Жемқорлық – індет, жою – міндет
Бүгінде судың да сұрауы келген тәрізді. Халық ауыз судың тапшылығын сезе бастады. Ауруын жасырған өледі демекші, бірқатар елді мекендерде ауыз су мүлде жоқ немесе қасқалдақтың қанына айналды. Еліміздің қай түкпірін алсаңыз да атойлап шыға келетін ауыз су мәселесінің жыр болып айтылып келе жатқанына да біраз уақыт өтті. Бірақ өмір нәрінің тапшылығын, зардабын тартып отырғандардың халі әлі күнге сол күйінде қалған секілді. Бұл туралы кеше «Нұр Отан» ХДП жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында баса айтылды. Онда алдымен 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасын жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың жемқорлыққа қарсы күрес жұмысының жағдайы талқыға салынды. Қоғамдық кеңестің атына сай мұнда көтерілген мәселе әбден шектен шығып, халықтың наразылығына ұшырағандықтан, оны жоюдың ақырғы амалындай қаралатындығы белгілі. Алайда, отырысқа қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері келтірген ақпаратта бәрі жақсы, қаражат бөлініп, жұмыс қызу жүріп жатқан көрінеді. Мәселен, АШМ Су ресурстары комитеті «Ауыз су» салалық бағдарламасы 2002 жылы бекітілді дейді. Онда 3955 мың адамы бар 3636 ауылдық елді мекеннің сумен қамту жүйесін жақсарту қарастырылған. Осы бағдарламаны іске асыру аясында 195,03 млрд.теңге иегеріліп, 13288 шақырым су құбыры мен ауыз сумен қамту желілері салынған. Сөйтіп, 3449 ауылдық елді мекендерді сумен қамту жақсартылған көрінеді. Бірақ кеңес отырысында сөйлегендер және тексерілген істің дәлелдері Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтқаны мен жергілікті жерлердегі нақты жағдайдың арасы жер мен көктей екендігін айғақтап берді. Әсіресе, журналистік зерттеу нәтижелері оңтүстік, солтүстік аймақтардың бірқатар елді мекендерінде сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі өткір күйінде қалып отырғандығын паш етті. Мәселен, отырысқа төрағалық етуші жоғарыда аталған қоғамдық кеңес төрағасы О.Әбдікәрімовтің айтуынша, «Ауыз су» бағдарламасына бөлінген бюджет қаражатының біраз бөлігі талан-таражға салынып, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткендігін айғақтайтын деректер бар. Бұл тағы да мемлекет қаражатының тиімді жұмсалмай отырғандығын көрсетеді. Өткен жылы «Ауыз су» бағдарламасына жауапты Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Рябцев және оның екі орынбасары жемқорлыққа жол бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бірақ, бәрібір бүгінгі таңда статистика көрсетіп отырғандай, агроөнеркәсіп саласында сыбайлас жемқорлық деңгейі өте жоғары. Дәлірек айтқанда, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында жемқорлық көрсеткіші 13,6 пайызға өсті, дейді баяндамашы. Ел экономикасына қауіп төндіретін жемқорлық әрекеттерден арылу – уақыт талабы. Әсіресе, ауыз су мәселесінде мемлекет қаржысын жымқырғандармен аяусыз күрес жүргізілуі керек. Өйткені, Елбасы үстіміздегі жылғы Жолдауында елімізді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – халық денсаулығының кепілі екендігін ерекше атап өтті. Демек, кеңес отырысында айтылғандай, бірқатар елді мекендердегі халықты ауыз судан қағып отырған коррупция, парақорлық, бюрократизм қоғамды кері кетіретін кесел болып табылады. Отырыста Ауыл шаруашылығы министрлігі және оның Су ресурстары комитеті тарапынан жіберілген кемшіліктер жан-жақты атап көрсетілді. Соған орай «Ауыз су» бағдарламасы қызметінің нәтижесі мен тиімділігі тұрғындар көңілінен шығып отырған жоқ, дейді О.Әбдікәрімов. Жалпы, ең алдымен, жоба бағдарламасына қаржы бөлу кезінде келеңсіздікке жол берілген. Бұл тұста жобалық-сметалық құжаттар жерасты су көзін анықтайтын Геология комитетінің келісімінсіз жасалған ба деген сұрақ туындайды. Су жоқ болса да немесе ауыз су сапасы белгіленген нормаға сай келмесе де мұндай нәтиже бермейтін жобалар Су ресурстары комитетінің қолынан өтіп, оларды қаржыландыруға рұқсат берілген көрінеді. Нәтижесінде бюджеттің қыруар қаржысы шығындалды. Сол сияқты құрылысты бастамас бұрын жер асты суын анықтауда мониторинг жүргізілмегендіктен кейбір жерлерде бөлінген ақша текке ысырап болған. Қарама-қайшылықтар да аз емес. Мәселен, Түркістанға Кентаудан ұзындығы 40 шақырым болатын су құбыры тартылды. Бірақ, ол құбырда су жоқ. Түркістанда жер асты су қоры мол. Ал енді сол мол су көзіне бұрғылау жүргізейін десе, оған рұқсат берілмейді. Отырыста орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-әрекетінде бір жүйенің жоқтығы бюджеттің тиімсіз жұмсалуына, су қондырғыларының сапасыздығына әкеліп соқтырғаны айтылды. Сөйтіп, талқылаудың нәтижесі бойынша Үкіметке тиісті ұсыныстар қабылданды. Александр ТАСБОЛАТОВ.Байсерке ауылында көпсалалы аурухана салынады
Аймақтар • Бүгін, 17:45
Алматыда «Муфаса. Арыстан патша» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтеді
Кино • Бүгін, 17:30
Қамшы туралы тарихи мәліметтер топтастырылған кітап жарық көрді
Тарих • Бүгін, 17:15
Халықаралық форумда ғылымды дамыту мәселелері талқыланды
Ғылым • Бүгін, 17:00
Қазақстанда 755 волонтерлік ұйым жұмыс істейді
Қоғам • Бүгін, 16:45
Алматы облысына 780 млрд теңге инвестиция тартылды
Аймақтар • Бүгін, 16:30