Астана тұрғындары мен қонақтары және бүкіл Қазақстан халқы елорданың 18 жылдық мерейлі мерекесін салтанатты түрде атап өтуде. Осыған байланысты өткен он сегіз жыл ішіндегі Астананың даму үрдісін нақты цифрлар тілімен саралап, елорданың өсу, өркендеу деңгейімен танысып көрейік.
1998 жылы Астананың жалпы өңірлік өнімі (бұдан әрі – ЖӨӨ) 60533,1 млн. теңгені құраса, 2015 жылғы алдын ала қорытынды бойынша елорданың ЖӨӨ ағымдағы бағалармен 4560578,9 млн. теңгені құрады. Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ 1998 жылғы 186,8 мың теңгеден 2015 жылы 5286,1 мың теңгеге дейін өсті. Өткен он сегіз жыл ішінде ЖӨӨ құрылымында айтарлықтай өзгерістер болды, егер 1998 жылы құрылыс пен өнеркәсіптің үлесі тиісінше 19,2% және 14,7% болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың осы секторының үлесі 10,1% және 3,7%-ды құрады. ЖӨӨ-дегі өнеркәсіп үлесінің айтарлықтай төмендегеніне қарамастан, 2015 жылы өнеркәсіп өндірісінің үлесі 20,2 млрд. теңгеден 343,6 млрд. теңгеге дейін өсті.
Қала өнеркәсібінде негізінен алғанда өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары басымдыққа ие, 1998 жылы кәсіпорындар үлесі 46,5% болса, өткен жылы 82,2%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымында да өзгерістер орын алды, машина жасау өндірісінің үлесі 6,8%-дан 22,1%-ға (
Астанада дизельді локомотив, жолаушылар вагоны, сұйықтықты айдайтын орталықтан тебетін сорғы, компрессорлар шығарылып, машиналар мен жабдықтарды жөндеу мен орнату саласында қызметтер көрсетіле бастады), резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 2,1%-дан 4,9%-ға, құрылыс материалдарын өндіру 17,1%-дан 23,7%-ға (
негізінен алғанда, бетоннан, тауарлы бетоннан, құрғақ құрылыс қоспаларынан өндірілген құрылыс бұйымдары мен құрылыс құрылғылары өндірілуде) анағұрлым өсті. 18 жыл ішінде тамақ өнімдерін өндіру көлемі қолданыстағы бағалармен 4,7 млрд. теңгеден 22,0 млрд. теңгеге дейін артты.
Елорда экономикасындағы оң серпін кәсіпкерліктің дамуына да қолайлы мүмкіндік берді, егер 1999 жылдың соңына тіркелген заңды тұлғалар саны 5782 бірлікті құраса (
шағын – 5325,
орта – 375,
ірі – 82), 2015
жылдың соңында 49144
бірлікке (
шағын – 48344,
орта – 515,
ірі – 285) жетті.
Инвестиция игілігі
Астана сыртқы, сондай-ақ ішкі ресурстар арқылы қамтамасыз етілетін экономикалық дамудың жоғары серпінімен ерекшеленеді. 2015 жылы Астананың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі алдын ала деректер бойынша 772,7 млрд. теңгеге жетіп, 1998 жылғы межеден 6,8 есе асып түсті. Осы кезең ішінде жекеменшік нысандағы кәсіпорындар ең жоғары көлемді игеруге қол жеткізді. Егер 1998 жылы оның үлесі 22,6%-ды құраса, 2015 жылы 65,7%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, меншіктің мемлекеттік нысанындағы кәсіпорындар мен басқа мемлекеттердің, олардың заңды тұлғалары мен азаматтарының меншігіндегі кәсіпорындардың негізгі капиталға салынған инвестицияларды игеру қарқынында айтарлықтай төмендеу байқалды.
Қаржыландыру көздері бойынша қаланың инвестицияларының жалпы көлеміндегі бюджеттік қаражат үлесі 1998 жылғы 67,8%-дан 2015 жылы 29,9%-ға дейін азайса, кәсіпорындар мен ұйымдардың меншікті қаражаты 19,6%-дан 55,2%-ға дейін өсті. 2015 жылы бюджеттік қаражат есебінен қаржыландырылатын негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 231,0 млрд. теңгені құрады.
Шетелдік фирмалармен бірлескен кәсіпорындардың қызметі қала экономикасына инвестиция тартуға мүмкіндік беретін экономикалық ынтымақтастықтың бір нысаны болып табылады. Астананың тәжірибесінде құрылысқа қаражат салумен қатар технологиялар, соның ішінде гранттық технология (
балалар ауруханалары, перзентханаларға арналған медициналық жабдықтар, халыққа жедел жәрдем және шұғыл медициналық көмек көрсету қызметіне қолдау көрсетудегі мамандандырылған автокөліктер) берудің әртүрлі нысандары жүзеге асырылды. Өткен жылдар ішінде шетелдік инвесторлар Ислам мәдени орталығы, «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, «АбуДаби Плаза» көп функциялы кешені, «Метро» сауда орталығы, Электровоз құрастыру зауыты, «Ramada Plaza» отелі және т.б. маңызды нысандар құрылысына айтарлықтай қаражат салды.
Құрылыс және сауда
18 жыл ішінде елордада жалпы алаңы 15430,1 мың ш. метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді, ал осы кезең ішіндегі өсім қарқыны 12,6 есеге дерлік артқан. Әрбір жыл сайын жалпы білім беретін мектептер іске қосылып, 46 мың оқушы орнына арналған білім ошақтары пайдалануға берілді. 18 жыл ішінде білім берудің барлық сатысындағы оқушылар саны 2,4 есеге өскенін ескерсек, бұл маңызды көрсеткіш болып табылады.
Өткен жылдардағыдай, елорда кәсіпорындары үшін аса көп бастапқы шығынды талап етпейтін және салымды жылдам қайтаруға мүмкіндік беретін сауда барынша дәстүрлі сала ретінде қалуда. 1998 жылмен салыстырғанда бөлшек сауда көлемі 20,9 есеге өсіп, 2015 жылғы жедел деректер бойынша 679845,8 млн. теңгені құрады, бұл халықтың орташа жан басына шаққанда тауар айналымының айтарлықтай өсуіне әсер етті, егер 1998 жылы ол 40,4 мың теңгеден келсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 788,0 мың теңгені құрады.
Бөлшек сауда айналымы сауданың мемлекеттік емес секторы есебінен қалыптастырылды. 2015 жылы аталған сектор 100%-ға (679845,8 млн. теңге, 1998 жылы 12,3 млн. теңге) жетті. 2015 жылы жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың базарларда тауар сатуына тауар айналымының жалпы көлемінің 25,5%-ы келсе, 1998 жылы 46,9%-ды құраған болатын. Базарлардағы сауда бағасының қолайлы болуына қарамастан, тұрақты сауда кәсіпорындарынан тауар сатып алуда тұтынушылар басымдығының біртіндеп қайта бағдарлануы байқалады, өйткені аталған сауда орындарында қызмет көрсетудің тиісті мәдени деңгейі үшін жағдай жасалған және сатылатын тауарлар сапасына бақылау жасау қамтамасыз етілген. Ресми тіркелген кәсіпорындардың бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 2015 жылы 506517,7 млн. теңгені құрады (бөлшек сауда тауар айналымының жалпы көлемінің 74,5%-ы), бұл 1998 жылғы көлемнен 20,2 есеге жоғары.
2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Кеден одағына мүше мемлекеттердің арасындағы өзара сауда статистикасы бойынша деректер жинауды қолға алған. 2015 жылғы алдын ала деректер бойынша кедендік одақ елдерімен сыртқы тауар айналымы 2422,0 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2011 жылғы көлемнен 62,7%-ға жоғары.
Біздің мемлекетіміздің жас астанасы ретінде, заманауи келбеті мен инфрақұрылымы бар қалаға қызығушылық күннен-күнге артып келеді, оған туризм саласын сипаттайтын көптеген көрсеткіштер дәлел. 2015 жылы Астана қаласында 160 қонақүй (жеке кәсіпкерлер қызметін қоса алғанда) жұмыс істеп тұрды. Мысалы, 2000 жылы қалада 18 қонақүй ғана тіркелген (жеке кәсіпкерлер қызметін қоса алғанда) болатын. 2015 жылы қала қонақүйлері 722,8 мың келіп-кетушіге қызмет көрсетті.
Көліктік логистика
Қала Оңтүстік және Орталық Қазақстанның, Батыс Сібір мен Оралдың, Поволжья мен Ресейдің орталығымен экономикалық байланыстар арқылы негізгі көліктік жүк ағыны тоғысатын географиялық өлке болып табылады. Бүгінгі Астана – республикалық автомобиль және теміржолдарды, әуе желісі жолдары тоғысатын, басты көліктік күретамырларды байланыстыратын ірі көлік торабы.
2015 жылы автокөлік құралдарының жүк айналымы 10404,0 млн. ткм-ді құрады, ал 1998 жылы 24,2 млн. ткм-ді құраған. 1998 жылы қала көлігімен (көліктік емес ұйымдардың және жүк автокөлігі бар және коммерциялық тасымалмен айналысатын жеке тұлғалардың жүк тасымалдау көлемін бағалауды есепке алғанда) 0,7 млн. тонна, ал 2015 жылы 142,5 млн. тонна жүк тасымалданды.
Жеке кәсіпкерлердің тасымалын қоса алғанда қаланың автомобиль көлігімен 1998 жылы 39,7 млн. адам, 2015 жылы 2279,0 млн. адам тасымалданған, сонымен қатар, жолаушы айналымы 1998 жылы 499,2 млн. жкм-ді, ал 2015 жылы 18364,6 млн. жкм-ді құрады.
2015 жылы қаланың байланыс кәсіпорындарымен көрсетілген қызметтер көлемі 146389,7 млн. теңгені, 1999 жылы 132,4 млн. теңгені құраған. 2015 жылы байланыс қызметін көрсетуден түскен табыстар құрылымында жедел әрекетті байланыс 65,3%-ын, интернет – 17%-ын, қалааралық, халықаралық байланыс түрлері – 1,3%-ын, жергілікті телефон байланысы – 2,1%-ын, байланыстың өзге де түрлері 14,3%-ын алады.
Халықтың жергілікті желіде тіркелген телефон желісінің саны 2016 жылғы 1 қаңтарға 186,8 мың бірлікті (1999 жылы – 65,8 мың бірлік) құрады. Цифрлы телефон стансаларына 259,1 мың желі қосылған. 1999 жылы кәсіпорындардың пошталық және курьерлік қызметтен түскен табысы 1,0 млн. теңгені, ал 2015 жылы 5174,9 млн. теңгені құрады.
Демографиялық өсім үрдісі
Елордадағы әлеуметтік-экономикалық өсім Астана қаласындағы халық санының артуына әсер етті. Өткен он сегіз жыл ішінде қала халқының саны 300,5 мың адамнан 2016 жылы қала күні мерекесі қарсаңында миллиондық межеге жетті, елорда халқының 1 ш. метрге келетін тығыздығы 1208,6 адамды құрады. 18 жыл ішінде елорда халқының құрылымында жынысы мен жасына қарай елеулі өзгерістер орын алды. Халықтың жалпы санында 0-15 жастағы (1998 жылғы 23,8%-дан 2016 жылдың басында 27,9%-ға дейін, тек 2015 жылы ғана елордада 26079 сәби дүниеге келді) балалар үлесінің артуы, 60 жастағы және одан асқан (10,4%-дан 7,1%-ға дейін) жас контингентінің азайғаны байқалды. Астанада осындай жас құрылымы негізінен алғанда көші-қон үдерісі әсерінен қалыптасты. Еңбекке қабілетті жастағы халық санының өсуі елордаға жұмысқа орналасу мен білім алу мақсатында келгендер есебінен қалыптасты. 2016 жылдың басында еңбекке қабілетті жасқа толмаған халықтың саны 242909 адамды (27,9%), еңбекке қабілетті жастағылар 567509 адамды (65,0%), еңбекке қабілетті жастан асқандар саны 62201 адамды (7,1%) құрады. Ерлер үлесі 1,6 пайыздық пунктке өсіп, (1998 жылғы 46,6%-дан 2015 жылы 48,2%-ға дейін) 2016 жылдың басында 420719 адамды құрады. Әйелдер үлесі 53,4%-дан 51,8%-ға дейін өзгерді.
2015 жылы елордада халықтың табиғи өсімі 22225 адамды құрады, бұл 1998 жылға қарағанда 17,0 есе көп. Астанадағы халық санының өсуі білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің, ұстаздар мен медицина кадрлары санының артуын қажет етеді.
Әлеуметтік әлеует
Қалада мектепке дейінгі 188 ұйым жұмыс істейді, бұл 1998 жылғы деңгейден 3,9 есе көп, сонымен қатар тәрбиеленушілер саны 34454 баланы құрап, 3,5 есеге өсті. 18 жыл ішінде мектептер саны 48 бірлікке артып, 99 бірлікті құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бүгінгі күні қалада екі мектеп – «Тұңғыш Президенттің физика-математика бағытындағы зияткерлік мектебі» мен «Тұңғыш Президенттің химия-биология бағытындағы зияткерлік мектебі» жұмыс істейді. Мектептер дарынды балаларға арнап құрылған.
Астана қаласының барлық мектептерінің өз арсеналында интерактивті тақталар мен мультимедия кабинеттері бар. ЖОО студенттерінің жалпы саны оң серпінге ие, бұл жоғары білімнің беделі мен маңыздылық мәртебесін айғақтайды. 2015/2016 оқу жылының басында қалада 14 жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. 1998/1999 оқу жылымен салыстырғанда ағымдағы жылы студенттер саны 3,1 есеге (51235 адамға) артты.
Сонымен бірге, Астана егемен еліміздің басты мәдени орталығы болып табылады. Қалада 47 тарихи және мәдени ескерткіш бар (35-і – қала құрылысы және сәулет, 12-сі - археология ескерткіші). Қалада 6 театр, 30 кітапхана (білім беру мекемелері жанындағы кітапханаларды есепке алмағанда), 7 мұражай, 1 цирк, 6 кинотеатр, балалардың 3 музыка мектебі, 2 өнер мектебі, 1 көркемсурет мектебі, 1 өнер академиясы жұмыс істейді.
Елорданың тұрақты дамуы, отандық кәсіпкерлердің ірі мегаполис нарығындағы қызметке жоғары деңгейде негізделуі Астананың қарқынды дамуына, еліміздің саяси, іскерлік және мәдени орталығы ретінде мәртебесінің нығаюына жағдай жасайды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында «экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қалыптастырудың маңыздылығын» атап көрсетті. Өзінің 18 жыл даму үрдісінде Астана экономикалық дамудың нағыз өңірлік драйверіне айналды.
Жанар СЕРІКБАЕВА,
Астана қаласы статистика департаменті басшысының орынбасары