06 Шілде, 2016

Елдігіміздің тірегі

397 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ERA_9532Тәуелсіз Қазақстанның елордасы 18-ші туған күні қарсаңында қарқынды даму жолына түсіп, алып мегаполиске, өңіраралық өзара іс-қимыл, инвестициялық тартымдылық, халықаралық ынтымақтастық орталығына айналды. Кешегі қатардағы облыс орталығын бүгінгі төрткүл дүние түгел таныған әлемдік шаһарға айналдыру үшін үлкен күш-жігер жұмсалды. Бірнеше жыл бойы Астана ор­талық мемлекеттік органдардың тұрақты назарына алынып, мемлекет қазынасынан қомақты қаржы бөлуді талап етті. Мәселен, орталық елорданы дамытудың негізгі бағыттары мен оның қар­қынын айқындады. Басты ба­сымдықтардың бір парасы 2001-2005 және 2006-2010 жылдарға арналған даму бағдарламаларында («Астананың гүлденуі – Қазақ­станның гүлденуі») көрініс тапқан. Соңғысын жүзеге асыру жолында ел қазынасынан 514,1 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Алайда, біртіндеп қаладағы ахуал өзгеріп, Астананың сырттан инвестициялық қаржы тарту әлеуеті артты. Еліміздің бас ша­һарына құйылған инвестиция еселеніп, экономикалық жағдайы нығайды. Оған 2001 жылы «Астана – жаңа қала» еркін экономикалық аймағының құрылуы игі әсерін тигізгені хақ. 2010 жылдан бас­тап қалалық билік бес жылдық мерзімге арналған Астананы дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заңының алғашқы нұсқасына сәйкес олар бұған дейін қалада ха­лықаралық шараларды өткізуге қажетті жағдайларды ұсынумен шектелген. Ал қолданыстағы заң елорданы дамыту мүддесін халық­аралық ынтымақтастық аясында нығайтуға жол ашты. Сөйтіп, 2015 жылы Астана республикалық бюджеттің донорлары қатарын то­лық­тырып, ел қазынасына 850 млрд. теңгеден астам қаржы аударған. Шаһардағы халықтың тұрақты түрде көбеюі – елорда дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. 1994 жылы жергілікті тұрғындардың қатары бар-жоғы 300 мыңды құ­раса, биылғы жылы миллиондық межеге дейін өсті. Оның дені елі­міздің басқа өңірлерінен қо­ныс аударатын тұрғындардың ен­шісіне тиеді. Өмір сүру дең­гейінің жоғарылығы, екі қолға бір күрек табу мүмкіндіктері, инфрақұрылымның және өмірді қамтамасыз ету жүйелерінің қа­лып­тасуы Астанаға деген қы­зы­ғушылықты арттыруда. Адами капитал елорданың стратегиялық қоры ғана емес, жергілікті биліктің жауапкершілігі мен тұрақты қадағалау факторына айналды. Сонд­ықтан халықтың өмір сапасы мен деңгейін арттыру қала билігі қызметінің негізгі бағытына айналды. Қазақстанның бас қаласы өзінің кәмелеттік жасқа енді толғанына қарамастан, әлемдік деңгейде мойын­далды. 2014 жылдың қа­зан айында Астана Intelligent Communities Forum (АҚШ) бойын­ша әлемнің интеллектуалды қа­лаларының тізіміне еніп, 21-ші орынды иеленді. Астанамен жер-жаһанның түкпір-түкпіріндегі 22 қала байланыс көпірін орнатуы да аса маңызды. Олардың ара­сында Анкара, Варшава, Мәс­кеу, Пекин, Сеул сияқты ас­та­намен қа­тар Питтсбург (АҚШ) және Ницца (Франция) іс­петті қарапайым қала да бар. Олар­дың әрқайсысының өзін­дік тарихы, бірегейлігі, ерек­шеліктері және даму деңгейі бар. Белгілі мә­селелердің түйінін тар­қатуда атал­мыш шаһарлардан Аста­наның түйіп алары да аз емес. Бірақ қаланы дамытудың қазіргі үрдістерін және мол тәжірибені қаперге алсақ, елорда өзіндік дамудың даңғыл жолына түскен. 2011-2015 және 2016-2020 жыл­дарға арналған Астананы дамыту бағдарламасына жүргі­зілген талдау халықтың және қа­ла билігінің қажеттілігі арт­қанын көрсетеді. Егер алғашқы бағдарламада 5 бағыт және 14 мақсат қарастырылса, ал қолда­ныстағы бағдарламада олар сәй­кесінше 6 және 20-ға дейін артқан. Қазіргі кезеңде орташа мерзімді басымдықтағы негізгі міндет тең­дестірілген экономикалық дамуды, қолжетімді және сапалы білім беруді, тиімді еңбекпен қамтуды және халықты әлеуметтік қорғауды, қоғамдық тәртіпті және астаналық тұрғындар мен мей­мандардың қауіпсіздігін, қаланың кешенді құрылысын, тұрғын үй қорын дамыту және жаңартуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте тиісті мақсаттар мен міндеттер тек жергілікті дең­гейде ғана емес, Қазақстанды халық­аралық деңгейде таныту мақсатында Астананың келбетін ажарландыру тұрғысынан да маңызды. Бас қала кез келген мемлекеттің бет-бейнесі екен­дігі көпшілікке мәлім. Бұл ба­ғытта Астананың жүйелі дамуы процестерінің қаланы гүлден­ді­рудің қазіргі үрдістеріне сәй­кес­тігі баса назар аударуды талап етеді. Бүгінгі Астана барлық көр­сеткіштер бойынша аймақтық қала саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт Жоспарында ел­орданы барлық аймақтағы зерт­теушілерді, студенттерді, кә­сіпкерлерді және туристерді тар­татын іскерлік, мәдени және ғы­лыми орталыққа айналдыруды жүк­теді. Бұл бағытта Астананың алдымен Орталық Азиямен шектелген аймақтық шеңберін кеңейту қажет. Мемлекеттік билік Астананың әлеуетін аймақтың шеңберлермен шектеуге мүдделі емес. Есесіне ұзақ мерзімді басымдықта бас қа­ланы жаһандық шаһардың деңгейіне шығару діттелген. Тиісті мақсаттар мен міндеттер елорданың 2050 жылға дейін әлемнің 10 үздік қаласы рейтингісіне кіру тұжы­рымдамасында айқындалған. Ма­ңызды құжат 2014 жылдың жел­тоқсанында ел Үкіметінде құп­талды. Басты мақсаттар бойынша Астанада ауылшаруашылық шикізатты қайта өңдеу және шығару инфрақұрылымын қалыптастыру, ғылыми қамтымды экономиканы арттыру, баламалы қуат көздерін дамыту, өмірді қамтамасыз етудің барлық жүйелерін кезең бойынша жаңғырту жоспарланған. Урбанизацияның артуы да маңызды үрдістердің біріне айналды. БҰҰ бағалауына сүйенсек, әлемнің қалаларындағы халық саны 1950 жылы 746 млн. адамнан 2014 жылы 3,9 млрд. адамға дейін күрт артып, 2045 жылы 6 млрд. адамға жетеді деп жос­парланған. Уақыт тудырған мәселелерден Астана да кенде емес. Ол Урбанизацияның жолдағы кеп­телістер, қоршаған ортаның лас­тануы, еңбек нарығындағы бәсе­келестік, криминогендік ахуал секілді жағдайлар. Бұл ба­ғыт­та Астана билігінің алдында, бірін­шіден, қала тұрғындарын ың­ғайлы және қолжетімді бас­панамен қамтитын тұрғын үй ке­шенін кеңейтуге, халықтың өмір сапасын жақсартуға, екіншіден көші-қон ағындарын реттеуге байланысты келелі міндеттер тұр. Кезекті қалыптасқан үрдіс­тердің бірегейі – қалалық агло­мера­цияларды қалыптастыру. Мегаполистердің айналасында шағын қалалар және басқа елді мекендер топтасады. Олар бірте-бірте қарқынды экономикалық, көлік, мәдени және өзге байланыс­тармен бірыңғай жүйені құрады. 2013 жылдан бері Қазақстанның ұзақ мерзімді өсу полюсі ре­тінде Астана агломерациясын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өзек-қала ретінде Ас­тананың қамқорлығымен Ал­тынсу, Қызылжар, Максимовка, Талапкер және басқа елді мекендер ажарлана түспек. Оның аясында инфрақұрылымды қамтамасыз ету, индустриялық аумақтарды құру және азық-түлік белдеуін дамыту шаралары қарастырылған. Алдағы уақытта елорданың айналасында контрмагнит қалалар салынады. Олар көші-қон ағындарын қабылдап, бас қалаға түсетін жүк­темені азайтады. Соңғы уақытта қалалық да­му­дың күн тәртібіне «ақыл­ды» қала жобасын енгізу мә­се­­лесі ұсынылған. Олар ақпа­рат­тық-коммуникациялық тех­нологиялардың және ин­но­ва­циялардың жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Бұл өз кезегінде қолайлы қалалық ортаны құруға және қалалық қауымдастық ішіндегі тұлғааралық және әлеу­меттік байланыстарды кеңейтеді. Қалалық билік мүдделі жеке тұлғалармен әріптестік орнатып, «Смарт Ас­тана», «Қауіпсіз қала» және бас­қа жобаларды жүзеге асыруда. ЭКСПО-2017 халықаралық м­а­мандандырылған көрмесінің өт­кізілуі де жауапкершілікті арттырады. Қуатты үнемдеу және қуаттың баламалы көздерін пайдалану саласында Астанаға шетелден жаңа технологияларды тартуға байланысты үміт мол. Бүгінде Астана толағай табыс­тардың ордасына айналғаны сөзсіз. Бірақ жетілдіруде де шек жоқ. Орташа және ұзақ мер­зім­ді сипаттағы амбициялық мақ­саттарды белгілесек, ағымдағы және шешілмеген мәселелерді қаперге алған абзал. 27 сәуірде Елбасының қатысуымен Астананы дамыту және ЭКСПО-2017 даярлау мәселелері бойынша өткен жиналыс олардың тапшылығын көрсетті. Тұрақ жүйелерінің жоқтығы, жер ресурстарын жет­кілікті түрде тиімді пайдаланбау, инновациялық салаға шағын жә­не орта кәсіпкерліктің қатысуы сылбыр, үлестік құрылыс аясында бой көтеретін проблемалық нысандардың болуы және басқалар бар. Сондықтан қалалық әкімдіктің атқарар жұмысы жеткілікті. Астананың өзіндік миссиясы бар екендігі даусыз. Оның аясында Қазақстан елордасы дамудың жалпы стандарттарын белгілейтін өңірлердің және қалалардың нақты көшбасшысы, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар кеңістігі ретінде қалыптасуы, сонымен қатар, өңірлік орталықтан біртіндеп әлемдік деңгейдегі қалаға айналуы қарастырылған. Ендеше, Астананы дамытудың жаңа көкжиектеріне қол жеткізу барлық тұрғындардың бірлесе жұмылатын ортақ ісіне айналуы қажет. Андрей ЧЕБОТАРЁВ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының сарапшысы