Мен жоғары білімді, жалпы техникалық пәндер маманымын. 16 жыл педагогикалық өтілім бар. Еңбек еткен жерлерімнен алған мақтау, алғыс қағаздарым да жетерлік. Бірақ, соған қарамастан, 2005 жылы штат қысқарту кезінде жұмыстан босатылдым. Содан бергі алты жыл ішінде басымнан өткен қиындықты дұшпаныма да тілемес едім. Өзім жұмыссыз, асырауымда бала бар. Күнкөріс үшін тірліктің қандайынан болсын қашқаным жоқ. Сақылдаған сары аязда далада тұрып шемішке де саттым.
Жұмыс іздеп бармаған жерім, шықпаған тауым қалмады. Тіпті бір баланың заңды қамқоршысы екенімді де ешкім елеп, ескермеді. Қаладағы қазақша мектептердің кейбірінен орын табылғанымен, баспаналы болу қияметтің зоры екен. «Енді басымыздағы панадан айрылуға болмас» деп туған жерім Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылынан ұзап ешқайда кете алмай, мектеп басшыларын жағалап жүргенде арада алты жылдың өте шыққанын байқамаппын. Содан бері қанша әкімнің, қанша басшының алдына бармадым десеңізші, біреуі қайырылмады.
Сөйтіп, мен сияқты жалғыз-жарымның мұң-мұқтажын тыңдайтын адамды іздеп шарқ ұрып жүргенімде, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының әкімі болып Манарбек Сапарғалиев деген азамат келді. Қайда бармаған басым, ол кісінің де қабылдауында болып, жылап-еңіреп жағдайымды айттым. Ол кісі бірден маған көмек қолын созып, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы М.Әуезов атындағы мектепке жұмысқа орналастырды. Бәрінен күдерімді үзген шақта халықтың қамын ойлайтын адам кездескеніне Аллаға шүкіршілік айттым. Ал Әуезов мектебінің басшысы Әділ Егінбаев деген кісі оқушылардың сапалы білім алып, саналы азамат болуы жолында жан аямай, уақытпен санаспай еңбектенетін жан екен. Қайнаған еңбектің ортасына келген мен жұмыссыз жүрген жылдарымда талай жайдан кенжелеп қалғанымды сездім. Қазір «есем кетсе де, осындай мықты көшке ілесер күшім кетпесін» деп жұмыс істеп жүрген жайым бар. Мені осындай еңбекшіл ұжымның ортасына қосып, жұмысқа орналастырған, сөнуге айналған үмітімді қайта жағып, үлкен адамгершілік танытқан Тарбағатай ауданының әкіміне айтар алғысым шексіз.
Айгүл МҰСАИПОВА.
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылы.