Оқырман
...қолдау көрсетеді
Бұл – руханиятымызға деген жанашырлық
Кәсіпкерлікке ерекше қолдау мен қамқорлық жасалып жатқан қазіргі кезеңде біз де мақсатты шаруаны қолға алған жайымыз бар. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қосуды азаматтық парызымыз санаймыз. Күні кеше ғана «ДамуТрансСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдық. Мекемеміз тәй-тәй басып аяқтан тұрып келеді. Басты міндет – халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету. Биыл серіктестігімізде әзірге оншақты адам жұмыс істейді. Барлығы дерлік ұлттық руханиятымыздың жанашырлары.
Еліміз өміріндегі айтулы оқиға – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтер күн де жақын қалды. Осынау ұлық мерейтойымызға арнап біз де өзіміздің қолымыздан келгенше тартуымызды әзірледік. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» корпоративтік қоры арқылы Талғар ауданының Нұра ауылында тұратын жағдайы нашар көп балалы отбасыға баспана салу шарасына материалдық көмек көрсеттік. Баспасөзге жазылу науқаны жыл бойы жүргізілетіні белгілі. Осы ретте өзіміз ерекше қадір тұтатын ұлттық басылымымыз, мақтанышымыз, рухани азығымыз «Егемен Қазақстан» газетіне қолдау жасағымыз келді. Мекемеміз орналасқан Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Жамбыл ауылдық округінде тұратын 10 зейнеткер мен жағдайы төмен отбасыларды «Егемен Қазақстанға» өз есебімізден жаздыруды ұйғардық. Енді олар 2016 жылдың екінші жарты жылында – алты ай бойы «Егемен Қазақстан» газетін тұрақты алып тұратын болды. Ұлттық басылымдар арасында біз үшін өзіміздің байсалды да байыпты «Егеменіміздің» орны қашан да бөлек, қашан да биік.
Мұратжан ШАЙЫҚ,
«ДамуТрансСервис» ЖШС директоры
Алматы облысы
...жаңалығын жеткізеді
Жаңа полигон ашылды
Бейберекетсіз лақтырылған күл-қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтар әрі бұлардың жағымсыз иістері ауаға тарап, қолқаны қабатыны рас. Осындай жайттарды жою үшін ауыл тұрғындарымен ақылдаса отырып, күл-қоқыс төгетін полигон ашуды жөн көрдік. Сөйтіп, Дариян ауылынан жүретін тас жол бойынан екі шақырым қашықтықта орналасқан бұрынғы ескі күл-қоқыс орнын бітеп жаптық. Мұның орнына жаңа полигонды Озерный ауылындағы бұрылыстың арғы жағындағы жеті шақырым жерден жасақтадық.
Еліміздегі кез келген ауылдың іші-сырты мұнтаздай таза болғанына не жетсін?! Осы орайда ауыл төңірегінен алыстау жерден күл-қоқысқа арналған жаңа орынды ашу ұйғарылып, оның ойдағыдай аяқталғанына тұрғындардың бәрі де түсіністікпен қарап отыр. Енді халық қоқыс тастаудың мәдениетіне дағдыланып, мұның қажеттілігін тереңірек ұғына түседі деп ойлаймыз. Сөздің реті келгенде айта кетейік, заңсыз түрде тұрмыстық қалдықтар тастаған тұрғындарға айыппұл салынады.
Болат ЕРБОЛАТОВ,
Дариян ауылдық округінің әкімі
Батыс Қазақстан облысы,
Зеленов ауданы
...үлгі тұтады
Кітап оқитын ауыл
Соңғы кездері кітап оқу қалып барады дегенді жиі естиміз. Бірақ бұл Мөңке би ауылының тұрғындары туралы емес. Өйткені, ауылдағы жаңа модельді кітапхана тұрғындардың рухани серігі болып отыр. Кітапхана меңгерушісі Балхия Жұмабаеваның айтуынша, 1400-ге жуық кітап қоры бар. Төрт жүздің үстіндегі тұрақты оқырманнан басқа мектеп оқушылары да қажетті көркем шығармаларды іздеп келеді екен.
«Рухани әлемнің көшбасшысы – кітап», «Әлем таныған Қазақстан», «Ұлылар ұлағаты», «Оқитын өлке» және басқа түрлі акциялар, көрмелер ұйымдастырылады. Ақын-жазушылардың шығармаларына арналған іс-шараларға оқырмандар шын ниеттерімен қатысады. Ал кітапхана меңгерушісі, көп балалы ана Балхия Жұмабаева 2010 жылы ауданның «Жыл адамы» атағын алған. Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның белсенді мүшесі.
Бердібай КЕМАЛ
Ақтөбе облысы
...сүйсінісін білдіреді
Алакөлде демалғанға не жетсін!
Әр өлкенің жақұттай мөлдіреген өзен, көлдері, табиғат ана сыйлаған қасиетті жерлері көп-ақ. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысы Қабанбай ауылында орналасқан тұзды көлдің бірі – Алакөл. Кезінде ата-бабаларымыз жау қолынан жараланғанда сол көлдің шипасы тиген екен. Өйткені, тұзды су барлық жараны жазатын қасиеті бар, ал балшығы аяқ қақсау, тері ауруларына пайдалы деседі. Көгілдір көл демалуға барған жанның жанын жадырататыны сөзсіз. Қазір елімізде туристік салаға басым бағыт беріп отыр. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, еліміздің өркендеп өсу жолында бизнестің «Жол картасы-2020», «Нұрлы Жол» бағдарламалары шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Осы шипажайдың жол жағдайы аздап қиындық туғызып отырғаны рас. Шалғай жатқан ауылға жүретін пойыздың, тікелей ұшақтың жоқтығы қолбайлау болып отыр. Автобуспен қатынайтын жолдардың жағдайы бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарған, жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Алакөлге 100 шақырым жерде «Барлық Арасан» атты демалыс аймағы бар. Демалуға келген туристерді ол өлкенің табиғаты баурап алары анық. Онда көзді айнадай ашатын бұлақ суы, асқазан ауруын жазатын шипалы су да бар және келушілер жердің астында қайнап шығып жатқан ыстық сумен де емделе алады. Табиғат ана берген осындай мақтан тұтар киелі жерлер Қазақстанның әр өңірінде бар. Шетел асып елдің қаңсығын көргенше, өз еліміздің таңсығына барғанға не жетсін!
Айман МҰҚЫШОВА
Шығыс Қазақстан облысы