05 Ақпан, 2011

Елбасы сайлауы – елдік сынағы

534 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР БҰЛ СЫННАН СҮРІНБЕЙТІНІНЕ СЕНІМДІ Кешегі газеттен «Қазақстан Республикасының кейбір Конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық Заңды оқыдым. Онда мынадай толықтырулар енгізіліпті. «Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Пре­зидентінің шешімімен тағайындалады және Конституциялық Заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі». Құжат жарияланған күннен бастап қолданысқа енді. Сонымен еліміз кезекті Президенттік сайлаудың алдында тұр. Ал бұл қалай басталып еді?

ТАРИХИ ШЕШІМ

Қазақстанда қазіргі Президентті алмастыратын саясаткер жоқ

Өткен жылдың желтоқсан ай­ында Өскеменде өткен халықтық жиынға қатысушылардың Елба­сы­ның өкілеттігін республи­ка­лық референдум арқылы 2020 жыл­дың соңына дейін ұзарту жө­ніндегі бастамасы 5 миллионнан астам қазақстандықтың қол­да­уына ие болғандығы белгілі. Бес миллион жүрек Елбасының Қа­зақстанды алға бастай беруін қа­лаған. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген бар. Халық Пре­зи­денттің өкі­леттігін 2020 жылға дейін созуды қалады. Дегенмен бұл демократиялық құн­­дылық­тардың тала­бы­на, зайырлы мем­лекеттің заңына сай келмейтіндей еді. Адамзатқа ортақ құн­ды­лық­тарды сақтай оты­рып Ел­басы өзінің өкілеттігін 10 жыл­ға созудан бас тартты. Бұл – Елбасының көреген шешімі. Ата Заңға деген адалдық. Адамзатқа ортақ құндылықтарды сөзбен емес, іспен дәлелдеу деп білемін. Бұл – Қазақстан тарихындағы тарихи шешім. Өйткені Елбасы өзінен кейінгі саясаткерлерге сара жолды көрсетті. Азаматтық қоғам қалыптастырудың үлгісін таныт­ты. Бұл – еліміздің дұрыс жолмен дамып келе жатқанын көрсететін бірден-бір шешуші қадам. Қа­зақ­стан былтыр Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мына бекерден-бекер төраға бол­мағанын, Сарыарқаның төсінде Саммитті есеп үшін өткізбеге­нін, шын мәнінде демократиялық құн­дылықтарды сақтай отырып мемлекет құрып жатқанының дәлелі. Біздер, ардагерлер қауымы, Ел­­басының барша қазақстан­дық­тар­ға арнаған үндеуін үлкен тебіреніспен тыңдап, түсіне қабыл­да­дық. Бұл Елбасымыздың шын мә­нінде демократ екендігімен қоса, ең бірінші Конституцияның кепілі ретінде Ата Заңымыздың мәр­те­бесін тағы бір асқақтатып, Заңды құрметтейтіндігін көрсетсе керек. Сонымен бірге, халқының тілегін жерге тастамай, әлі де болса екі жыл президенттік өкілеттігі бола тұра, кешегі күні өзіне сенім арт­қан осынша халықтың сеніміне селкеу түсірмеу мақсатында, тарихи жауапкершілік жүгін өзіне ала отырып, тағы да сайлау до­да­сына түспек. Алдағы өтетін сайлауда да Тұң­ғыш Президентіміз халық қол­дауына ие боларына күмәніміз жоқ. Өйткені референдумды қол­даған 5 миллион халық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлының кандида­турасына дауыс беретіні сөзсіз. Сайлау болсын, референдум бол­сын, қазіргі Қазақстанда Н.На­зарбаевты алмастыратын саясаткер жоқ. Сондықтан біз болаша­ғы­мызды тек Елбасымен бірге ғана елестетеміз. Мемлекет пен халық мүддесі жолында қажымай еңбек етіп, тер төгіп жүрген Нұрсұлтан Әбіш­ұлымен біз әрдайым бірге екендігімізді жеткізе отырып, Отаны­мыздың алар асулары әлі де алда деген сенімдеміз. Тұрғанбай МАХАНОВ, еңбек ардагері. Қызылорда. * * * Шетелдік саясаткерлер не дейді? ТЕҢДЕССІЗ ҰСТАНЫМ Доктор Вильгельм АУГУСТАТ, (Австрия), «Мәдениет арқылы Бейбітшілікке – Еуропа» ассоциациясының еуропалық филиалының президенті, «Әлем спиралі» қозғалысының жетекшісі әрі осы аттас журналдың шығарушысы, публицист: – Президент Назарбаевтың әлемдік қоғам­дас­тыққа демократия мәселесінде қандай қадам­дар­ға бару керектігін көрсетуі үлгі боларлық мысал. Халықтың басым бөлігінің Президент өкілет­тігін 10 жылға ұзарту жөнінде пікір білдіруіне байланысты Қазақстан соңғы апталарда Батыс тарапынан сынға ұшырап келді. Дегенмен, Президент демократияның пайдасы үшін бірден-бір дұрыс шешім қабылдай отырып, түскен ұсы­ныс­тардан өз бастамасымен бас тартты. Ол өкілеттік мерзімін екі жылға қысқартып, 2011 жылы өтетін жаңа сайлауға қатысуға да дайын. Қалыптасқан жағдайда бұл көзқарастың теңдесі жоқ және оның өзі айрықша үлгі болып табылады. (Австриядағы Қазақстан Республикасының елшілігіне ресми үндеу). * * * Штефен ЗАЙБЕРТ, Германия Федералды үкіметінің ресми өкілі: – Германияның Федералды үкіметі Президент Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзар­ту жөнінен референдум өткізу туралы Заңның ел Конс­титуциясына қайшы келетіндігі туралы қазақ­стан­дық Конституциялық Кеңестің шешімін қуаттайды. Федералды үкімет сол сияқты Президент На­зарбаевтың ол шешіммен келісіп, Конституцияда көрсетілгендей,  президенттік сайлауға қатысуға ниет білдіргенін де қуаттайды. Сол арқылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ның демократия мен тиімді мемлекеттік басқару саласындағы принциптеріне деген адалдығын айғақтайды. Фе­де­ралды үкімет мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы хабарды өз назарына алды. (Германия Федералды үкіметінің порталы). * * * Александр ЦИНКЕР, (Израиль), ICES президенті, Шығыс Еуропа және ТМД елдері институтының директоры: – Тамаша қадам! Ол көптеген аспектілер бой­ын­ша жақсы. «Ұлт Көшбасшысы» тұрғысынан Назарбаев көптеген шетелдік сарапшылар үшін таны­мал емес және сынға ұшыраған референдум иде­я­сы­нан бас тартты. Ол құқық қорғаушы ұйым­дар­дың  жос­парлы түрде «демократияға соқ­қы жасау» жай­ын­да  дабыл көтерген шабуылдарын кері серпіп тастады. Саяси қайраткер Назарбаев тұрғысынан ал­ған­да, қазірдің өзінде сайлау өткізуді ұсына отырып, ол онсыз да шашыраңқы оппозицияның қандай да бір қарсылығынан өзіне қауіп төнбейтіндей жағ­дай­ды толық жасады. Оның сыртында, «жедел сайлау» өткізу сайлауалды науқан үшін табиғи түрде қажет болатын қаржы және уақыт ре­сурс­тары шығындарын барынша төмендетеді. Мен Қазақстан Президентінің жоғары деңгейі мен кей-кейде дағдыдан тыс шешімдер қабыл­дай­тынына әркез таңқалатынмын. Сондықтан да мен, заңнамалық бастама ұсынысының қай нұсқамен өтетініне қа­ра­мастан-ақ, «халық-партия-прези­дент» үшбұрышында демокра­тиял­ық жетістіктерді қорғаушының  рөлі Ұлт Көшбасшысы – Қазақ­стан­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевта қалады деп айтқан болатынмын. (ММУ-дің ақпараттық-сараптама орталығы).