08 Шілде, 2016

Қызыққа толы «Қымызмұрындық»

577 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2Елорда күніне арналған шаттыққа толы шаралардың бір легі «Жерұйық» саябағында жалғасын тапты. Онда киіз үйлер бой көтеріп, Ұлы Дала халқының басты сусыны қымызға арналған «Қымызмұрындық» халықаралық этнографиялық фестивалі өткізілді. Айта кетейік, қалада 1992 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан бүгінгі этнографиялық мерекенің тақырыбы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ЭКСПО-2017 көрмесі болды. Оны өткізу идеясы еліміздің өзге өңірлерінде Алматы, Павлодар, Тараз, Шымкент және басқа қалаларда да қолдау тапты. Бірнеше күн бойы көк шалғында ұлттық нақышта безендірілген 10 киіз үй тігіліп, мол дастарқан жайылып, көпшілікке ұлттық тағамдар: құрт, бауырсақ, ірімшік, шұбат пен қымыз ұсынылды. Ал кіреберісте қолданбалы өнер көрмесі күтіп тұрды. Сонымен қатар, этноауылда алтыбақандар орнатылып, жігіттер мен қыздар сауық-сайран құрып, ән айтып, балуандар күш сынасып, шеберліктерін сынға салды. Фестивальдің ашылу рәсімінде қымызды насихаттауға арналған театр­ландырылған қойылым көрсетілді. Мұнымен қоса, келушілер шара барысында қымыз туралы білімін тексеріп, қымыз ішуден жарысып, қол күрес, арқан тарту және т.б. сайыстарды тамашалады. Астана күніне орай ұйымдастырылған айтулы шараға көршілес Қырғызстан, Омбы, Алтай, Якутия сынды ұлттық сусынды дәріптеуші аймақтардың өкілдері де келді. «Біз Астанаға жету үшін 18 сағат бойы ұштық. Өзімізбен бірге керемет қымыз алып келдік. Фестиваль барысында халыққа өз сусынымызды ұсынып, қалыңдықты киіндіру дәстүрін көрсетпекшіміз. Сонымен бірге, әртістеріміз хомуз деп аталатын ұлттық аспапта ойнайды», – деді Якутиядан келген мейман Яна Игнатьева. Өткізіліп келе жатқанына 24 жыл болған фестиваль биыл бірінші рет халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып отырғанын айта кетсек дейміз. Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты дәріптеп қана қоймай, ұлттар достығына да игі әсерін тигізетін, татулыққа үндейтін тағылымды шара өнерпаздардың өнерімен өз жал­ғасын тапты. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» 1 3