Қытай коммунистік партиясының негізін қалағанына 95 жыл толуына арналған салтанатты жиында 2 шілде күні сөйлеген сөзінде партия орталық комитетінің бас хатшысы Си Цзиньпин Қытайдың Ресеймен бірге НАТО-ны таптап кете алатын әскери альянс құрғалы жатқаны туралы сенсациялық мәлімдеме жасады.
Қытай басшысы,
politonline.ru ақпарына қарағанда, «партияға, халыққа және әлемге» алдағы уақытта «Ресей мен Қытайдың одағы әлем құрылымының болашағын анықтап беретінін» жеткізген.
«Әлем қазір радикалды өзгерістердің шегінде тұр. Біз Еуроодақтың біртіндеп құрдымға құлап, АҚШ экономикасының қалай күйреп бара жатқанын, мұның бәрі әлемнің жаңа құрылымын жасаумен аяқталатынын көріп отырмыз. Енді дәл мұндай жағдай ешқашан тумайды, ал 10 жылдан кейін бізді жетекші тұтқасы ҚХР мен Ресей одағы болатын жаңа әлемдік құрылым күтіп тұр», – деді сеніммен Қытай лидері.
Алайда, айтылған сөзге қарағанда, бұл жердегі әңгіме тек экономикалық одақ турасында ғана болып отырған жоқ. Әлем сарапшыларының, дипломаттары мен саясаткерлерінің мәліметтері бойынша, Қытай мен Ресейдің арасы «ешқашан дәл қазіргідей керемет болған емес». Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Си Цзиньпин бұл жерде НАТО-ны қауқарсыз етіп тастайтын аса қуатты әскери альянс турасында сөз қозғап отыр. Бұл тектен-тек те емес, қазір Ресей мен Қытайдың армиялары әлемдегі тиісінше екінші және үшінші қуатты қарулы күштер саналады. Бұған қоса, бұл елдердің екеуі де ядролық мемлекеттер болып табылады.
«Біз қазір АҚШ тарапынан Ресейге қатысты да, Қытайға қатысты да агрессиялық әрекеттерді бақылап отырмыз. Мен қазір Ресей мен Қытай НАТО-ның өзі алдында қауқарсыз болып қалатын аса қуатты альянс құра алады, бұл Батыстың империялистік ұмтылыстарына тоқтау салады деп ойлаймын», – деді Си өзінің сөзінде.
Бұған қоса, Қытай лидері өз елі армиясын кең ауқымды модернизация жасауға шақырды.
«Біздің еліміздің халықаралық мәртебесіне сай армия құру – стратегиялық міндет. Біз экономикалық дамуды елдің қорғаныс қабілетін арттырумен, армияны жаңғыртумен байланыстыруымыз керек», – деді ол.
Еске сала кетейік, 2014 жылдың ішінде-ақ «Синьхуа» агенттігі Украинадағы мемлекеттік төңкеріс үшін Батыс пен АҚШ-ты айыптаған мәлімдеме жариялаған болатын. Осыдан кеін Бейжің БҰҰ-да Ресейге қарсы қарарға дауыс беруден бас тартты,сондай-ақ алда АҚШ-пен арада сөзсіз соғыс болатынын хабарлады.
Бұған қоса, Қытай БАҚ-тары «орыстар қиын болған сайын күшейе түседі» дегенді сан мәрте қайталап жазды. Сонымен қатар Қытай Ресейге экономикалық саладан бастап әскери күш-қуатқа дейінгі көмектің барлық түрін көрсететуге дайын екенін айта бастады. Мұны ҚХР сыртқы істер министрі Ван И Гонконгтің «Фэнхуан» телеарнасының эфирінде сөйлеген сөзінде атап өтті.
Талғат РАЙЫМБЕК.