Астана күніне орай елордадағы Абай ескерткішінің алдында ашық аспан аясында ерекше мерекелік шара өтті. «Ұлы Дала, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы, Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстан!» тақырыбымен өткен кітап және поэзия фестивалін қала әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы және Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған болатын.
Бұл шара бабадан қалған байтақ даламызда бағзы заман мен болашақтың арасындағы нәзік байланысты үзіп алмауға және кеше мен келешектің арақатынасындағы рухани құндылықтарды қайта жаңғыртуға негізделді. Ұрпақтар сабақтастығын ұлықтай отырып, руханиятты дәріптеуге арналған алқалы жиын ұлтымыздың ұлы кемеңгері Абай Құнанбайұлының рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Ізгілікке үндейтін игі істің басты ұйымдастырушылары басқосуға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың ай маңдайлы ақын қыздарының бірі – ақын Марфуға Айтхожинаны Алматыдан арнайы шақырыпты.
Қала қонақтары мен қалың бұқараға арналған фестивальдің жалпы нобайы кесек-кесек бес бөлімнен құралған. Соның алғашқысы ретінде сахна шымылдығы поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың «Өлеңдер жинағы» кітабының ресми тұсаукесерімен ашылды. Көзі тірісінде қаламдас құрбысы ғана болып қоймай, жан сарайын жан-тәнімен түсініскен досы Фариза жайлы естеліктермен бөліскен Марфуға апай қайсар қазақ қызының тағы бір өлеңдер жинағының жарық көруімен оқырман қауымды құттықтады.
Фестиваль бағдарламасының келесі кезеңі «Абайдың рухы» мен «Алты Алаштың арысы – Әлихан Бөкейхан» деген атаулармен жалғасын тапты. Мұнда Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістерінің сахналауымен Абай Құнанбайұлы мен Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығынан театрландырылған көріністер қойылды.
Астана күніне орай арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараның келесі бөлімі «Жырлайды жүрек» деген атаумен М.Мақатаевтың 85 жылдығына арналған әдеби-музыкалық композициямен өрбіді. Жас ақындар Мұқағали өлеңдерін оқып, әндерін нақышына келтіре орындады. Ал «Әдебиет әлемінің мақтаныштары» айдарымен өткен әдеби-ақындық вернисажда шығармалары арқылы гүлденген Қазақстанды, оның жетістіктері мен тарихын жырлаған қалам иелерімен көрермендердің еркін сыр-сұхбатына ұласты. Осылайша, шағын форматта ақын-жазушылардың оқырмандармен өткен кездесуіне белсенді қатысушылар арнайы естелік, сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, шара аясында «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы мен Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бірлесе ұйымдастырған «Елдіктің терең тамыры» атты «Әлихан Бөкейхан оқуларының» жеңімпаздары да анықталып, жеңімпаздарға сый-құрметтер көрсетілді.
Ал Абай ескерткішінің алдындағы алаңқайда ұйымдастырылған кітап баспаларының жәрмеңке-көрмесі мерекенің ажарын аша түскендей. Өйткені, «Ұлы Дала, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы, Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстан!» атауымен көркем безендірілген кең көлемді кітап көрмесі төрт бөлімге негізделген болса, оның ерекшелігі сол «Ширек ғасырлық белестер», «Еңселі елорда, асқақтаған Астана», «Ұлы мақсаттар мекені» және «Қаламы қанатты тұлғалар» айдарымен айшықталған көрмедегі кітаптардың оқырман қауымға үлестірілуі еді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»