Қазақстанның мәртебесі жоғары
Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты Орталық Азия мемлекеттерінің дипломаттары да ізгі тілектерін жеткізіп жатыр. Бұл орынды да. Өйткені, Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан аталған Кеңеске мүше болып сайланды.
Чинар РУСЛАМОВА,
Түрікменстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
– Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты мен де өз құттықтауымды жеткізгім келеді. Қазақ халқы түрікмендермен бауырлас, дос, туыс. Бізді тек шекара ғана бөліп тұр. Ал, шын мәнінде біз бір халықпыз. Мыңдаған жылдардан бері бірге тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Сондықтан, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Кеңесіне мүше болуын біз де зор қуанышпен қабылдадық. Бұл Қазақ елінің әлемдік деңгейде мәртебесінің биік екендігін тағы бір көрсетіп берді.
Шынын айту керек, Қазақстан әр уақытта бейбітшілікті, тұрақтылықты ынтымақтастықты басым бағыт ретінде ұстанып келеді. Тәуелсіз Қазақ елінің осындай сындарлы саясатына көршілес жатқан Азия мемлекеттері ғана емес, әлемдегі басқа да бейбітшіл мемлекеттер қолдау білдіріп отыр.
Түрікменстанда қазақ диаспорасы көп. Мәселен, біздің отбасы қазақ халқының салт-дәстүрімен жақсы таныс. Қазақтарды қонаққа шақырған кезде, міндетті түрде бәріміздің сүйікті асымызға айналған қазақша асылған етті алдына тартамыз. Ал Түрікменстанда тұратын бауырларымыз біздің ұлттық тағамдарымызды дайындаудың қыр-сырын жақсы біледі.
Қазақстан мен Түрікменстан арасында экономикалық байланыс өте жақсы. Бұл ретте Қазақстан – Түрікменстан – Иран арасындағы трансұлттық теміржолы ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейте түсті. Енді Парсы шығанағымен Қытайдың нарығына тікелей шығуға мүмкіндік алдық. Бауырлас елдер арасындағы өзара ынтымақтастық қарым-қатынас алдағы уақытта да дами беретініне сенімім мол.
Қанайым БАҚТЫҒУЛОВА,
Қырғыз Республикасының Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
– Қазақстанның жоғары өкілетті органға сайлануы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бедел-абыройының асқақ екендігінің айқын көрінісі. Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген басшылығының арқасында Қазақстан әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету бағытында батыл қадамдар жасап келеді. Сондықтан, Қазақстанның осындай саясатына көршілес жатқан елдер де әрдайым қолдау білдіреді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлау болған кезде Қырғыз Республикасының Қазақстанды қолдап, дауыс беруінің мәнісі де осы.
Қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан әрдайым әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерді көтеріп келеді. Мәселен, Семей ядролық полигонының жабылуы, Орта Азия аймағында ядролық сынақтарды тоқтату жөніндегі келісім, Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілікті қалыптастыру туралы жалпыға ортақ декларациясының қабылдануы және басқа да бейбітшілік бағыттағы маңызды шешімдердің жүзеге асуы, міне, мұның бәрі Қазақстан тарапынан игі қадам еді. Осындай сындарлы саясаттың нәтижесінде Қазақстанның беделі халықаралық кеңістікте одан әрі нығая түсті. Енді Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың жалғаса беретіндігі сөзсіз.
Парвиз ДАВЛАТЗОДА,
Тәжікстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
– Айтулы оқиғаға байланысты Қазақстан халқын шын жүректен құттықтаймын. Шынында да бұл мерейлі мәртебе. Мұны біз де асыға күткен едік. Енді Қазақстан барлық Орталық Азия мемлекеттерімен, оның ішінде Тәжікстан да бар, стратегиялық әріптестікті сақтай отырып, жаңа биіктерге ұмтылатыны сөзсіз. Бұл ретте Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде біздің аймақтың мүддесін лайықты қорғай алатынына кәміл сенемін. Өйткені, дәл қазіргі сәтте біздің елде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ең қажет және өзекті мәселе болып отыр.
Жазып алған
Садық ӘКІЖАНОВ,
«Егемен Қазақстан» – Бейжіңнен
Қытай Халық Республикасы