05 Шілде, 2016

Әлемнің ықыласы біз жақта

401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ж.Абишев-1Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайлануын тағдырдың Тәуел­сіздіктің ширек ғасырлық тойына деген тамаша тартуы деп бағалауға әбден болады. Жаратқан пейілге қарай береді. Аяғынан қаз тұрғанынан бір­лік пен достықты, ынтымақ пен бейбіт­ші­лікті ту еткен тәуелсіз еліміз әлемдік қауымдастықтың мұндай құрметі мен сеніміне әбден лайық деп санаймыз. Еліміз тарихындағы айтулы оқиға туралы ой білдіруді өтінгенімізде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішевтен төмендегідей жауап алдық. Жандос Ақылсерікұлы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сай­лануына нендей алғышарт­тар себеп болды деп ойлайсыз? – Бұл – ең бірінші кезекте Ел­ба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың әлемдік қауым­дастық ал­дын­дағы абырой-беделінің қан­шалықты зор екендігінің нақ­ты көрсеткіші. Бір ғана мысал, Елба­сымыздың әлемде ядро­лық қауіпсіздікті сақтау ісіне сіңір­ген еңбегінің өзі неге тұра­ды?! Дамыған мемлекеттер, бүкіл өрке­ниетті әлем мұның мән-маңы­зын дұрыс түсініп, лайықты бағасын беріп отыр. Меніңше, БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне мүшелікке үміткер болғанда дауыс беруші елдер бұл жағдаятқа ерекше назар аударды деп ойлаймын. Бұдан бөлек, әрине, бүгінгі Қазақ­­стан – экономикасын өрісте­тіп, көрші елдермен ынтымағын жарас­­тырып, бейбітшілік сүйгіш сарабдал саясатымен бүтіндей Ор­та­лық Азиядағы тұрақтылықты қам­­тамасыз етуге игі әсерін тигізіп отыр­­ған мемлекет. Бұл фак­тор­дың да ық­палы мол болды деп санаймын. Жаһандық беделді ұйым­ның саяси кеңесіне мүше болу Қазақ­станға не береді деп ой­лайсыз? – Дауыс беруге қатысқан 138 мемлекеттің Қазақстанның кандидатурасын  қолдағаны біз үшін зор абырой. Дегенмен, мұның өзі біздерге өте зор міндет пен жауапкершілік жүктейді. Бұл дегеніңіз – біздің жас Қазақстан тек Орталық Азия аумағында ғана емес, бүкіл дүниежүзі бойынша азамзат баласының тағдырына қатысты мәселелерді шешуге тіке­лей атсалысады һәм жауапты деген сөз. Яғни, біз дәл қазіргі таң­­­да­ған жолымыздан таймай, Тұң­­ғыш Президентіміздің маңына бұрын­ғыдан да ұйыса түсіп, кез келген салада сүрінбей, жаңыл­май, тек қана алға баса беруіміз керек. Қазақстан үшін әлемдегі ең ықпалды ұйымға мүше болу – ата-баба ықылым заманнан аң­сап келген Тәуелсіздігімізді нығай­та береді, «Мәңгілік Ел» болуды мұрат еткен мақсатымызды нық­тай түседі. Әлемнің ықыласы ауған елден жанжал мен алауыздық аулақ жүреді. Керісінше, ырыс пен ынтымақ қақ­па­мызды өзі келіп қағатын болады. Сонан кейін, әрине, Қазақ­стан­ның әлемдік қауымдастық ал­дын­дағы абырой-беделі бұрын­ғыдан бетер өсе түспек. Сайып келгенде, мұның өзі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатына, гүлденіп, дами түсуіне оң ықпалын тигізеді. Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ