Футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының бұрнағы күні ойналған ширек финалдық кездесуінде Польшадан пенальтилер сериясынан басым түскен Португалия жартылай финалға шықты. Марсельде ойналған матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды, овер-таймда осы есеп өзгерген жоқ, сондықтан жеңімпазды ойыннан кейінгі соққылар арқылы анықтауға тура келді.
Осылайша, турнирде күні бүгінге дейін өткізген бес ұшырасуының біреуінде ғана жеңіс тойын тойлаған, оған да негізгі уақыттан кейінгі қосымша таймдарда қолы жеткен Португалия алғашқы үздік төрттіктің құрамына бірінші болып кірді. Бірақ, адалы керек, бұл күні Фернанду Сантуштың шәкірттері қарсыластарына қарағанда, келесі кезеңге өту жолында едәуір артық еңбек сіңірді. Ойында Мюнхеннің «Бавария» клубының мүшелері – поляк Роберт Левандовски мен португал Ренату Саншеш өз елдерінің құрамалары үшін бір-бір голдан салып, екі жақты тартыстың күшейе түсуіне айтарлықтай серпін берді.
Матч «еуропалық бразилдердің» қауырт шабуылымен өріс алды. Олар поляктарға телінген допқа алғаш иелік еткеннен қарсы қақпаны табанды түрде қарауылға алуға кірісті. Алайда, бұл іске қатты беріліп кеткендері сондай, кенет қауіпті қарсы шабуылдың қалай құйғытып өте шыққанын аңғармай қалды. Ойынның осы бөлігінде бұған дейінгі бар әрекеті үшін сынға ұшырап келген Левандовскиге жарқырап көрінудің орайы келе кетті. Бұған алыстан алған добын сол қапталмен алға қарай ала қашқан Камиль Гросицки керемет көмек көрсетті. Оның қақпа алаңына қарай жер сыздыра жөнелткен снарядын бір соққымен бұрып жіберген шабуылшы қақпаның торын бүлк еткізді.
Кездесудің 2-минутында салынған бұл голдың қарымын қайтару үшін Криштиану Роналду бастаған португалдар жасағы тағы жарты сағаттан астам уақыт жөңкіле шапты. Ал таразы басын теңестіруге теңдік беретін мүмкіндік көп болды. Соның бірінде Нанимен қақпақыл ойнап, алға шыққан Саншеш көп ойланып жатпастан, қақпаға қарай қайқайта сілтеді. Голкипер Лукаш Фабьянскидің оң жағынан заулаған доп сол заматында торға барып қадала қалды. Бұдан әрі екі жақтың бір-бірлері алаңына дембіл-дембіл тұра жүгірулерімен есте қалды. Осы тұста португалдар ептеп тоқмейілсіген сыңай танытты. Поляктар қолдан сусып кеткен басымдықты қайтармаққа күш салды. Дегенмен, тұтастай алғанда, бірінші тайм Португалия терме жамағатының айтарлықтай басымдылығымен өтті.
Қарсыластар екінші таймды сауысқаннан сақ бастады. Көне дүниедегі «бразил бағландары» жойқын жорық тәсілін қапталдан айып алаңына доп тастауға алмастырып, бұрынғы креативті кескіндерінен бас тартып шыға келсе, «қырандар» алғы шепке жедел снаряд жеткізіп тұрудың орнына алаң ортасымен жыланбауырлап жылжып отыруға бет қойды. Мұндайда әр мүлт кеткен сәт қателігінің салмағы күрт арта түседі. Бірақ бүкіл тайм бойы бір-бірін аңдысқан мұндай тактиканы ұстап тұру мүмкін емес еді. Сондықтан 64-минутта португалдар қорғаушысы Седрик 25 метр жерден қақпаға қарай доп жолдап, алаң үстін бір дүрліктіріп өтті. Арада бірнеше минут өткенде, Левандовски алаң жиегінен қақпа алаңына қарай доп жеткізіп, оны Камиль Глик демде голға айналдырып жібере жаздады. Ал кейде 5-6 ойыншының қоршауына түсіп қалып жататын Роналдуға қақпаға тура бағыттап доп ұрудың қолайлы сәттері көп туа қойған жоқ. Сондай бір сирек мезеттердің бірінде, 85-минутта Криштиану дәл алдынан көлбеңдеп өткен допқа аяғын іліктіре алмай қалды. Жалпы, тайм түгесілер шамада аталмыш форвард өз командасын алға шығарудың екі мүмкіндігін пайдалана алмады. Осылардың бәрін сараптай келгенде, оның бұл кештегі ойынын да әдепкі матчтардағыдай сәтсіз деп бағалауға болады. Өзіне өте қиын жағдайларда сирек жеткен доптарды тиімді пайдалана алмағаны өз алдына, шабуылшы пас беруде де көп қателіктерге жол берді.
Кездесудің овертаймдары алаң үстінде ойын сүрлеуіне көп өзгеріс енгізген жоқ. Олардың енді тәуекелдің желқайығына міне салуға батылдары жетпей тұрғандары анық аңғарылды. Португалдар бұрынғысынша жүйелі түрде шабуыл жасауды жалғастыра берсе, поляктар оларды бастапқы кезіндегідей қарсы шабуылдарда қапы қалдыруды мұрат тұтты. Бірақ бұлардың алдыңғыларының әрекеттері тосын қимылдардан ада, кіл бірөңкей тура шапқылаудан құралса, екіншілерінің екпіндерінен өткірлік табылмай жатты. Командалардың осы сүреңсіздеу ойындары жанына жақпай қалса керек, жасыл жейде киген бір жанкүйер алаңға атып шығып, оның ортасына дейін барды...
Соңынан 11 метрлік айып доптарын соғудың кезегі келді. Онда екі жақ мергендері алғашқы үш кезекті мүлтіксіз ұрды. Ал төртіншіге келгенде, поляктар жағынан бұған дейінгі матчтарда белсенділік танытып келген Якуб Блащиковски қадамынан жаңылып, ұрған добын қақпашының олжасына айналдырып алды. Осының салдарынан алға шығып кеткен португалдар ең соңынан Рикарду Куарежманың дәл соққысымен есепті 5:3-ке жеткізіп, ойынның соңғы нүктесін қойып шықты.
Португалия 6 шілде күні өтетін бірінші жартылай финалдық ойында кеше түнде ойналған Уэльс – Бельгия құрамаларының жеңімпазымен кездеседі.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»