Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік туды көтерудің салтанатты рәсіміне қатысты. Бұл астаналықтар үшін айрықша күн. Себебі, дәл осы 4 шілдеде Көк туымызды көкке көтере отырып, қала күнінің шымылдығы түріледі
Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Астанадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінің алаңында асқақ көңіл-күй орнады. Айнала көк тулармен безендіріліп, ән шырқалды. Әнұран орындалып, еліміздің ең үлкен, бас байрағы биікте желбіреді.
Елбасы ынтымағы ұйысқан халқымызды мерейлі мерекемен құттықтады. Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсімі дәстүр бойынша Астана күніне арналған іс-шаралардың бастауы болып саналатынына назар аударды. Мемлекеттік ту әрбір қазақстандық үшін қасиетті құндылық болып саналатын ұлттық бірлік нышаны екенін атап өтті.
«Бұл – еліміздің асқақ рәмізі. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Біз егемен Қазақстанды осы көк ту астында бірге құрдық. Ширек ғасыр ішінде қуатты мемлекеттің іргесі берік ғимаратын бірлесіп салдық. Жақында ғана республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Әлемдік қоғамдастық планетадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне атсалысу сынды биік миссияны Қазақстанға сеніп тапсырды. Бұл – еліміздің биік беделі мен табысты дамуының мойындалуы. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмыс біздің туымызды бұрынғыдан да танымал ете түседі.
Биыл біз Астананың 18 жылдығын – кәмелеттік жасқа толуын атап өтеміз. Бұл – биіктер бағындырылған және сол биіктен жаңа перспективалар көрініп тұрған кез. Тәуелсіздік тудырған Астана құлпырған үстіне құлпырып, қарыштап өсуде. Қала елді біріктіріп, жаңа табыстарға жетелеп, көш басында келеді», деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқына бейбітшілік пен татулық, тыныштық пен бақ-береке тіледі.
Рәсім аясында Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырды. Президенттің қолынан 12 түлек – Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтының, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер әскери институтының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери институтының үздік бітірушілері шен алды.
Елбасы республиканың жоғары әскери оқу орындарының барлық түлектерін құттықтап, қазақстандық патриотизм түрлі салада, соның ішінде ең алдымен Отанға қызмет етуде көрініс табатынын айтты.
«Бүгін біз жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырамыз. Осы күндері мыңдаған қазақстандық жастар оқуларын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады. Сіздер өз жолдарыңызды елдің бас байрағының алдында, салтанатты жағдайда бастап отырсыздар. Бұл – кездейсоқтық емес. Өйткені, сіздер қоғамда құрметке ие айрықша мамандықты таңдадыңыздар. Сіздер бірнеше жылды жақсы білім алуға, жаңа машықтарды игеруге, достық пен өзара көмектің құндылығын түсінуге арнадыңыздар. Енді осының бәрін тәжірибеде қолдану керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Астана күні осылайша кешегі күннен бастап ресми ашық деп жарияланды. Ал бұл күннің кереметін кешегі күннің тағы бір айрықша жаңалығы айшықтай түсті. Ол – осы айтулы күні Астана қаласының миллионшы тұрғынының дүние есігін ашқаны. Дәл кешегі күні елорданың миллионыншы тұрғынының өмірге келгенін Елбасы да ерекше атап өтті.
«Бүгін ертеңгісін Мұхамедьярлар отбасында Астананың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін зор қуанышпен хабарлаймын. Сәбидің анасы – балабақша тәрбиешісі, әкесі – электр монтері. Енді біздің елорда миллион тұрғыны бар қалалар қатарына енді», деді Елбасы.
Кемел келешекке жол ашқан қастерлі бойтұмарымыз – Астананың айрықша күні құтты болсын!
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»