06 Шілде, 2016

Астана –орындалған арман

348 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_5855+Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті архивінде Астана күніне орай «Астана – Тәуелсіз Қазақстанның жетістігі мен гүлденуінің, болашағының символы» атты тарихи-деректі көрме ашылып, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен тарихшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Астананың туған күні дегенде алматылықтар бір кездері өздерінің астаналықтар болғанын міндетті түрде еске алатыны бар. Алатаудың етегіндегі жасыл желекке оранған «гүл-қаланы» қалай ғана қиып кетті екен деген жедел ой жетегіндегілердің өзі бір шоғыр. Сағым ойнаған сары далада көкпен таласқан ең биік зәулім ғимараттар алғаш рет Орталық Азия аймағында, тіпті, ТМД кеңістігінде тұрғызылатынына сенетін жан болмады. «Астана Алматыға қайта көшіп келеді» деген желсөзге де тыйым салынбады. Бірақ, Астана жаздың аптабына, қыстың боранына, сәуегейлік сөздің «ыстығы мен суығына» «төтеп беріп» күн санап өскен жас сәбидей, буыны қатайып өркендей берді, өркендей берді... Ұлы көш қалай басталып еді? Қас-қағым сәттік көріністерді қалтқысыз қамтыған фотошежіре архив фойесінде, оның әр қабатында, ғимараттың ауласында келуші кө­рермендерге кеңінен таныстырылу үшін барлық сәнімен жасақталып қойылыпты. Әр сурет – тарих. Әр сурет тұнған шежіре. – Қазақстан Республикасының елордасы – Астананың туған күні жәй тарихи дата емес. Астана – Дүниежүзілік картада Қазақстан Республикасы атты жаңа республиканың дүниеге келуі арқылы Ұлы Далада салтанат құрған жасампаздық пен жаңашылдықтың рухын паш еткен шырайлы шаһар. Астана – ХХІ ғасырдың қаласы, – деп дөңгелек үстел басында сөз бастаған Президент архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша сол жылдары ең дұрыс балама ретінде Ақмола қаласының тектен-тек таңдалмағанына ай­рықша тоқталды. IMG_2372–Астананың әлемге танылуы – ту­ған еліміздің, қазақтың таныл­уы деп ұғынуымыз керек, – деп сө­зін түйіндеген дөңгелек үстелдің бас модераторы Борис Әлікенұлы жиналғандардың назарын «Астана – орындалған арман» атты деректі фильм­ге аударуын өтінді. Тарихи таспадан соң дөңгелек үстел басына жиналғандар, олардың көбі тарихи сол оқиғаға бірден-бір қатысқан азаматтар, ішкі ойларын іркіп қалмай ортаға салды. Мемлекет және қоғам қайраткері Болат Баекенов, профессорлар Георгий Кан мен Әкімжан Әріповтің, ҚХА мүшелері Шахисмаил Әсиев, Павел Феодориди, Князь Мирзоев пен басқа да шешендердің шешіле айтқан ой-пікірлері Елбасының батыл шешімі мен ерен еңбегіне арналды. Саяси мәнді пікірталас мерекелік концертке ұласты. Қазақстанның болашағы жас бүлдіршіндер, Отан-Ана, Елорда-Астана туралы шырқалған шуақты әнмен келушілердің көңілін жадыратты. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»  АЛМАТЫ