Көне замандардан бері адамзатты алаңдатып, талайлардың өмірін жалмап келе жатқан құрт ауруымен (туберкулез) күрес еліміз бойынша жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Нақтылай айтқанда, Үкіметтің 2007 жылдың 21 желтоқсанында қабылдаған «Қазақстан Республикасындағы халықты туберкулезден қорғау шаралары туралы» қаулысына, туберкулезге қарсы шараларды жүзеге асыруды үйлестiру жөнiндегi ведомствоаралық жұмыс жоспарына және аталған мәселеге қатысты барлық нормативтiк актiлерге сәйкес нақты шаралар қолға алынуда. Әсіресе, еліміздің шалғай жатқан аудандарында туберкулезге қарсы күресті күшейту ісі уақыт талабына сай жолға қойылып отыр. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерінде жүзеге асырылып келе жатқан игі істер сөзімізге дәлел бола алатындай.
Бұл мекеме алғаш рет сонау 1960 жылы Бәйдібек ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылында ашылған болатын. Содан бері халыққа үздіксіз қызмет көрсету үстіндегі диспансер заман ағымына сай дамып келеді. 1964 жылы ауласы қоршалып, 1 мыңнан астам қара тал, 500 дана жеміс ағашы отырғызылып, іргелі мекемеге айналған емдеу мекемесі құрылымдық жағынан да жетілдірілуде. Мәселен, 1965 жылы мұнда клиникалық зертхана және балалар бөлімі ашылса, ал 1970 жылы бактериологиялық зертхана құрылған еді.
Әр жылдарда диспансерді басқарған, бас дәрігерлік қызмет атқарған бірқатар азаматтардың есімі бүгінде жергілікті халықтың жадында сақтаулы. Атап айтқанда, Кенжетай Мамеков, Арап Дауылбаев, Мамаюсуп Мамадияров және Әуесхан Шатырбаев сынды бас дәрігерлердің еңбегі ел есінде.
Бүгінде Бәйдібек ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерді білікті, тәжірибелі маман Талғат Ақбаев басқарып келеді. 1999 жылдан бері осы мекеменің тізгінін ұстап келе жатқан Т.Ақбаев – өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білген азамат.
Диспансер қызметінің сапалы болуы дәрігер-мамандарға тікелей байланысты екені белгілі. Осы орайда ұжымда белсенді қызмет етіп жүрген Нина Құлтасова, Гүлнар Ақбаева, Саера Хадиметова, Мақсат Жолаев, Меруерт Ағыбаева сынды дәрігерлерді ерекше атап өткеніміз орынды.
Соңғы жылдарда диспансерде көптеген жағымды жаңалықтар болды. Енді осыған қысқаша тоқтала кетейік.
Диспансерге арналып 2010 жылы ескі ғимарат орнына жаңа жай салынып, ол 2012 жылы толық пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2 бөлім стационар, емхана, бактериологиялық, клиникалық зертханалар, рентген кабинеті, дезинфекциялық камера, физиотерапевтік кабинет, дәріхана, асхана, кір жуу бөлімі заман талабына сай жабдықталды.
Жалпы, бұл жауапкершілігі мол салада аурудың алдын алу, емдеу-сауықтыру шараларының жаңа әдіс-тәсілдерін игеруде қол жеткізілген табыстар баршылық. Соңғы жылдары туберкулезге шалдығу көрсеткіші төмендеп, тұрақталып келеді. Нақтылай айтқанда, 1999 жылы туберкулез дертіне алғаш шалдыққан аурулар саны ауданда 80-85 адам болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 30 адамға кеміген. Ал сол 1999 жылы туберкулездің асқынған түрімен 12 адам тіркелсе, қазір ауданда соңғы 4-5 жыл көлемінде мұндай науқастар мүлдем тіркелмеген. Туберкулезден қайтыс болғандар саны да ең төменгі деңгейде. Мұның барлығы диспансердің заман талабына сай жабдықталып, науқастарға қызмет көрсету сапасының едәуір жақсарғанын көрсетеді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Бәйдібек ауданы
Суретте: Бәйдібек ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Талғат АҚБАЕВ