08 Ақпан, 2011

Әкім есеп берді. Ел не деді?

551 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Ертеңгі жұмыстың өзегі

Мемлекет басшысының тапсырмасымен аудан әкімдерінің дәс­түрлі қорытынды есебі ақпан айының  алғашқы күндерімен тұспа-тұс келді. Жиындарда халықтың әл-ауқатымен қатар, ер­теңгі күнге деген сенімі де арта түскені анық аңғарылды. Олар ағым­дағы ұсақ-түйек мәселелерден гөрі жалпыхалықтық мақ­сат­тарға ден қойып, ортақ игілік үшін істелетін жұмыстарға назар аударды. Еңбекшіқазақ ауданының әкі­мі Әлихан ТОЙБАЕВТЫҢ ауданның 2010 жылғы әлеу­мет­тік-экономикалық даму қоры­тын­­дылары мен алдағы өр­кен­деу бағытын қамтыған баянда­ма­сында тиянағы келтірілген жұмыстар жүйелі жеткізілді. Расында, өткен жыл аудан халқы үшін табысты болып, бюджетке 15 млрд. 161 млн. теңге түсіпті. Сонымен қатар, Жолдаудағы жа­ңа индустриялы технология­лар­ды қолдану арқылы өнеркәсіп пен инфрақұрылымдарды, құры­лыс және өнім өңдеу саласын дамыту, азық-түлік белдеуін жасау қажеттігі сөз болды. Ауданда 230 кәсіпорын, 13 мыңға жуық шаруа қожалық­та­ры өз жұмыстарын жүйелі жол­ға қойыпты. Олардың даму үрді­сіне көз жүгіртсек, өндірілген өнім көлемі 32 млрд. 545 млн. тең­геге жетіпті. Тамшылата суару әдісі өткен жылы 624 гектар­ға қолда­нылса, биыл оның кө­лемін 3 есеге арттыру көздел­ген. Мұндағы 125 жылыжайдың 104-і өнім беруде. Өткен жылы олардан қала хал­қына 3,3 мың тонна көкөніс ұсы­нылғанын азық-тү­лік қорына қо­сылған қомақты үлес деуге бола­ды. Өнеркәсіп өнім­ділігі 14 млрд. 570 млн. тең­гені құрап, жүздеген жұ­мыс ор­ны ашылған. Өткен жыл­дың бедерінде аталған шаһар­да жаңа аурухана мен күніне 500 адамды қабылдайтын емхана ел игілігіне қызмет ете бастаған. Басқа да оң істер аз емес. Жарыссөзге шыққандар ау­ыл­дарды басып өтетін күрежол бойына бағдаршам орнату, Шелек аймағының малшы қауымы үшін Теректі асуы арқылы Асы жай­лауына апаратын төте жол салу мәселесін көтерді. Тұрғын үй мәселесі де сөз болды. Әкім бар­лық сұрақтарға байыпты жауап беріп, орындалу мерзімін белгіледі. *** Облыста Панфилов ауданы­ның өзіндік орны бар. Аудан әкімі Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ жұртшы­лық алдындағы есебінде қоғамды демократияландыру арқылы билік пен халық арасын жақын­да­тудың тиімді жолы бүгінгі есепті кездесу екеніне тоқталды. Осыған дейін ауылдық округтерде 15 жи­ын өткізілген. Жұртшылық ол кез­де­сулерде өткен жылы ұсы­ныл­ған  пікір-өтініштердің қалай орындал­ғаны туралы сауал тастап, нәти­жесіне риза пейіл білдірді. Аудан әкімі бұл жұмыстар ту­ралы аудандық мәслихат де­путат­тарының алдында есеп беріп, онда аймақтың әлеуметтік-эконо­микалық, мәдени дамуы жайында кеңінен баяндаған. Қазіргі кезде ауданның 2011 – 2015 жылдарға ар­налған даму бағдарламасы бо­йынша жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Өңірдегі басты бағыт ауыл шаруашылығы болғандық­тан, өткен жылы осы салада өнді­рілген өнім мөлшері 14,9 млрд.теңгеге жетіпті. Жүгері өндіру жылдан-жылға көбейіп, облыста өндірілген бар­лық өнімнің 35,5 пайызын құ­рапты. Астық дақылдарын өсіру­де де нәтижелі жұмыстар аз емес. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациясының қолдауы­мен шағын шаруа қожалықтарын біріктіру арқылы «Арман» ауыл ша­руашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Аталған өнді­ріс­тің ба­за­сында ауыл шаруашы­лы­ғы өнім­дерін дайындап сақтай­тын, қайта өңдеуден өткізетін орталық құруға 150 млн.теңге қар­жы бөлінген. Сондай-ақ, «Аман-Кел» серіктестігі жаңа ин­тен­сивті технологияны пайдалану арқылы жүгері мен соя өсіруді қолға алған. Жеке серіктестіктер құс өсіріп, инкубациялау істерін жалғастырып отыр. Жалпы алған­да, жеке шаруа қожалық­тары мен кәсіпкерлердің бастамасымен азық-түлік, кондитерлік өнім, та­ғы басқа тұтынушыға қажетті тауар өндіру жұмыстары жанданып отыр­ғанына әкім тоқталып өтті.  Шағын және орта кәсіпкерлік са­ласында 20675 адам жұмыс істейді екен. Жиында  ауданның бас дәрі­ге­рі Төлеу Сарпеков, ардагерлер ке­ңесінің төрағасы Сағымбек Ұш­баев, Жаркент қаласының тұрғы­ны Құрбанбүбі Ашимова, «Арман» өндірістік кооперативінің төрайымы Тұрсынай Жанта­ғұ­ло­ва және басқалары сөйлеп, көпті толғандырып жүрген көкейкесті мәселелерді ортаға салды. Оның қатарында, әдеттегідей, жол жөн­деу, тұрғын үй, несие алу мә­се­ле­лері қозғалды. Сонымен бірге аудан әкімінің жыл ішінде атқарған жұмысына жұртшылық қанағат­та­нарлық деген баға берді. *** Бақ дарып, қызыр қонған Жам­­был ауданында да әкімнің есеп беру жиыны өтті. Аудан әкімі Махаббат БИГЕЛДИЕВТІҢ осы қыз­­метке та­ғайын­далғанына жыл жарым уақытқа жуықтапты. Осы мерзімде атқарылған жұмыстар ауқымы айтарлықтай. Әкім өз баян­­дамасын елімізде аса ма­ңыз­ды халықаралық шаралар­дың жал­­ғас тапқанынан бастады. Мем­­лекет басшысының Қазақ­стан халқына арнаған биылғы Жол­дауында айтылған тапсырма­лар­ды басшылыққа алу керектігіне тоқталып, белгіленген тың жос­парларымен сабақтастырды. Жалпы, жамбылдықтар 2010 жыл­­ды табысты аяқтаған. Өнер­кә­сіп саласында 5 млрд. 156 млн.теңгенің өнімі өндірілген. Был­тыр тікелей телекөпір арқылы құнды жобалардың қатарында «Таском» табиғи тастарды өңдеу зауыты іске қосылып, Үлкен кентінде Балқаш ЖЭС-інің құ­ры­лы­сы басталғаны қуаныш­ты оқиға­лар­дың тізбегінде. Аймақ­тағы «Жартас», «Үлкен-балық», «Қа­зақ сусындары» ЖШС-лері бү­­гінде халықаралық ИСО стан­дар­­ты­мен өнім шығаруды жал­ғас­тыруда. Ауыл шаруашылығы қа­лып­ты дамып, өткен жылы 11 млрд. 809 млн.теңгенің өнімі өндірілген. Жыл ішінде 4 млрд. 430 млн.тең­генің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, көптеген әлеуметтік нысандар салынды және ескілері күрделі жөндеуден өтті. Олар­дың қатарында аудандық мәде­ниет үйі­нің алаңы, орталық кітапхана, жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар бө­лімі, ау­дандық газет редакциясы және басқа да нысандар бар, деді әкім. Биылғы жылды «Жамбыл жы­лы» деп бастаған жыр алы­бының ұрпақтары осылайша әр күндерін іргелі істермен атап өтуге жұмылған. Аудан әкімінің аудандық мәслихат сессиясын­дағы қорытынды баяндама­сы­нан кейін мінберге көтерілген­дер аудан әкімінің жыл ішіндегі жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Жиында облыс әкімі Серік Үмбетов қорытынды сөз сөйлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың дана басшылығымен 20 жыл­да ғасырға пара-пар жұмыс­тар тындырылғанын, әлі де өр­ке­ниет көшіне бет алған қазақ­стан­дықтар бірлік пен ынтымақ­ты ту етіп, биылғы Жолдауды үл­кен өрлеу үстінде қарсы алып отырғанын атап көрсетті. Аудан әкімінің есебі халықтан қолдау тапқаны нәтижелі еңбектің көрі­нісі екенін айта келе, кейбір тұс­тарда арқауын ширата түсетін мәселелердің бар екенін көлде­нең тартты. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.

Мұнайсыз да мұңаймаған Махамбет

Өңірдегі мұнай-газ өнеркәсібі жоққа тән ауданның бірі –Махамбет. Жер астынан бұрқақша атқылап жатқан мол мұнайы болмаса да мұндағы тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен, көкөніс, бақша дақылдарын өсірумен  күн көреді. Махамбет тұрғындары «Мұнай беретін кеніштеріміз жоқ, жалақымыз аз» деп ешқашан мұңайған емес.   Керісінше,  ауыл шаруашылығы саласын дамытумен көш­тен қалмаудың үлгісін көрсетіп келеді. Аудан әкімі Өмірзақ Зинуллиннің ай­туынша, мұндағы негізгі сала – ауыл ша­руашылығында  ілгерілеушілік бар.  Төрт түліктің барлық түрі –11624 мүйізді ірі қара, 1426  жылқы, 26816  қой-ешкі және 1526 түйесі ауданда, сонымен бірге, егіс ал­қаптарының көлемі өсіп, жаңа технологиялар кеңінен енгізілуде. Соның нә­тижесінде былтыр 9533 тонна көкөніс, 2594 тонна бақша, 4473 тонна картоп өнім­дері алыныпты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнім­ділігін арттырып, өнім бағасын арзанда­туға бағытталған шығындардың 80 пайы­зы республикалық бюджеттен төлену­ші еді.     Алайда,   бұған өткен жылы өзгеріс ен­гізіліп, егіс науқаны қарсаңында оны 30 пайызға дейін азайту жөнінде шыққан бұйрық біраз қиындық туғызды. Облыс әкімі осы жағдайды оң шешу мақсатында бірнеше рет Сенат, Мәжіліс депутаттарына мәселе қойып, шаралар алу нәтижесінде “Атыраусушар” мекемесіне 80,3 миллион теңге қаржы берілді. Сондай-ақ, мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу де жолға қойылған. Мә­селен, «1 Мамыр»  ЖШС сүт  өнімдерін  өңдеу, оны  тетрапакеттерге  құю цехы, жы­лыжай,  «Қорған»  шаруа  қожалы­ғын­дағы шұжық, макарон, нан  шығару, мал сою, «Аймира» шаруа қожалығында тұш­пара, нан шығару цехтары  қалыпты  жұ­мыс  жасап  тұр. Ал «Раушан», «Салтанат», «Дастан», «АтырауАгроӨнімдері», «Рай­хан»  шаруа  қожалықтары   ауыл ша­руашы­лы­ғын­дағы  тың  бастамаларды  өз шаруа­шылықтарына  енгізуде. «Салтанат»  шаруа  қожалығы соңғы жылдары  көп­жыл­дық  жоңышқа  егуді қолға алып, оның көлемін 55 гектарға жеткізген. «Аты­рауАгро­Өнім­дері»  шаруа  қожалығы там­шы­латып суару  технологиясымен 145 гек­тарға алма, жүзім ағаштарын   өсіруде.  «Рай­хан»  шаруа  қожа­лығы да осы әдіс­пен өткен жылы 60  гек­тар  жерге картоп, бақша, көкөніс  дақылдарын  егіп,   400 шар­­шы  метр   жерге  жылыжай  тұр­ғызған. – Қазір ауданда    2  типтік,  7  толық  емес  типтегі  3650  тонналық  қойма бар. Бұл   қоймаларға 2010  жылғы өнімнен 2217 тонна  көкөніс, картоп  өнімдері  сақ­тауға қойылып, көктем  айларына  дейін жәрмеңкелерде  халыққа ұсынылады,  –деді аудан әкімі Өмірзақ Зинуллин халық алдындағы есеп беру жиынында. Әкімнің айтуынша, ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласы да қанат жаю­да. Мәселен, өткен жылы 1743 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі халыққа сан алуан қызмет көрсетіп, 920 миллион теңгенің өнімін өндірген. Кәсіпкерлік нысандарында 1919 адам жұмыс орнымен қамтылыпты. Бұл ауданда жұмыссыздық мәселесі толық шешілген деуге бола­тындай. Себебі, мұндағы жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайызды құрайды. «Жол картасы» шеңберінде  орта және жоғары кәсіби білім беретін оқу орын­дарын бітірген  жұмыссыз жастарды ең­бек­ке баулу мақсатымен  «Жастар тәжі­рибесіне»  96 жас маман жіберілді.  Жергілікті бюджет есебінен және  «Жол кар­та­сы» шеңберінде 449 адам 22 мамандық бойынша кәсіби даярлық  және қайта даяр­лау курстарында оқыды. Жыл сайын махамбеттік мектеп бітірушілер өз білімдерін дәлелдеп жүр. Былтыр 8 оқушы «Ал­тын  белгіге»,  3 оқушы “Үздік аттестатқа” ие болса, 126 мектеп бітіруші түлек 100 және одан артық балл жинады. Алайда, ауданда бала өлімінің орын алатыны жасырын емес. Былтыр 14 бала қайтыс болған. Осыған орай дәрігерлерге қойылар талап күшейтілуі тиіс.  Қылмыс­тың барлық түрі азайды дегенмен, өткен жылы 104 қылмыстық оқиға тіркелген. Әкім осы деректерді халықтан жасыр­ған жоқ. «Енді биылғы жылы осындай келеңсіздіктердің алдын алуға жұмыста­намыз», деді әкім. Ал аудан жұртшылығы бұрынғыдай тұрмыстық қиындық, әлеу­меттік ауыртпалықтар жайында шағым айт­пады. Себебі, бұл ауданда тұр­ғын­дардың 97 пайызы табиғи газ, 93 пайызы ауыз су желісімен қамтылыпты. Дегенмен, жұртты толғандыратын екі мәселе бар. Оның  бірі –Жайық өзенінің қос жағалауында орналасқан ауылдарды бір-бірімен жалғайтын көпірдің жоқтығы. Бұл, әсіресе, Ақжайық, Алға, Ортақшыл, Есбол ауылдарының тұрғындары үшін ең өзекті мәселе. Мұны Алға ауылында тұратын КСРО-ның халық мұғалімі Құ­сиын Айтқалиев орынды көтерді. «Біздің аудан орталығына қатынауымыз тіптен қиын. Жазда Жайықтан  қалтылдаған қайықпен өтуге тура келеді», деді ол. Расында солай. Қазір аталған ауылдар тұрғындары аудан орталығына Жайықтың үстіне қатқан мұзбен, не Атырау қаласы арқылы қатынауға мәжбүр. Көпірсіз Жайықтан өтудің қауіпті болатыны даусыз. Екінші мәселе – аталған 4 ауылға Атырау қаласынан қатынайтын жолдың жөнделмеуі. Бұл жол тек Махамбет ау­данының ауылдарына ғана, сонымен бірге, Индер ауданына да қатынайды. Сол себептен, жұртшылықтың көкейіндегі ортақ мәселені көтерген Құсиын Айтқалиевтың жа­найқайы орынды шешілер деп үміттенеміз. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.

Кестелік шара емес бұл

Ай бойы аттан түспей ел ішін аралаған әкімдердің есеп берулері өндірісті өңірде де аяқталып қалды. Кешегі күнге дейін аудандар мен қалалар басшылары жергілікті тұрғындармен 200-ден астам кездесу өткізді. Жылдың басты жиналысына қатысуға ынта жоғары екені байқалуда. Аймақтағы 9 аудан мен 9 қала әкімдері есебінің бірнешеуіне тоқталғанды жөн көрдік. Астананың іргесіндегі Нұра ауданы ең алдымен астықты өңір ретінде белгілі. Мұнда 30 мың гектарға дейін егін егетін шаруашылықтар аймақ экономикасының тізгінін ұстайды. Былтыр 9,6 миллиард теңге көлемінде өндірілген ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің басым бөлігі аталған өндіріс үлесіне тиеді. Бұл саладағы жаңа серпін мен сенім үлкен өзгерістерге үміт арттырады. Құланөтпес пен Құндызды, Нұра мен Есіл аралығында көсілген кең байтақ өл­кеде орын тепкен 23 ауылдық округ тұр­ғын­дарымен кездесуді Байтуған ауылынан бастаған аудан әкімі Серік ШАЙДАРОВ биылғы есеп беруді ертең Киевка кенті жұртшылығы алдында аяқтайды. Жалпы алғанда, ел ішін толғандырған мәселелер белгілі болғандықтан, олардың ретіне орай жиналғандар көзінше тікелей шешімі та­бы­луына дайындықпен келу – жұмыс­тың бір тәсілі. Мұның екі жаққа да әсері әрі тар­тымдылығы үлкен. Мұндай жайға, мәселен, Байтуғандағы жиналыстан мысал келтіруге болады. Оның маңындағы Жаңақұрылыс ауылы тұр­ғындарының телефон нүктелерін кө­бей­ту жөніндегі тілегі осы тоқсанда қана­ғат­тандырылатын болды. Нұра ауданы ауыл шаруашылығы кешенін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарла­ма­сы негізінде Байтуғанда 4 инвестициялық жоба іске асырылмақтығы кездесуге келушілерді қуантты. Майоров ауылындағы жи­ын­да мектеп үйін жөндеу туралы ай­тылған өтініштің алдағы күзге дейін орындалатындығына уәде берілді. Міне, ау­данда өткен есеп берулер жұртқа осы­лайша тартымдылығымен, ой-тілек­те­рінің көңілге түйілуімен, айтылған сөздің жерде қалмайтындығымен ерекшеленді. *** Жаңаарқа ауданы әкімі қызметіне өткен жылдың соңында кіріскен Сәкен ОСПАНОВ­ТЫҢ жерлестерімен кеңірек танысуына осы кездесулер сәті түскен шараға айналды деуге болады. Сондай жүздесулердің бірі Қы­зылжар стансасында өтті. Теміржолшылар атынан сөй­леушілер ортаға салғандай, кент­те күні бүгінге дейін аурухана жоқ. Ал жан-жақтан кен көздері ашылып, өндіріс ошақтарының ұлғаюына бай­ланысты қор­ша­ған орта ауасы мен суы бүлініп, тұр­ғылықты халық денсаулығына залал келтірілуде. «Бұған кейінгі кезде мекендестеріміз арасында сырқат түрлерінің өршіп оты­руы дәлел», деп Терекбай Құлжабаев ақсақал ашы­на айтқандай, аталған жәйт жұрт алаңдау­шылығын туғызып отыр. Кеніштер мал өрісін тарылтып барады, одан бұрқыраған шаң-тозаң дала өсімдіктерін басуда. Оңай пайдаға құны­ғушылардың жергілікті жұрт қамын аяққа таптауын тыяр­лық шара әзірге сезілмейді. Ал­дағы уақытта соған көңіл бөлініп, сондай-ақ Қы­зылжар стансасы мен Түгіскен ауылы тұр­ғындары үшін ортақ аурухана салыну қажеттігі тілге тиек етілді. Жедел ме­ди­циналық жәр­дем көлігі болуы керектігі де айтылды. Оның шешімін табуы енді жаңа әкімге сын. *** Мыс өндірісінің қара шаңырағы сана­ла­тын Қоңырат кенішінің ел игілігіне қызмет етіп келе жатқанына жетпіс жылдан асып барады.Іргетасы іргелес Балқаштан да бұ­рын қаланған аттас кент – өңірдегі алғаш­қы жұмысшылар мекені. Кен қоры азайып, жұмыс көлемі төмендегенімен, тыныс-тір­шілігі қалыпты. Өмір болған соң, түйткіл мәселелер де болмай тұрмайды. Бұған дейін қоңы­рат­тық­тарды ауыз су жайы қинап келіп еді. Шүкір, ол бүгінде бұрынғыдай өткір емес. Дегенмен, уақыт талап-талғамына сәйкес жаңа мәселелер бар. Бұлар туралы Балқаш қаласының әкімі Кәдіржан ТЕЙЛЯНОВПЕН кездесуде ке­ңінен айтылды. Соның ең түйіндісі – кентте азық-түлік сақталатын кешенді қойма са­лын­са деген тілектерге тоғысты. Сөйлеуші­лердің пікірінше, мұның өзі бағаның жөн-жосықсыз өсуіне тосқауыл болар еді. Әкім күн тәртібінде тұрғандығын мәлім етті. Қоңыратта жалпы білім беретін екі мектеп жұмыс істейді. Екеуі де іргетасы ертеде қаланған ғимараттарда орналасқан. Соған қарамастан, жөнделуі жыл сайын ұмытыла береді. Сондықтан бұл жәйт неге ескерілмейтіндігіне реніш білдірілді. Әкімнің жауап қайтаруы бойынша биыл осы мақсатқа әр мектепке 20 миллион теңгеден бөлінген. Мұны жиналғандар қуана қабылдады. *** Қарағанды қаласындағы Октябрь ау­даны­ның әкімі Сергей КАСИМОВТЫҢ есебі әрдайым қызу айтыс-пікірде өтеді. Онда әдетте сұрақ қоюшылар, ойларын ашық айтушылар аз болмайды. Аталған аудан аумағындағы қаланың Майқұдық ата­латын бөлігі ежелден мәселе тұнған аймақ. Соңғы жылдары өмірге енген үлкен өзге­рістердің одан әрі өрбуі тұрғындар тілегі. Есеп беру қарсаңында әкім аппараты жұртшылықтың сұрақ қойып, хабарласа алуына мүмкіндік жасап, арнайы телефон нөмірлерін қойды. Жиналғандарға алды­мен соған түскен сұрақтар бойынша тү­сінік­теме берілді. Есеп берудің мұндайлық әдіс-тәсілі, әрине көпшілікке ұнады. Суық судың тұрақты қамтамасыз етілмейтіндігі, автотұрақтардың шамадан тыс қаптап бара жатуы, балалар ойнайтын, үлкендер демалатын аулалардың азаюы, ба­ла­бақ­ша­лар­дың жетімсіздігі, экологиялық жағ­дайдың күрделене түсуі жан-жақтан жау­дыра ай­тылды. Былтыр да осынау жәйт­тер құлаққа жеткізілген еді, биыл да солайша қайта­ланды. Соған қа­рағанда, атқарыл­ған істер тыңғылықты бол­мағандығы аңғарылады. Ал бұл жолғы серт те сон­да­ғыдан айнымады. Берілген екен, орын­дал­ғаны тәуір-ақ еді, әрине. Аудандық әкімдік­тен тағы да соны күтіп тарқады жиналғандар. Әкімдердің есеп берулері кестелік шара болып қалмауы керек деп біледі жұрт. Одан шығарылған қорытынды жыл бойында жұмыс бағыты болуы қажет деп түсініледі. Соны тілейді, соны қалайды көпшілік. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы.