Өткен аптадағы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова республикадағы кәсіпорындардың өз жұмысшыларына жалақы қарызы 1 миллиард 600 миллион теңгені құрайтынын айтты.
Оның ішінде үш айға дейінгі ағымдағы берешектер 514 миллион теңге, үш айдан өтіп кеткен берешек шамамен 134 миллионды құрайды екен. Банкротқа ұшыраған кәсіпорындардың берешегі 955 миллион теңгеге жеткен. Бұл айтуға оңай болғанымен артында зілдей салмағы бар үлкен мәселе. Жұртшылықтың есінде болар, осыдан біраз бұрын Елбасы сол кездегі Бас Прокурор Асхат Дауылбаевқа жалақы қарызы туралы мәселеге қатаң қадағалау жасау туралы тапсырма берген болатын. Сонда министр айтып отырған бүгінгі көрсеткіш прокурорлық қадағалаудың қауқарсыз болғанын байқатпай ма?
Табанақы, маңдай терінің ақысын ала алмаған адам ашынады, әрине. Ашынған адам арыз жазады. Осылайша «Егемен Қазақстанның» Алматы бөлімшесіне Хамит Сабырбаев деген азамат та арыз алып келіпті. Оның айтуынша, өзі жұмыс істеп жатқан мекеме басшылығы ауысымы біткен соң оны үйіне қайтармай келесі ауысымға мәжбүрлеп қалдырады. Нәтижесінде екі күн, екі түн қатарынан қарауылда тұрған ол көлігінің рөлінде ұйықтап кетіп, апатқа ұшырайды. Несиеге алған машинасының сау-тамтығы қалмай, өзі ауруханаға түсіп, ота жасатып, екі ай емделген оған мекеме тарапынан ешқандай жәрдем болмайды. Жәрдем бермек тұрмақ, жұмысына қайта шығайын десе, оны қабылдамай әуре-сарсаңға салады. Шарасы таусылған Х.Сабырбаев «Егеменге» жүгінуге келген екен.
Біз Х.Сабырбаевтың арызын ол жұмыс істейтін мекеме орналасқан Алматы қаласының Жетісу аудандық прокуратурасына жолдадық. Арадан бір айға жуық уақыт өтер-өтпестен аудан прокуроры Нариман Бекназаровтан редакцияға хат келді. Х.Сабырбаевтың арызы тексеріліп, онда айтылған жәйттар дәлелденіп, мекеме басшылығы арыз иесіне материалдық және моральдық шығынын өтеп беріпті. Прокурорлық қадағалаудың пәрменділігі деген осы емес пе?
Ал енді осыған кереғар жағдай туралы айтайық. Жақында редакцияның Алматы бөлімшесіне кәсіпкер Дәуір Мұратбаев арыз алып келді. Ол басқарған «Трал-тасымал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ақмола облысы, Аршалы ауданындағы «Аршалы-Неруд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде келісімшартпен жұмыс істейді. Міндет орындалған. Бірақ 3-4 айдың 11 миллион 800 мың теңге жалақысын әлі күнге ала алмай жүр екен.
Аршалы аудандық прокуратурасына Дәуір Мұратбаевтың арызын жібердік. Бес-алты айдың жүзі болды. Тым-тырыс. Міне, прокурорлық қадағалаудың пәрменсіздігі деген осы емес пе?
«Қазіргі уақытта бұл бағытта Бас прокуратурамен, Қаржы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде», деді министр Тамара Дүйсенова. Нәтижесін уақыт көрсетеді. Біз де күтеміз, әзірге.
Шарафаддин ӘМІРОВ,
Егемен Қазақстан»