Оңтүстікті – Қалағаң, Қалтай ағамыз «ұлысымыздың ұйытқысы» деген. Расында, Қазақстан деген алып мемлекетімізді Оңтүстік Қазақстан облысынсыз көзге елестету мүмкін емес. Киіз туылдырықты қазақты өз алдына жеке, мықты мемлекет етемін деп ат үстінен түспеген қасқалар мен жайсаңдар Түркістан төрінде мәңгі дамылдап жатыр.
Ұлыстың ұйытқысына арналған өңірде сауапты тірліктер көп. Соның бірін жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктердің ұжымы қолға алды.
Жекеменшік «Green bus» серіктестігі облыс имамдарымен келісіп, ораза айында жолаушыларды тегін тасымалдап келеді. Қадір түнінде де солай болды.
«Оңтүстікавтотранс» қауымдастығының президенті Дархан Қайыпов: «Бәріміз де бір Алланың үмбетіміз. Қайырымды істер адамдарды әртүрлі қауіп-қатерлерден сақтайды» делінеді хадисте. Біздің жігіттер жақсылықты есеппен емес, бір Алланың нығметі үшін жасап жатыр. Бүгінгідей қымбатшылық заманда адамдардың көңіл-күйін көтергенге, дүниеде жақсы адамдар көп, олардың бір-біріне бауыр екендігін ұқтырғанға не жетсін. Жекелеген қоғамдық көлік басшыларының қайырымдылық іс-шарасына басқалар да үн қосып жатқандығы қуантады» – дейді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы