фото: видеодан кадр
Полицияның мәліметінше, 10 желтоқсанда Нұрымов бұзақылық жасады және көлік қозғалысына кедергі келтірді деген айыппен ұсталған.
«Ол қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне әдепсіз сөздер айтып, пышақпен қорқытып, бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтірген. Сондай-ақ іс-әрекетін тоқтатпай, айналасындағыларға, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қауіп төндіре отырып, азаматтардың қоғамдық тәртібі мен тыныштығын бұзуды жалғастырған. Бұзақылық фактісі бойынша сот оған 15 күндік әкімшілік қамауға алуды тағайындады», деді полиция.
Бұл ретте полицейлер бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданы, Азат ауылында болған заңсыз әрекеттердің салдарынан автокөлік иесіне әкімшілік жауапкершілік шегінен айтарлықтай асып түсетін және қылмыстық саралауға әкеп соғатын материалдық залал келтірілгені анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында жан-жақты, толық және объективті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», деді полиция.
Полицияның мәліметінше, 10 желтоқсан күні сағат 15:30-да Азат ауылында жерлеу рәсімі кезінде «қоғамдық тәртіпке және басқалардың, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін» оқиға болған.
Естеріңізге сала кетейік, Қаржаубай Нұрымовтың отбасындағы жантүршігерлік оқиғалар тізбегі қазанның 4-іне қараған түні оның көз алдында 16 жастағы ұлы Шерзат Болатты аяусыз өлтіргеннен кейін басталған болатын.
Қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, уақытша қамауға алынды. Кісі өлтіруді тергеуді Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қолға алды.
Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасының үйі өртенді. Бас прокуратура үйді өртеп жіберген жауаптыларды табуға уәде бергенімен, бүгінгі күнге дейін кінәлілер табылмай отыр.
9 желтоқсанда Шерзат Болаттың ағасының мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам өзіне қол жұмсау туралы хат қалдырып, суицид жасаған.