Ұлттық музейде Астана күні мерекесі қарсаңында «Камил Муллашевтың ретроспективасы. Менің заманым» көрмесі салтанатты жағдайда ашылды.
Қылқалам шеберінің таңдаулы туындылары ұсынылған көрмеде Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай автордың еңбектеріне жоғары баға бере келіп: «Камил Муллашевтың есімі өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де кеңінен танымал. Ол төл туындыларында балалық шағынан бастап бүгінгі таңға дейінгі өмір баспалдақтарын көркем тілмен көсіле бейнелеген. Одан бөлек, автордың шығармашылық жұмыстарынан қазақы бояуды, қазақы мінезді аңғаруға болады. Оның еңбектері сонысымен де құнды. Камил ағамыздың туындылары Ұлттық музейден орын алып, көпшіліктің көзайымына айналып жатқанына өте қуаныштымыз, – деді.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев көрмедегі туындылардың көркемдік мәніне тоқтала келе, суретшіге шығармашылық табыстар тіледі.
– Мұндағы туындылардың қай-қайсысы да адамның қызығушылығын тудырмай қоймайды. Камил ағамызды еліміздің еңбек сіңірген қайраткері ретінде жақсы білеміз. Шеберханасында сан рет болғанмын. Оның туындылары расымен жоғары бағаға ие. Камил Муллашев – қазақ бейнелеу өнері жолында өзіндік қолтаңбасы бар талантты суретшілердің бірі. Сондықтан автор қандай құрметке де лайық, – деді Е.Аманшаев.
Сонымен қатар, көрме авторы К.Муллашев шығармашылық жұмыстарының ерекшеліктері туралы баяндай келіп, өнер жолының қыр-сырына тоқталды.
– Астана күніне орай арнайы дайындаған көрмемнен түрлі жанрдағы туындыларымды тамашалай аласыздар. Олардың ішіндегі, әсіресе халқымыздың тыныс-тіршілігі, шынайы еңбек жолындағы ерлік-өнегелері туралы жауһарлар арқылы жаныңыз нұрланады. Мен үшін 1990-2000-жылдар өте жемісті болды. Осы жұмыстарымның барлығы дерлік бірнеше елдердің ауыр кезеңдерінен хабар береді. Оның бәрін сурет арқылы бейнелеу расымен де оңайға түскен жоқ, – деді көрменің ашылу салтанатында ой бөліскен автор.
Мерекелік іс-шараға Ресей, Қытай, Татарстан елдерінің елшілері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен өнертанушылар қатысты. Ал, өнер иесі туралы қысқаша мағлұмат берсек, ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның Ғабдолла Тоқай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франция көркемөнер академиясының күміс медалінің иегері, Қытай Өнер академиясының академигі. Оның туындылары Мемлекеттік Третьяков галереясының, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік музейдің қорларында сақтаулы. Сонымен қатар Қазақстанның жеке коллекцияларынан және АҚШ, Франция, Германия, Лихтенштейн, Түркия, Қытай және т.б. шетелдердің галереяларынан кездеседі. Айта кету керек, көрме 1 тамызға дейін жалғасатын болады.
Қаршыға КҮЛЕН