02 Шілде, 2016

Ашық талқылау алаңы

355 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ERA_0635«Күлтөбенің басында – күнде жиын». Осы бір мәтелге айналып кеткен сөз қажыған кісінің атынан айтылғандай көрінеді бізге. Әйтпесе, Күлтөбенің қандай кінәсі бар дәл осы тұста. Қайта Күлтөбе кезінде елдік мәселелерді кеңесе отырып шешетін іргелі орталық болғаны анық. Тарихта солай таңбаланған да. Сондай келелі мәселенің түйіні тарқатылуы ұзаққа созылып, күн сайын бас қосқаннан әбден шаршаған дуалы ауыздан шыққан сөз қырық рулы елге тарап кеткен-ау, шамасы. Әйтпесе, жоғарыда айтқанымыздай, Күлтөбе халықтың көкейіндегі қоздаған түйткілді мәселе­лердің тінін ажыратқан еркін елдің ерек орны болғаны анық. Күлтөбе дегеннен шығады, кеше елорданың төрінде өткен бір жиынды Күлтөбе кеңесінің жұқанасына балаған жайымыз бар. Ол – заманауи үрдіс, яғни интернет арқылы жүзеге асатын онлайн-петиция институты. Әйтпесе, Күл­төбе кеңесі мен онлайн-петицияның мақсаты бір – ел ішіндегі қордаланған мәселелердің түйінін тарқату. Келелі жиынның өтуіне «Қазақ­стан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы мұрындық болып, оған «Самұрық-Қазына» демеушілік жасапты. Ресми онлайн-петиция институтын құру туралы жобамен Ерсайын Оспанов таныстырды. Тұжырымдаманы жасаған заңгерлер тобының жетекшісі. Жетекшінің айтқанына ден қояр болсақ, онлайн-петиция қоғамдық пікірді зерделеу барысында басқаларға қарағанда ең оңтайлы әрі маңызды заманауи құрал болып табылады. Бұл әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде билік пен бұқара арасындағы өзара байланысты тереңдету мақсатында пайдаланылып та жүр. Мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Фран­ция, Германия, Ресей мен Украинада он­лайн-петиция арқылы қоғамның тамыр бүл­кілін таразылап, соған сәйкес шешім қабылданып отырады екен. Онлайн-петиция интернет арқылы жүргізілетін болғандықтан, интернет пен ақпараттық технологияларға қолжетім­ділік пен оны пайдалану көлемінің жеткілікті болуы басты рөл атқарады. Бұл жағынан қазақстандықтардың мүмкіндігі бар (54,9%). Оған қоса, азаматтардың маңызды қоғамдық мәселелер төңірегінде пікір білдіруге және оның мемлекет тарапынан шешілуіне ықпал етуіне дайын болуы да қажет. Өзекті мәселелер аймақтық және респуб­ликалық бастама арқылы қозға­лып, сол деңгейде құзырлы орындар­дың назарына ұсынылады. Әрине, күн тәртібіне қойылған мәселелер мазмұны заңға сәйкес болуы керек. Яғни, ол конституциялық құрылымды, басқару тәртібін күшпен өзгертуге, қандай да бір әлеуметтік арандатушылыққа шақыр­мауы тиіс. Онлайн-петицияға шыға­рылған өтініш, үндеудің субъектілері де оның мазмұнына байланысты құзыреттілік шеңберіне қарай аудан, қала әкімдерінен бастап, Парламентке, Премьер-Министрге және тағы басқаларға жолданады. Онлайн-петиция қажетті сандық шекті жинағаннан кейін, 3 жұмыс күні ішінде өтініш субъектісіне және аймақтық қоғамдық кеңеске жіберуді қамтамасыз етеді. Қажетті сандық шек демекші, мәселен, аймақтық деңгейдегі бастаманы 5000 адам, ал республикалық деңгейдегі бастаманы 15 000 адам қолдап дауыс беруі тиіс. Тиесілі дауыс жиналған соң ғана өтініш құзырлы орынға жолданады. Петиция 30 күн ішінде қаралып, бастамашы және қоғамдық кеңестердің қатысуымен өтініш субъектісі тыңдау өткізгеннен кейін оның ресми жауабы мен есебі порталда жарияланады. Тұжырымдама жасаушылардың айтқанындай, онлайн-петиция бойынша өтініш және дауыс беретін онлайн-платформа e-gov электронды үкімет порталы немесе онымен үлестес онлайн-ресурс болады. Сарапшылардың айтқанына құлақ түрсек, онлайн-петицияны уақыттың талабы дүниеге әкелгендігі байқалады. Сарапшы Айдос Сарым билік пен халықтың арасындағы байланыс орнатуда онлайн-петиция ең тиімді жол болып табылатындығын білдірді. Қоғамдық пікірді зерттеуде оның рөлі жоғары екендігіне сарапшы жан-жақты тоқталды. Онлайн-петицияны іске қосу арқылы ұтымдылық басым болатынына, ең бас­тысы, оның елдің бірлігін, тұтастығын қамтамасыз етуде ықпалы зор екеніне баса назар аударды. Сарапшы Олжас Худайбергенов те онлайн-петиция институты идеясының объективті қажеттілік екенін білдірді. Ол өз кезегінде халық пен биліктің бір-біріне деген сенімін арттыратындығына тоқталды. Басқа сарапшылар да онлайн-петицияның ел ішінде қордаланған өзекті мәселелерді шешу барысында билік пен халықтың арасын жақындатып, өзара сенімді орнықтырудағы ерекше институт болатындығына сенім білдірді. Сонымен, замананың талабынан туған онлайн-петиция дүниеге келіп жатыр. Бағзы бабалардың Күлтөбе кеңесінің орнын басатын институт. Алдыңғысының «күнде жиын жасамай», күрделі мәселелердің түйінін тарқатып, халықтың көңілінен шығатын іргелі орталық болатындығына сенгіміз келеді. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше