[caption id="attachment_49890" align="alignnone" width="700"]
Фото: akorda.kz[/caption]
Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиадаға қатысатын спортшылармен кездесіп, оларға еліміздің ерекше үміт артатынын атап өтті.
–Олимпиадада спортшыларымызға сәттілік тілеймін. Спортшыларымыз Олимпиадаға қатысса мерейіміз асып, қуанамыз. Сондықтан отандастарымыз төрт жылда бір келетін дүбірлі додада чемпион атанса мұны біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған сый ретінде қабылдаймыз. Олимпиада аяқталған соң чемпиондарды мақтанышпен және құрметпен күтетін боламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қазіргі кезде еліміз Тәуелсіздік тарихындағы ең мықты спорттық әлеуетке ие екеніне тоқталып өтті.
–Бүгінде біздің спортшылар 38 олимпиадалық спорт түрінің 26-сынан 100-ден астам лицензия ұтып алды. Мұның өзі жақсы жетістік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы елімізде әрдайым спортқа ерекше мән беріліп келе жатқанына назар аударды.
– Соңғы үш жылдың өзінде олимпиадалық резервті кешенді түрде дайындау үшін халықаралық деңгейдегі спорт нысандары салынды. Олар – АИБА Дүниежүзілік бокс академиясы, Алматыда Дзюдо академиясы, Таразда «Тараз-Арена» стадионы. Сонымен қатар Қарағандыда «Қарағанды-Арена» мұз сарайы мен Астанада жүзу кешені бар көп функционалды мұз сарайы іске қосылды. Бұдан бөлек болашақ олимпиадашыларды Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика орталығы мен Алматыдағы Александр Винокуров атындағы Спорт сарайы даярлауда, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев паралимпиада қозғалысының дамуына да мемлекеттің жүйелі қолдау көрсете отырып, спортпен шұғылдануға ниетті барша азаматтар үшін жағдай жасап жатқанын айтты.
Бұдан басқа, Қазақстан Президенті үш жыл бойы «Қазспорт» телеарнасының табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.
– Эфирдің жартысынан көбі Қазақстан спортшыларының қатысып жатқан халықаралық және ұлттық жарыстардың көрсетілімі. Телеарнаның рейтингісі өсті. Спорт дегеніміз – денсаулық, рухтың күштілігі, отансүйгіштік. Мен жастарымызды дене шынықтырумен және спортпен көбірек шұғылдануға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдарында ең айтулы халықаралық жарыстарда өз елінің туын мақтанышпен алып жүрген дарынды спортшылар шоғыры тәрбиеленгенін атап өтті.
– Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық спорт тарихына Олимпиада ойындарының 17 чемпионының есімі алтын әріптермен жазылды. Біз азаматтарымызды патриоттыққа, саламатты өмір салтына тәрбиелеуде олимпиадашыларымыздың еңбегі қаншалықты зор екенін білеміз. Бүгінде сіздердің алдарыңызда өздеріңіздің спорттық нәтижелеріңіз арқылы бүкіл әлемге Қазақстан спортының әлеуетін тағы да дәлелдеу міндеті тұр. Сіздер жалпыкомандалық есепте барынша жоғары орын иелену үшін ұмтылуға тиіссіздер. Сіздерге олимпиадалық жарысқа жақсы дайындалу үшін қажетті барлық жағдай жасалды, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстанның спорт делегациясы өкілдері өз сөздерінде дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселелеріне мемлекет ұдайы назар аударып келе жатқанын айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа ақ тілегі мен қолдауы үшін алғыстарын білдірді.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Олимпиадалық құраманың ту ұстаушысы Р.Жапаровқа мемлекеттік туды тапсырды.
[caption id="attachment_49891" align="alignnone" width="609"]
Фото: akorda.kz[/caption]
[caption id="attachment_49892" align="alignleft" width="500"]
Фото: akorda.kz[/caption]
[caption id="attachment_49893" align="alignnone" width="628"]
Фото: akorda.kz[/caption]
[caption id="attachment_49894" align="alignnone" width="700"]
Фото: akorda.kz[/caption]
[caption id="attachment_49896" align="alignnone" width="700"]
Фото: akorda.kz[/caption]
Дастан КЕНЖАЛИН