05 Шілде, 2016

«Ақ көйлек, қара бешпет...»

828 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Форма-1Қарағандылық тігіншілер оқушыларды түгел киіндірмек Таяуда кеншілер астанасында өткен мектепке арналған киім көрмесі біздің оқушы балалар болашақта қандай киім киюі мүмкін және қалай киінуі керек деген басы ашық сұрақтарға байыпты жауап берді деп ойлаймыз. Бәрінен бұрын көрменің көздегені көкейден шықты. Мақсат – шеттен ағылған киім тасқынына тосқауыл қойып, бұл нарықтағы отандық өнімнің өрісін кеңейту. Мәселен, бүгінгі күнде Қарағанды облысының 526 мектебінде 174,5 мың оқушы білім алады екен. Ал енді өңірдегі ата-аналар қытай мен қырғыздың қолынан шыққан мектеп киіміне жыл сайын шамамен алғанда 5 млрд. теңге жұмсайтын көрінеді... Облыстық деңгейде өткен бұл көр­меге Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Саран қалаларының және Абай, Шет, Ұлытау аудандарының жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындары қатысып, көпшілік назарына өздері тіккен киім-кешек үлгілерін ұсынды. Негізі мектеп баласының не киіп жүргеніне немқұрайды қарағанды қоя­тын кез келді. Мамандардың айтуынша, бүгінгі баланың үстіндегі киімі өскелең ұрпақтың күні ертеңгі бет-бейнесін айқындауға, қала берді оның денсаулығының дұрыс бағытта дамуына әсер ететін факторлардың бірі екен. Демек, «Адам көркі – шүберек» деген сөздің астарында мол мағына жатыр. Облыстағы тігін саласына ту тіккен кәсіпкерлердің өз істеріне жауап­кер­шілікпен қарайтындары қуантады. Мысалы, олар оқушы киімінің балаға ыңғайлы һәм қолайлы, денсаулығына зиян келтірмейтіндей сипатта болуына ерекше мән береді. Бұған қоса, мектеп формасының уақыт талабына сай сәнді болуына да баса назар аударылады. Сайып келгенде, мұның бәрі біздегі бұл кәсіптің күні туғанын аңғартқандай. Тігін саласының өзіне тән кілти­пандары жеткілікті. Мәселен, жаздың басында оқушы балалардан өлшем алынып, жүн немесе мақта матадан тігілген киімдер әзірлеп қойсақ, олар күзге таман шолтиып шыға келуі әбден мүмкін. Неге десеңіз, тал шыбықтай жетіліп келе жатқан баланың бойы мен денесі жазғы каникул кезінде толысып өсе түсетіні белгілі. Мұндай жағдайда тоқыма матаға жететіні жоқ. Себебі, материалдың бұл түрінің созылғыштық қасиеті бар. «Саран тігін-мата фабрикасы» ЖШС-нің нарықта жүргеніне биыл 18 жыл болады. Оның соңғы бес жылында фабрика оқушылардың киімін тігумен айналысып келеді. Мұндай жауапты іске қадам бас­пас бұрын кәсіпорын тыңғылықты зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Бұл жерде тұтынушылар сұранысы мен медицина қызметкерлерінің ақыл-кеңесі өз алдына, бірінші кезекте мемлекеттік стандарттар талаптарын қайта қарап, сызба-үлгілерді өзгертуге тура келген. Тігін саласында еңбек етіп жүрген мамандардың айтуынша, соңғы жылдары балалардың денелері жіңішкеріп, бойлары ұзарыңқырап бара жатқан көрінеді. Бір қызығы, он жыл бұрынғы мерзіммен салыстырғанда, қыз балалар іріленіп, ұлдар жағы ұсақталған екен. Ал енді тал­ғам жағына келер болсақ, бүгінгінің баласы етімен ет болып тұратын киім үлгілерін ұнататын көрінеді. Ата-ана­лардың тілегін де түсінуге болады: олар бала киімінің біраз жыл киіс бергенін қалайды. Ал Саран фабрикасы болса, бұл талаптың үдесінен шығып келеді. Мысалы, кәсіпорында жоғары сынып оқу­шыларына арнап тігілген жилеттер бірнеше жылға дейін өңін бере қоймайды екен және де жеткіншектер оны тастамай киетін көрінеді. Міне, осындай сапалы дүниелерді өндіріп жатқан фабрика жылына облыстың шамамен алғанда 1200 оқушы баласын киіндіріп келеді. Өңірдегі тігін нарығында жүрген кәсіпорынның бірі – «Фортуна» тігін фабрикасы» ЖШС. Әзірге бұл фирма облыс көлемінде спорттық киім түр­лерін тігумен айналысатын бірден-бір кәсіпорын. Бүгінгі күннің өзінде фортуналықтар танымал «Спортмастер» сауда мар­касының жеткізушілеріне мықтап бәсе­келес бола аламыз дегенді айтады. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, қазіргі таңда фабрика өзінің дизай­нерлерін дайындап жатқан көрінеді. Солардың бірі – мектеп оқушысы Мәлика Жұмаділова. Дарынды қыздың өз өнім­дерімен сән конкурстарына қатысып, дипломант атанған өнері бар екен. Бүгінгі күнде ол өз құрбы-құрдастарының та­лап-тілектерін ескеріп, оқушыларға арналған киім үлгілерін жасап жүр. «Фортуна» ЖШС директорының орынбасары Данияр Бимағамбетов өнім­дерді нарыққа шығару ісімен, оның ішінде мектептермен келісімшартқа отыруды рәсімдеу, өлшемдерді алу және басқа да шаруалармен арнайы мамандар айналысуы керек деп есептейді. Ал Қарағандыда шаруаның бұл түрімен тапсырушы және оператор ретінде «Bizdin Forma» фирмасы тәжірибені молынан жинақтаған екен. Мұның өзі тұтынушыларға да аса қолайлы: Олар босқа сабылмай, бір ғана мекенжай бо­йынша барып, мектеп оқушыларының формасын жеткізушілер туралы барлық ақпаратқа қанығып, өздеріне қажетті тауарларға таңдау жасап, өтінімдерін рәсімдей алады. Теміртау қаласындағы «Тер-Сер» тігін цехы 2012 жылдан бері беларусьтің «Ареола» деп аталатын тігін-мата фаб­рикасымен әріптестік негізде тығыз қарым-қатынас жасайды. Осы уақыт аралығында олар өздерінің бір шоғыр мамандарын даярлап, тоқыма мата киім үлгілерін әзірлеп шығарған. Беларусьтік әріптестердің жеткізіп отырған жіптері жоғары сапаға ие екен. Бұлар тіккен киімнің түсі мен пішіні ұзақ уақыт өзгеріске ұшырамайтын көрінеді. Цех директоры Баян Ақбаеваның сөзіне сенсек, мұны кәсіпорында тігілген киімдерді киетін павлодарлық оқушылар кез келген уақытта растап беруге әзір екен. Көрмедегі Қарағанды аяқкиім фаб­рикасының өнімдері де өзіне ерекше назар аудартты. Табиғи былғарыдан тігілген оқушы аяқкиімдері 38-ші өл­шемнен бастап сап түзеген. Бағасы да қолжетімді – 10 мың теңгенің шамасында. Ал «Мост» деп аталатын өндірістік кооперативтің алғашқы әскери дайындық пәніне арналған киімдері мен спорттық костюмдер жиынтығына деген көпшілік қызығушылығының да мол болғанын айта кеткен ләзім. Тігін саласындағы бәсекелестік сайыстан аудандық жерлердегі ісмерлер де шет қалып жатқан жоқ. Мысалы Шет ауданындағы «Шөжен Д» фирмасы халық шығармашылығы өнімдерінің көрмесіне қалмай қатысып келеді. Негізі кәсіпорын иесі Дидаргүл Шөжен ұлттық бұйымдар жасауда бүгінгі күнде ұмыт бола бастаған техникалық тәсілдер мен шеберлік әдістерді жаңғыртып жүрген ізденімпаз жан. Жеке кәсіпкер біраздан бері мектеп формасын тігу ісін ұйымдастырып, алғашқы өнімдерінің үлгісін аудан мектептерінде көрсетіп те үлгерген. Өңірдегі кәсіпкерлер мектеп фор­масының сапасына кез келген жерде жауап бере аламыз дегенді айтады. Бұлар ұсынған баға да балалы-шағалы жандардың жанына майдай жағады-ақ. Мысалы, шетелдік мектеп формасының бір жиынтығы 10-25 мың теңге аралығында тұрса, бізде тігілген мектептік «ақ көйлек, қара бешпенттердің» бағасы 7-8 мың теңгенің мөлшерінде болмақ. Егер де осы мүбәрак мақсаттың жолын әлдеқандай арам мүдде кесіп кетпесе, оқушы киімін өндіретін біздің ісмерлердің бұл нарықта толық үстемдік құрарына сенуге әбден болады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ