үрей тудырып, тынышын алғысы келетіндер Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жария еткеннен кейін мықтап ойланады деуге болады. Өйткені, манифестің басты мақсаты – әлемнің тыныштығы. «Әлемге тыныштық керек!» деп жар салды Елбасы. Лаңкестік әрекеттер мен биологиялық, химиялық, ядролық қарулардың барша адамзатқа төндірер қатерін де, қаупін де санамалап берді.
Елбасы манифесі бейбітшілікті сүйетін адамзатты бейжай қалдырмады. Әлемнің көптеген саясаткерлері қолдады. Лаңкестік әрекеттердің, ядролық қарудың зардабын көргендер бейбіт өмірдің қадірін біледі. Қазіргі уақытта көптеген елдердің бейбіт тұрғындары лаңкестік шабуылдардан босқын атанды. Ал босқындардың дені Еуропа елдеріне ағылып келуде. Әлемде тыныштық орнамай, босқындардың заңсыз миграциясы ешқашан тоқтамайды. Мұны БҰҰ-ға мүше елдердің бәрі де түсініп болды. Оның үстіне Еуропа елдері болсын, не өзге құрлықтың мемлекеттері болсын, бәрі де босқындарды қабылдауға дайын емес. Бұған бірнеше себепті алға тартуға болады. Ең бастысы, босқындар өздері орныққан елдердің экономикасына да, қалыпты өміріне де елеулі өзгеріс енгізеді.
Босқындар миграциясын тоқтатудың бірден бір жолы – әлемнің тыныштығын қалпына келтіру. Мұны «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен танысқан әлем елдерінің басшылары мен саясаткерлері түсіне бастады. Сол себептен, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуына «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің оң әсері тиіп отыр дей аламыз.
– Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы әлемде тыныштықты орнатуға оң әсер ете ме?
– Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы еліміздің де, Елбасының абыройын асқақтатты. Дұрысында, Қазақстанның аталған ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы үшін Елбасы орасан зор еңбек сіңірді. Бұл оқиғаны Елбасының әлемдегі абыройы-беделімен, мерейімен байланыстыру керек. БҰҰ секілді әлемдегі ірі ұйым мүшелері Қазақстанның бейбітшілікті нығайтудағы ұстанған бағытын қолдады. Енді алдағы екі жылда Қазақстан тарапынан БҰҰ-ға мүше елдерді «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің басым бағыттарын іске асыруға жұмылдыратындай мол мүмкіндік туып тұр. Өйткені, дәл қазір әлем елдері тыныштыққа шөліркеп отыр. Сол себептен, бейбітшілікті қалайтын елдердің барлығы да Қазақстан тарапынан болатын барлық іс-қимылды қолдайды деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанның ұстанған бағыты – бейбітшілікті нығайту. Араздасқанды татуластыруды, жанжалдасқанды достастыруды көздейді.
Сондықтан, Қазақстан жаһандық проблемаларды шешудің оңтайлы жолдарын іздестіреді. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне манифестегі ұсыныстарды ұсына алады. Қазақстанның басты мұраты – әлемде тыныштықты орнату. Демек, белгілі бір деңгейде әлемнің тыныштығын сақтауға, кей елдердің арасындағы қырғи-қабақ көзқарастардың, дау-жанжалдардың оң шешілуіне бітімгершілік миссиясын атқарады деп сеніммен айтуға болады.
Әңгімелескен
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ