05 Шілде, 2016

*Мемлекет мерейі

474 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

image-2-1Бейбіт саясатымыз  танылған шақ

Мұхиттың арғы бетінен қуа­нышты хабар естіп отырмыз. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде Қазақ­стан осы беделді ха­лықаралық ұйым­ның Қауіпсіздік Ке­ңесіне екі жылға мү­шелікке сайланды. Мұны тәуелсіздігін алғанына 25 жыл ға­на болған жас ел үшін биік мәртебе деп білеміз. Дауыс беруші мем­лекеттердің басым көпшілігі Қазақстан үшін қол көтерген. Бұл Қазақстанның бейбітшілікті пір тұтатын сыртқы саясатын бүкіл әлемнің мойындағанының тағы бір дәлелі екені анық. Қауіпсіздік Кеңеске Қазақ­станның Орталық Азиядан мүше болып сайланған бірінші ел екені, елдің де, Елбасының да тұл­ғасының әлем жұрты алдында жоталана түскені көңілге мақ­таныш ұялатады. Ақпарат тасқындаған бүгінгідей күрделі уақытта дүниежүзіндегі алпауыт елдердің Қазақ­станды бұлай мойын­дауы олар бізде бейбітшілік үшін жасал­ған ұлан-ғайыр жұмыстардан хабар­­дар деген сөз. Осы орайда Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың қару­сыздану, ядролық қаруды таратпау бағытында талмай жүр­гі­зіп келе жатқан жігерлі жұмыс­тарын әлемнің тыныштықты жақтаған жұрты тарапынан да мойын­дала бастады десек, артық айт­қаны­мыз емес. Алдымен, тәуел­сіз­дігін енді алып, саяси сахнаға көтерілген ел ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Семей полиго­нын жапты. Мұндай қадамға бар­ған елді әлемнен табу қиын. Со­ны­мен қатар, Елбасы мемлекеттер басшыларының, ірі қоғам қай­рат­керлерінің, ғалымдардың халықаралық бас қосуында әлемді ядролық қарудан тазарту жөнінде айтып келеді. Арысын айтпағанда, осы көктемде Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен Ядролық қарусыздану жөніндегі ІV саммитте Американың саяси және қоғам қайраткерлері, әскери ұйымдар басшылары алдында сөз сөйлеп, өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» ат­ты манифесін мәлім етті. Ядролық қарудың зардабын әлем жұрты түсінетіндей уақыт жетті. Өткен ғасыр­дың 40-жылдарының ішін­де Жапонияға тас­талған атом бомбасынан, өзіміздегі Се­мей полигонындағы жерас­ты ядролық сы­нақ­­­тары­нан болған қасіреттің ізі әлі білінеді. Қазір әлемнің бір­сы­пыра елдеріндегі террорлық жары­л­ыстардан қаншама бейбіт тұр­ғындар зардап шегіп отыр. Тер­роршылар адамдарды баудай түсіріп, қырып-жоюда. Ешқандай кінәсіз адамдар өмірге осындай содырлықтың құрбаны болуы үшін келмейді. Әр адам Жаратқанның игілігімен өмір сүріп, ұрпақ өсі­ріп, өркениет жасауды мақсат тұта­ды. Тек бейбіт уақытта ғана адам алаң­сыз өмір сүреді. Бірік­кен Ұлт­тар Ұйымының Қауіпсіз­дік Кеңесіне мүше ретінде алдағы уақытта Қазақстан бейбітшілікке халықаралық деңгейде атсалы­сатын болады. Ядролық қару­сыздану жөніндегі ІV саммитте сөйлеген сөзінде ядролық қару­дың қазір әлемді алаңдатып отыр­ғандығын, сондықтан оның содыр­лар қолына түсіп қалмауын ес­керткен болатын. Ядролық қарудан, атом жарылысынан келген зардапты әлем тарихы біледі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдар үшін мүшелікке қабылдануы – Елбасының бей­бітшілік үшін жүргізіп келе жатқан жұмысының қайтарымы десе де болады. Тілеген АХМЕТОВ, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие және әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры, профессор ҚОСТАНАЙ

Бедел беки түсті

Қазақстан тәуел­сіз­дік алған жылдарында бей­біт­ші­лік пен ты­ныштықтың тұғырын бекіт­кен ел ретінде әлем­ге танылып келеді. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен­діктің елең-алаңында ұстанған сарабдал сая­сатының жемісі еке­ні сөзсіз. Бейбіт өмір сү­рудің қазақстандық жолын ай­қындаған Мемлекет басшысы мемлекетаралық мәмі­легерліктің ұлағатты ұста­ны­мын қалып­тас­тырып, әлемдік аренада игілікті істерге ұйытқы бола білді. Өміршең бастамалардың бастауында болып, дүниежүзілік қауіпсіздіктің қабырғалы мәселе­лерінде өзіндік тың идеялары­мен көрінді. Қашан­да бейбіт өмір мен тыныш қоғам­дық дамудың бастамашысы болып келе жат­қан Қазақстан­ның Азия тобы мем­ле­кеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­­сіздік Кеңесінің 2017-2018 жыл­­дарға уақытша мүшесі болып сайланғаны туралы хабар­ды қуа­на қарсы алдық. Бұл туралы үс­ті­міздегі жылғы 28 маусымда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясын­да өт­­кен дауыс беру­дің қо­­­ры­­тындысын­да мә­­лім болды. Қара­ңыз, тәуел­сіздігін ал­­­ға­ны­на небәрі 25 жыл толғалы отыр­ған Қазақстанның кан­дидатурасын дауыс бер­уге қатысқандардың ара­сынан 138 мемле­кет­­тің қолдауы біздің елі­міздің әлем алдындағы биік беделі мен бедерін көрсетеді. БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің 15 мемлекеттен құралатынын, ал оның бесеуінің – Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Фран­цияның тұрақты мүшелік мәртебесі бар екенін, оның екі жылдық мерзімге бес өңірлік топтардың атынан сайланатынын ескерсек, Қазақстанның әлемдік қо­ғам­дастықтағы бе­де­лі­нің жоғары екенін ай­қын аң­ға­­ру­­ға әбден болады. Қазақ­стан 2017 жыл­­­дың басынан Азия мемлекеттері ара­­сынан Малайзияны алмастырады. Қазақ­­­стан Республикасының Сырт­қы іс­тер ми­нистрі Ерлан Ыды­рысовтың «Бұл Қа­зақ­­­стан­ның және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық дең­гей­дегі биік беделінің, оның жаһандық және өңірлік мәсе­ле­лерді реттеуге, ядро­лық қару­сыз­дану және таратпау мәселе­ле­рін ілге­рі­летуге қосқан бірегей үлесі­нің жар­қын көрінісі», деп бағалауы да сондықтан. Қазір әлем тынышсыз бола бастады. Жер-жерде лаңкестік оқиғалар орын алуда, әлемдік соғыс өртінің тұтанып кету қаупі байқалады. Бұл әркімді, соның ішінде бүкіл бір елдің тізгі­нін ұстаған, халықтың жауап­кер­шілігін мойнына алған ­мемлекет басшыларының қаперінде болуы керектігін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ұдайы еске салып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының ядролық қарудан бас тарту, оны бейбіт мақсатқа пайдалану туралы ойлары өміршең идея, адам­зат үшін қауіпсіздіктің кепілі екені сөзсіз. Күллі әлем жұртшылығы бұ­рын-соң­ды құлақ естіп, көз көр­меген сұмдық оқи­ға­лардың куәсі болуда. Еуропаға толассыз ағыл­ған босқындар легі, Сирия­дағы жүздеген мың адамдар құр­бан­дығына соқ­тырған сұрапыл соғыс, Түркияда, Бель­­гияда, Пәкістан және басқа мем­лекет­терде болып жатқан лаң­кес­тік әре­кет­тер ой­ландырары сөзсіз. Осындай күр­делі кезең­де Қазақстан, оның тізгінін тәуел­­сіздік алғаннан бері мығым ұстап келе жатқан Елбасы Н.Назар­баев бейбіт қатар өмір сүру­­дің жолдарын ұсынып, әлем­ді ұда­йы бейбітшілікке шақырып келеді. Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңе­сіне сайлануы біз­дің мемлекетіміздің бейбітшілік сүйгіш сыртқы және ішкі сая­сатының халықаралық қоғам­­дастықта жоғары бағала­наты­нының нақты дәлелі болды деу орынды. БҰҰ Жарғысы бойынша жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілет­тенген ең маңызды саяси орган­ның құрамына Орталық Азия мемлекеттері арасында тарихта бірінші болып Қазақстанның сайлануы біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Бұл барша қазақстандықтар үшін маңызды тарихи оқиға, есте қалар сәт дегім келеді.  Келдібай ЕСПАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім кеңесі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы

Үлгі

Қазақстанның алыстағы алып шаһар – Нью-Йорк төрінде, БҰҰ шеңберінде топ жаруы – туған еліміздің төл тарихында қалатын сәт. БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен жиын соңында Қазақстан­ның аталмыш ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға уақытша мүше болып сайланғанын жариялады. Орталық Азия мем­лекеттері арасынан ең бірінші болып биік орыннан көріну – еліміз үшін өз алдына бөлек бедел. Ал, ол мәртебе жайдан-жай келе салған жоқ. Әлем мемлекеттерінің бізді қолдап дауыс беру нәтижесінде жеңіске жетіп, бәсекелестерден басым түстік. Дауыс беру құқығына ие 140-қа жуық мемлекеттің Қазақстанды лайық көрген­дігі, шындығында қуанарлық жайт. Ал еліміздің бәсекелесі Таиланд Корольдігінің енші­сіне бар болғаны 50 дауыс тиген екен. Бұл жеңіске Қазақстан­дағы бейбіт өмір, сан ұлттардың өз­ара бірлікте тағдыр кешуі, ядро­лық қарусыздану жолындағы тың бастамалары мен жер-жаһанда бейбіт­шілік мәселесін басты орынға қоюға үлес қосуға талпынысы себепкер бол­ды дей аламын. Мен Қазақстанда өмір сүруші және осы елдің азаматы ретінде еліміздегі мамыражай тұр­мысты жоғары бағалаймын, әрі оны ешқашан көлеңке шалмауына мүд­делімін. Сол себепті біздің еліміздегі бейбітшілік бағытындағы ұстаным мен үлгі өзгелерге сабақ болар жөні бар деп ойлаймын. Ақмарал ЗЕЙІЛОВА, Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының директоры Маңғыстау облысы

Ұлттық рухтың күші

Қазақстан Республи­касының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүше болып сай­ланғанын ел газеті «Егемен­нен» оқып қатты қуандық. Шыны керек, біз спорт­шылар әлемдік деңгейде ел ме­рейін көтеру, көк байрақ­ты желбірету секілді құнды­лық­тарды жақсы түсінеміз. Спорттың қандай да бір түрі­нен облыстық жарыста топ жар­ған жан республикалық бәсе­кеде жұлдызы жанып құрлық­аралық, тіпті әлемдік жарыс­­та чемпион болуды арман­­­дай­ды. Сол арманының уақы­­тын бел­гілеп алдына мақ­сат етіп қояды. Нәтижесінде ұлт­­тық рухтан бойына алапат күш алып, маң­дайы жарқырап тұрады. Еліміздің саяси аренада биік­ке көтерілгенін қазақы жалпақ тілмен осылай да түсінуге бола­тын шығар. Құдайға шүкір, Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында еліміздің мерейі артты. Қауіп­сіздік Кеңесіне уақытша мүше­лікке үміткер болған Қазақстан үшін 28 маусым күні 138 мемле­кеттің жақ­тап дауыс бергенін қалай мақ­танып айтсақ та арт­ық болмайды. Себебі, БҰҰ Жар­ғысы бойынша жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттенген ең ма­ңызды саяси органның құра­мына ену оңай емес. Біле білсек, біздің еліміз Орта­лық Азия тарихында бірінші бо­лып осындай үлкен сенімге ие болып отыр. Дәл осы сәт­те менің ойыма Елбасының Қазақстанды Азия барысына теңегені түседі. Сон­дықтан біз жетісулықтар мұны да жақ­сылықтың белгісі деп са­най­мыз. Өйткені, Мем­лекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың әлемдік саясат­тағы беде­лі­нің биік те мығым екенін мы­на қуаныш растап отыр. Тәуел­­сіздігіміздің 25 жыл­ды­ғын­да ел қуанышына қуаныш қос­ылып, ең бастысы айрандай ұйып отырған еліміздің қауіп­сіздігі берік сақталған үстіне сақтала түскеніне тағы бір мәрте көзіміз жете түсті. Тұратбек ШАРАПИЕВ, Алматы облыстық дене- шынықтыру  және спорт басқармасының басшысы ТАЛДЫҚОРҒАН

Іргелі жұрт екенімізді тағы бір дәлелдедік

Жандар КӘРІБАЕВ, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы  Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланғанын, Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру кезінде Қазақстан 138 мемлекеттің қолдауына ие болғанын естіп, қуаныштан мерейіміз тасып, мәртебеміз артып отыр. Мұны сындарлы саясатта даңғыл жол сала білген Елбасымыздың ерен еңбегімен келген барша еліміздің жеңісі, жетістігі деп ұққанымыз абзал. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған отандық дипломатияның жемісті жұмысының нәтижесінде осындай биікті бағындырып отырмыз. Бұл тарихи оқиға бүкіл әлем таныған сыртқы саясаты сындарлы ел екенімізді тағы бір дәлелдеп берді. Бұл жетістікке жету жолында қазақстандық дипломаттар корпусы, қоғам қайраткерлері аянбай еңбек етіп, өлшеусіз үлестерін қоса білді. Сондықтан да, ел болып айтулы оқиғаның бағасын біліп, мерейлі жауапкершілігін сезінгеніміз ләзім. Иә, сан зұлматтан аман шыққан ұлтымыз бүгінгі күні арайлап атқан азат таңын көріп отыр. Ел болып, керегемізді кеңге жайып, көрші мемлекеттермен тереземізді теңестірдік. Айналасы ширек ға­сырдың ішінде мемлекетіміздің жаңа астанасын әлемге паш еттік. ЕҚЫҰ-ға төраға болып сайландық, Сарыарқа төсінде саммит өткізіп, әлемдегі беделіміздің қандай екенін анықтадық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көре­ген саясатының арқасында Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретінде маңыз­ды рөл атқара отырып, Орталық Азия­дағы даму мен тұрақтылыққа өз үлесін қосты. Халықаралық қоғамдастық ядролық қаруды таратпау және тұрақты даму ісіне қосқан еліміздің үлесін мойындады. Бүгінде әлемде дамудың баламалы идеяларына деген зор сұраныс бар. Осы тұрғыдан алғанда Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік мәні бар бастамалардың қуатты генераторына айналып қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытып, беделін өсіріп келеді. «Қазақстанның бүгінгі жоғары халық­аралық беделі – бұл ішкі жетістіктеріміздің, дәйекті бейбітсүйгіш саясатымыздың, сондай-ақ ядролық қарудан бас тарту, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөнін­­дегі кеңес, Әлемдік діндер лидерлерінің съездерін өткізу, Тәжікстандағы, Ауғанстандағы, Ирак­­тағы антитеррорлық күреске және бітім­­гер­шілік миссияларға қатысу секілді ірі халық­аралық бастамалардың тікелей нәти­жесі» деп Елбасымыз айтқандай, БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланғанымыз еркіндіксүйгіш егемен еліміздің тарихындағы көңіл марқаяр толайым табыстарымыздың жарқын көрінісі екендігі даусыз.  ТАРАЗ

Бәріміз үшін тарихи жеңіс

Кейінгі жылдары жер шары аса мазасызда­нып кетті. Террористік акті­лер күтпеген жерлер­ден бұрқ ете қалады. Жа­қын­да ғана Ыстанбұл әуе­жайында болған жарылыс лаң­кестерде адамдық қасиет, Отан деген ұғым жоқтығын көрсетті. Планетамыздың ізгі ойлы адамдарына мыңдаған халықты қайғының көз жасына суаратын қанқұйлы соғыс емес, бейбіт өмір керек. Біздің Қазақстанымыз осы мақсатқа қызмет етіп келеді. Өз басым БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болу жолында 138 мемлекеттің Қазақстан пайдасына дауыс беруін бейбітшілікті сақтауға берілген дауыс деп қабылдаймын. Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіп­сіздік Кеңе­сінің құрамына тұрақ­ты емес мүше болуы – тарихи жеңіс. Еліміздің, Елбасының жеңісі. Біздің еліміз – Орталық Азиядағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына сай­ланған тұңғыш мемлекет. Бұл жеңіске жету жолында Қазақ елі көп еңбектенді. Жағымды жаңалық­ты өңірдегі түрлі ұлттар мен ұлыс өкіл­дері де қуана қабылдады. Қазақстан – ядролық қарудан саналы түрде бас тартқан бірден-бір мемлекет. Қырып-жоюға бағыт­талған қаржы соғыс өртін тұтатуға емес, бейбіт мақсатқа жұмсалуы керек. Біздің Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік саясат аренасында осындай ізгі ниет, биік парасатымен айдынданып тұр. Бұл – еліміздің де, Елбасымыздың да жеңісі. Ол бейбітшілік жолында қыруар жұмыстар жасап жатыр. Хасан БАЦИЕВ, «Вайнах» чешен- ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысы

Қуанышпен қабылдадық

Қазақстандықтар елі­­міздің БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі болып сайлануын үлкен қуаныш­пен қабылдады. Бұл – баршамыздың жүре­гі­мізді жылытқан жа­ғымды жаңалық бол­ды. БҰҰ Бас Ассамб­лея­сын­да Қазақ елі 138 дауыс жинап, Тайланд­тың алдына шықты. Жалпы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі болып сайлану – тарихи оқиға. Аталған Қауіпсіздік Кеңесі әлемдік бей­біт­шілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін, халықаралық қақ­ты­­ғыс­тарға соқтыруы ықтимал кез келген дау-шарды зерттеуге өкі­летті ұйым. Қауіпсіздік пен бей­біт­­шілікті қолдау бойынша Қауіп­­сіздік Кеңесінің қызметі құқық бұзушы мемлекеттерге қарсы санкцияларды анықтау­мен де айналысады. Сондықтан Қазақ­стан­ның кеңеске тұрақты емес мүше болып енуі тарихи жетістік. Бұл – ертедегі Төле би, Қазыбек би, хакім Абайлардың түйінді сөздері мен толғақты ойларынан бастап, Алаш қайраткерлерінің саяси қызметтерімен жалғасқан, тамырын тереңнен алатын еліміз­дің дипломатиялық қызметіне берілген биік баға. 2017-2018 жыл­­дарға Қазақ­стан­ның Қауіпсіздік Ке­ңесіне тұрақты емес мүше­лікке сайлануын елі­міздің Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл әлемге бейбітшілікті наси­хаттаған ауқымды жұмысының нәтижесі деп білемін. Яғни, тәуелсіз мемлекет ретін­де қа­лып­тасқан 25 жыл ішін­дегі саяси шешімдердің әлем­дік қауымдастық ал­дын­дағы бір қор­ытын­дысы. Сондай-ақ, Елба­сы­ның адамзат қасіре­ті­нің оша­ғы­на айналған Семей по­ли­­го­нын жабу және Қазақ­стан­­ның ядролық қарудан өз еркі­мен бас тарту жөніндегі тарихи шешімінің нәтижесі деуге де болады. Мемлекет басшысы еліміздің аталған миссия аясында былтыр БҰҰ сессиясында жа­рия­лаған «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесін ілгерілетуге ілкімді жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Бұл да шын мәнінде ұлт болып толысқандығымыздың белгісі. Қазақстанның қарапайым азаматы ретінде тарих үшін осындай қысқа, қас-қағым уақытта еліміздің әлемнің дамыған алып мемлекеттерімен бір сатыда тұруға қол жеткізгеніне мақтанамын. Мұрат ХАМЗИН, ардагер кенші, зейнеткер СЕМЕЙ

Әлемдік қоғамдастықтың селкеусіз сенімі

Қазақстанның әлемдік қоғамдастық арасындағы әр қадамы үлкен істерден үміттендіреді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға сапары кезінде жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялағаны да күні кеше сияқты еді. Сол манифестегі бейбітшілік пен қарусыздануға бағытталған баянды бастамаларының жалға­сындай Қазақстан Республикасының Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануы егемен еліміздің еңсесін  көтеріп тастады. Бұл барша қазақ­стандықтар үшін қуа­нышты да тарихи оқи­ға болды. БҰҰ-дағы дауыс беруге қатыс­қан­­­дар­дың арасынан 138 мем­лекеттің Қазақ­­с­тан­ның кандидату­ра­сын қолдауы елі­міз­дің әлем­дік саяси арена­да­ғы салмағын арт­ты­ра түседі. Мұның өзі бей­біт­­қатар өмір сүру саясатын ұстана отырып, тыныш­тық­тың тұғырын бекітетін баянды бастамалар жасап келе жатқан Ел­ба­сының салиқалы сая­сатының арқасы. Еліміз егемендік алғаннан бергі уақытта алдына үлкен мақ­саттар қойып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың әлемдегі отыз дамы­­­­­ған мемлекеттің қатарынан көрі­нуге талпынуы құр айтыла сал­ған сөз емес. Мемлекет бас­шы­сы «Бес институттық реформа» 100 нақты қадам» Ұлт Жос­па­рын­­да бұған қалай жетудің жол­дарын айқындап, нақтылап берді. Әлем­дік қаржы дағдарысы жағ­да­йында да дамуға бағыт ұстап отыр­ған елімізде оған берік негіз бар. Дүние жүзіндегі ең салиқалы саяси органға кіруі, 15 мемлекет­тен құралған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне еркін енуі Қазақстанның әлем­­дік саясаттағы орны айрықша екенін көрсетсе керек. Жанымыз­ға жағымды жақсылық хабармен іле-шала Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің 2017-2018 жыл­дар­дағы тұрақты емес мүшелігі­не сай­ла­нуына байланыс­ты Қа­зақстан Респуб­ли­ка­­сының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Үн­­­деуі жарияланды. Мем­­лекет басшысының Үн­деуде «БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесіне сайлану – бүкіл Қазақстан хал­қының еңбек сіңі­рген табысы. Бұл – ұлт то­лыс­қандығының көр­сет­кіші. Біз бейбітшілік пен ын­ты­­мақ­тастықтың ортақ құн­ды­лық­­тарын ілгерілетуге қабі­летті жауап­кершілікті мемлекет ретінде өздерінің дауыс­тарын Қазақ­стан­ның кандидату­расына берген бар­лық елге риза­шы­лығымызды біл­діреміз. Біз­дің республикамыз БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесіндегі өкі­лет­тілі­гін қам­тамасыз ету жөнін­дегі құр­­метті миссиясын ла­йықты орын­дай­тынына сенім­ді­мін» деуі де сондықтан. Қазақ­станның ядро­лық қарудан бас тартқан, бейбіт бас­тамаларға ұда­йы ұйытқы болып келе жатқанын әлем таныды. Бұл ақиқаттан ешкім де ат­тай алмайды. Мұның бәрі Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың бей­бітшілік­ті нығайтуға бағыттал­­­ған сараб­дал саясаты мен ұлағатты ұс­та­­­ным­дарының арқасы деу орынды.  Қасымжан БАЙСАДАҚОВ, Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ақтөбе облысы

Бәріміз үшін тарихи жеңіс

Кейінгі жылдары жер шары аса мазасызда­нып кетті. Террористік акті­лер күтпеген жерлер­ден бұрқ ете қалады. Жа­қын­да ғана Ыстанбұл әуе­жайында болған жарылыс лаң­кестерде адамдық қасиет, Отан деген ұғым жоқтығын көрсетті. Планетамыздың ізгі ойлы адамдарына мыңдаған халықты қайғының көз жасына суаратын қанқұйлы соғыс емес, бейбіт өмір керек. Біздің Қазақстанымыз осы мақсатқа қызмет етіп келеді. Өз басым БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болу жолында 138 мемлекеттің Қазақстан пайдасына дауыс беруін бейбітшілікті сақтауға берілген дауыс деп қабылдаймын. Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіп­сіздік Кеңе­сінің құрамына тұрақ­ты емес мүше болуы – тарихи жеңіс. Еліміздің, Елбасының жеңісі. Біздің еліміз – Орталық Азиядағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына сай­ланған тұңғыш мемлекет. Бұл жеңіске жету жолында Қазақ елі көп еңбектенді. Жағымды жаңалық­ты өңірдегі түрлі ұлттар мен ұлыс өкіл­дері де қуана қабылдады. Қазақстан – ядролық қарудан саналы түрде бас тартқан бірден-бір мемлекет. Қырып-жоюға бағыт­талған қаржы соғыс өртін тұтатуға емес, бейбіт мақсатқа жұмсалуы керек. Біздің Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік саясат аренасында осындай ізгі ниет, биік парасатымен айдынданып тұр. Бұл – еліміздің де, Елбасымыздың да жеңісі. Ол бейбітшілік жолында қыруар жұмыстар жасап жатыр. Хасан БАЦИЕВ, «Вайнах» чешен- ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысы

Шаттық кернеген сәт

Әрине, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қызметіне қатысу – еліміздің  халықара­лық дәрежедегі беделі. Жалпы, бұған дейін Орталық Азиядағы ешбір ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланып көрмеген. Енді еліміздің Азия атынан мүше болуы ерекше құрмет, мақтаныш қой. Ал, бұған себеп болған алғышарттардың бірі АҚШ-тағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммитте жарияланған Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ-ның ресми құжатына айналуы дер едім. Яғни, Елбасы манифесінің ықпалы зор, аса маңызды болғаны. Бұған дейін еліміз  ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешім қабылдады. Осы тұста Елбасының да халықаралық алаңдағы тұлғасы айқын, анық көрінді. Енді міне, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында еліміз үшін мақтанатын маңызды шешім өмірге келді. Мұны ішкі және сыртқы саясаттағы үлкен табысымыз деп түсінемін. Бұл Мемлекет басшысының жаһандық және өңірлік қауіпсіздік­тің өзекті тақырыптары бойынша 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінде сөйлеген сөздерінің, биыл Ядролық қарусызданудың жаһан­дық саммитінде айтылған соңғы бас­тамаларының нәти­жесі екені сөзсіз. Бұл шешім қауіпсіздік саласындағы жаһандық күн тәртібін қалыптас­тыруға, жалпы, Орталық Азия өңірінің мәселелерін халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Серік КӘРІМ, журналист, аудандық «Аққу үн» газетінің қызметкері Павлодар облысы, Лебяжі ауданы