Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің есігін ашып, бұл ұйымға мүше болу – Қазақстанның тәуелсіздігін нығайта түседі, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген үміт бар. Қазақстан дербес мемлекет ретінде халықаралық мінберде әлемдік мәселелер бойынша өз тұжырымын білдіруге, өзге де өркениетті дамыған елдермен пікір таластыруға, өз елінің мүддесін қорғауға мүмкіндік алады деп сенемін.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы-драматург,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:
– Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүше болуы тәуелсіз еліміз жеткен тарихи табыс. Халықаралық деңгейде Қазақстанның саяси ойыншыға айналуының дәлелі деп білемін. Бұл дәрежеге Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында қол жеткізіп отыр. Елбасының қазақ пассионарлығының символы екеніне тағы да көзіміз жетті.
Дәрежан ӨМІРБАЕВ,
кинорежиссер, кинотанушы, Қазақстанның «Құрмет», Францияның «Әдебиет және өнер» ордендерінің иегері:
– Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайлануы біздің барлығымыз үшін тәуелсіз еліміздің үлкен жетістігі, мемлектіміздің ел болып қалыптасқандығының тағы бір белгісі болып табылады. Менің ойымша, мұндай жетістікке жетуімізге өнер мен ғылым саласындағы, соның ішінде – кино өнеріндегі біздің фильмдеріміздің халықаралық фестивальдардағы алған жүлделері де себепкер болды деп ойлаймын.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:
– Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта бүкіл әлем таныған, мойындаған ең алдыңғы қатарлы мемлекеттердің біріне айналды. Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретінде түн ұйқысын төрт бөліп, тынбай жүргізіп келе жатқан қажырлы еңбегінің нәтижесі екендігі анық.
Міне, Елбасының осындай абыройлы беделінің нәтижесіне еліміз тағы бір аса маңызды тарихи жеңіске жетті. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы – соның айғағы. Осыған орай, алдағы уақытта Қазақстан бүкіл әлемдік деңгейде талқыға түсетін мәселелер жөнінде шешім қабылдауға нақты ықпал жасай алатын деңгейге көтеріліп отыр. Бұл Қазақ елі ғана емес, жалпы бүкіл Орталық Азия мемлекеттерінің тұнғыш рет қол жеткізген саяси жеңісі екендігі анық.
АЛМАТЫ