05 Шілде, 2016

Көк туды Жапаров желбіретеді

378 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
04-07-01-0177Кеше Ақордада Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев Рио Олим­пиадасына баратын спорт­­шылармен кездесу ба­ры­сында оларға үлкен сенім жүк­те­летініне баса назар аударды. – Сендердің Олимпиадаға қа­тысуларың бүкіл отандас­тары­мызға рух береді және қуаныш сыйлайды. Сол себепті, алдағы жеңістеріңді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған үлкен сый ретінде күтеміз. Сендердің жеңіс­теріңе ерекше сенім артып, Олимпиа­дадан соң жеңімпаздарды мақта­нышпен және құрметпен күте­тін боламыз, – деді Мемлекет басшысы. Елбасы бүгінгі жетістіктер кешегі аға ұрпақтың заңды жалға­сы екендігін де ерекше құрметпен еске ала отырып, оның тәуелсіздік алғаннан кейін де заңды түрде жалғасқандығына тоқталды. – Кешегі кеңестік заманнан бері қарай алатын болсақ, Әлжан Жармұхамедов, Нелли Ким, Жақсылық Үшкемпіров сияқ­ты үлкен аға-апаларыңыз Қазақ­станның мерейін көтеріп, жеңіп шыққан еді. Тәуелсіздік жыл­дарында да спортшыларымыз Олимпиадада жеңіп алған 59 ме­дальдің 17-сі алтын алқа бола­тын. Рио-де-Жанейрода да игі үрдіс жалғасып, еліміздің ме­рейі аспандай түсетіндігіне сенім­дімін. Нағыз патриот қана елдің абыройы үшін тайталаста өз мүм­кіншілігінің шегінен де шығып жеңіске жететін болады, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы Олимпиада сынды ірі додаларда жеңіске жету үшін мемлекет тарапынан бүкіл жағдайдың жасалып жатқандығын жеткізді. – Соңғы үш жылдың ішінде олимпиадалық резервті кешенді түрде дайындау үшін елімізде бірнеше халықаралық деңгейдегі спорт нысандары салынды. АИБА Бүкіләлемдік бокс академиясы, Алматыдағы Дзюдо академиясы, Тараздағы «Тараз-Арена» стадионы осылардың қатарында. Сондай-ақ, «Қарағанды-Арена» мұз сарайы мен елордадағы жүзу кешені бар көпфункционалды мұз сарайы іске қосылды. Өс­ке­мен қаласындағы Ольга Ры­пакова атындағы Жеңіл атлетика орталығы мен Ал­ма­тыдағы Алек­сандр Винокуров атындағы спорт сарайы олимпиадашыларды даярлап жатыр, – деді ел Президенті. 04-07-02-02 04-07-05-05 Мемлекет басшысы қазақ­стандық олимпиа­дашы­лардың бағындырған биігі асқақ екен­дігін айта келіп, Риода саннан гөрі сапаға көбірек мән беру қа­жет­тілігіне назар аударды. – Рио Олимпиадасына барлығы 206 елден 10 мыңнан астам спорт­шы қатысады. Барлығы да кілең дүлдүл, барлығының да жеңіс­ке қол жеткізгісі келеді. Біздің еліміз 38 спорт түрінің 26-сынан 100-ден астам жолдама алды. Бұл көрсеткіш жаман емес, бірақ жолдаманың саны емес, спорт­шы­лардың сапасы қажет екенін жақсы білесіздер, – деді Нұрсұл­тан Әбішұлы. Нұрсұлтан Назарбаев елімізде спортты наси­хаттауда отандық «Қазспорт» теле­арнасының рөлі жоғары екен­дігін де айрықша атап өтті. – Осыдан тура үш жыл бұрын, 2013 жылдың шілдесінде спортты насихаттайтын «Қазспорт» ар­насы құрылып, ол отандық спорт­шылар қатысатын жарыс­тарды тұрақты түрде көрсетіп келеді. Бұл сендердің өнегелерің арқылы жас спортшыларды тәр­биелеуге де өз үлесін қосады. Теле­арнаның жоғары рейтингісі – оның спортты насихаттауда танымал бола бастағандығының айғағы. Спортпен шұғылдану арқылы жеңіске ұмтылыс, алға қойған мақсатқа жетуге талпыныс сияқты маңызды қасиеттер қа­лыптасады. Спорт дегеніміз – мық­ты денсаулық, рухтың күшті­лігі, патриотизм. Мен жастар­ды спортпен шұғылдануға шақы­рамын, – деді Елбасы. Қазақстан Республикасының Прези­денті елімізде паралимпиада қозғалы­сының дамуына мемлекеттің жүйелі түр­де қолдау көр­сетіп келе жатқандығын, олар­­дың арасындағы спортпен айна­лыс­қысы келетін азаматтарға бар­лық жағдай жасалып отырған­дығын да атап көрсетті. Сондай-ақ, Мемлекет басшы­сы Рио Олимпиадасы бұл Қазақ­станның қатысқалы отырған 12-ші Олимпиадасы екендігін, еліміз көк Тудың астында 5 рет жазғы, 6 рет қысқы Олимпиада ойындарына қатысқанын еске салды. Қазақстандық спорт саңлақтары 17 алтын медальға ие болғандығын, Рио-де-Жанейрода осы дәстүрдің жалғасып, мерейіміздің аспандай түсетіндігіне сенім білдірді. Өз кезегінде олимпиадашылар атынан сөз алған бапкерлер мен спортшылар спорттың дамуына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа орай Нұрсұлтан Әбішұлына ал­ғыстарын айтып, Рио Олим­пиа­дасында биік белестен көріне­тін­діктерін жеткізді. Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан құра­ма­сының бас бапкері: – Байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғау – бәрімізге зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Риодағы жазғы Олимпия ойындары ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Бұл тәуелсіз еліміздің қатысып отырған 12-ші Олимпиадасы. Бұған дейін 59 медаль алып, соның 17-сі алтын болған еді. Осы жеңісті жолдың биыл да жалғасарына сенеміз.  Ольга Рыпакова, Лондон Олим­пиа­дасының чемпионы: – Елімізде спорттық нысандардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бүгінгі күні 4,5 миллионға жуық қазақстандық спортпен айналысады. Елімізде өтіп жатқан түрлі спорт сайыстарынан тікелей хабар жүргізетін «Қазспорт» телеарнасына үлкен рахмет. Спорт патриоттық рухымызды шыңдап, жеңіске деген жігерімізді жани түседі. Біздің Олимпиадалық құраманың сапында 10-нан астам ұлттың өкілі бар. Осындай достығы берік, біртұтас команда арқылы еліміздің абыройын асқақтататын боламыз. Рио-де-Жанейрода біз бүкіл әлемге асқақ рухымызды танытамыз.  Данияр Елеусінов, бокстан әлем чемпионы: – Біздің боксшылар Олимпиададан ешқашан жүлдесіз оралған емес. Еліміз жазғы Олимпия ойындарында жеңіп алған 52 медальдің 17-сі былғары қолғап шеберлерінің үлесінде. Және оның 6-уы алтын. Ел қоржынына ең көп алтын салған да, ең көп медаль алған да боксшылар. Біз Мәңгілік Еліміздің Көк туын әрқашан биік ұстаймыз. Ол – әлемдегі ең биікте желбіреуге лайық Ту.  Гүзел Манюрова, Қазақстанның қыздар күресі құра­масының мүшесі: – Қазақстан спорттық держава. Біздің Туымыз бен Әнұранымызды бүкіл әлем біледі. Олимпия ойындарында біздің Ән­ұранымыз 17 мәрте шырқалды. Рио-де-Жанейрода өз еліміздің алдыңғы қатарлы, күшті мемлекет екенін тағы да паш ететін боламыз.  Раушан Қойшыбаева, Қазақстанның паралимпиадалық құрама­сы­ның мүшесі: – Елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға бүкіл жағдай жасалған. Мүгедектерге арналған 12 спорт клубы жұмыс істейді. 25 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам спортпен жүйелі түрде айналысады. Осының нәтижесінде паралимпиада дәстүрлі түрде дамып келеді. Паралимпиадалық спортшыларымыз соңғы үш жылда халықаралық сайыстарда 250 медаль алды. Осы жолды жалғастырып Бразилияда ел абыройын лайықты қорғаймыз деп уәде береміз. Кездесу соңында Қазақстан Президенті Олимпиадалық құраманың ту ұстаушысы Руслан Жапаровқа Мемлекеттік туды тапсырды. Осылайша, таэквондодан халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 20 жастағы Руслан Риода көк Туды желбіретіп алып шығатын болады. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтің жеңісті жолын Руслан Жапаров бастаған олим­пиа­далық үміттер шоғыры жалғастырады. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»